Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарындағы кадр саясатын жетілдіру, басқарушылық құрамды білікті де тәжірибелі мамандармен толықтыру – білім беру саласының сапасын жаңа белеске көтерудің басты кепілі болып табылады. Бұл ретте кадрлық іріктеу процесінің ашықтығын, заңдылығын және әділдігін қамтамасыз етуде қоғамдық бақылау тетіктерінің, оның ішінде кәсіподақ ұйымдары өкілдерінің белсенді қатысуы ерекше орын алады.
«YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының құрамындағы Жол-көлік колледжінде «директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары» ваканттық бос лауазымына үміткерді іріктеу бойынша конкурстық комиссияның отырысы өтті. Іс-шара білім беру саласындағы бекітілген нормативтік қағидалардың талаптарын қатаң сақтай отырып ұйымдастырылды.
Бұл маңызды кадрлық іріктеу шарасының әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етуде комиссия құрамына енген кәсіподақ өкілдерінің қатысуы ерекше рөл атқарды. Атап айтқанда, отырысқа «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасының орынбасары Ермек Ерғалиұлы Қаңлыбаевтың қатысуы еңбек қатынастарының әділдігі мен заңдылығын қадағалаудың маңызды көрсеткіші болды. Комиссия құрамында кәсіподақ өкілінің болуы кадр саясатындағы ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, үміткерлердің еңбек құқықтарының сақталуына, әрбір үміткерге тең мүмкіндік берілуіне және шешім қабылдау процесінің объективті өтуіне кепілдік беретін қоғамдық-әлеуметтік бақылаудың пәрменді тетігі екенін айғақтайды.
Сондай-ақ комиссия жұмысына Шымкент қаласы білім басқармасының ТжКБ бөлімінің басшысы Айгүл Рустемова, «Әділет» партиясы Шымкент қаласы Тұран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев (комиссия мүшелерінің бірауыздан шешімімен комиссия төрағасы болып сайланды), сондай-ақ қаладағы жетекші колледждердің басшы орынбасарлары Айгүл Альсейтова, Сұлухия Нуртазина және Зуфар Шамшиметов қатысты.
Отырыс барысында комиссия мүшелері бос лауазымға құжат тапсырған үміткер Айнұр Әбдіхалықованың кәсіби жетістіктері мен құжаттарын жан-жақты зерделеді. Комиссия жұмысының талапшылдығын көрсете отырып, құжаттар ережеге сай қатаң сүзгіден өткізілді.
Комиссия мүшелері үміткердің білім беру саласындағы мол еңбек өтіліне, бұған дейін әдіскер және тәрбие ісі жөніндегі орынбасар лауазымдарында жинақтаған басқарушылық тәжірибесіне, оқу-әдістемелік процесті ұйымдастыру қабілетіне жоғары баға берді. Комиссия мүшелерінің бірауыздан қолдауымен Айнұр Әбдіхалықова Жол-көлік колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындауға ұсынылды.
Кәсіподақ ұйымдары мен әлеуметтік әріптестердің қатысуымен өткен бұл ашық конкурс білім беру саласындағы кадр саясатының әділдік, ашықтық және жариялылық қағидаттарына негізделгенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл қадам колледждің болашақ дамуына және білім беру сапасын арттыруға оң ықпал етеді.












Comments