Қазіргі таңда еңбек қатынастарындағы құқықтық сауаттылықты арттыру мен жұмыскерлердің мүддесін қорғау – заман талабына сай жаңа серпін алып келеді. Осы орайда, еңбек ұжымдарының белсенділігін арттырып, заңнамалық жаңалықтарды дер кезінде түсіндіру мақсатында кәсіподақ ұйымдары кешенді ағартушылық шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының табысты жүзеге асып келе жатқан білім беру жобаларының бірі – «Білім беру марафоны». Бұл жоба еліміздің барлық өңіріндегі кәсіподақ белсенділері мен мамандарының кәсіби білімін жетілдіруге, құқықтық сауаттылығын арттыруға және тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп келеді.
Кезекті онлайн оқытуға кәсіподақ белсенділері мен мамандары қатысты.
Семинарды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова ашып, кәсіподақ қызметіндегі үздіксіз білім алудың маңыздылығына тоқталды. Ол мұндай оқыту алаңдары кәсіподақ өкілдерінің кәсіби құзыретін арттырып, еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелерді терең түсінуге ықпал ететінін атап өтті.
Кезекті дәрісті ҚР Кәсіподақтар федерациясының дәріскері Майра Боранбаева жүргізді. Дәрістің тақырыбы – «Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне заңнамалық актілермен енгізілген толықтырулар мен өзгерістер».
Дәріс барысында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген жаңашылдықтар жан-жақты қарастырылды. Өзгерістер мен толықтырулар тиісті баптар бойынша түсіндіріліп, олардың еңбек қатынастарын реттеудегі маңызы, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін көзделген құқықтар мен міндеттер, сондай-ақ жаңа нормаларды іс жүзінде қолдану мәселелері талқыланды.
Дәріскер заңнамалық жаңалықтарды түсіндірумен қатар, олардың тәжірибеде қолданылу ерекшеліктеріне де назар аударды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты еңбек жағдайларына қатысты пікір алмасты. Сұрақтар бойынша түсіндірмелер беріліп, өзекті мәселелер ортақ талқылауға салынды.
«Білім беру марафоны» – кәсіподақ өкілдерінің білімін үздіксіз жетілдіруге, құқықтық сауаттылығын арттыруға және тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған маңызды білім беру алаңы. Кәсіподақтар федерациясының бұл жобасы өңірлердегі кәсіподақ белсенділерін ортақ оқыту кеңістігіне біріктіріп, білім мен тәжірибе алмасуды жалғастырып келеді.












Comments