Жаңалықтар

 ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА: ҰСТАЗДЫҚҚА АРНАЛҒАН БІР ҒҰМЫР

Адам өміріндегі ең маңызды да қасиетті мамандықтардың бірі – ұстаздық. Өйткені әрбір жастың болашағына бағыт беріп, қоғамға адал азамат тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін бейнеті мол жол. Осындай ұлағатты жолға саналы ғұмырын арнап, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берген №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының ардақты ұстазы Балтаева Гүлнар Арапбайқызы биыл мерейлі зейнеткерлік жасқа толып отыр.

Гүлнар Арапбайқызы Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысында дүниеге келген. Оның өмір жолы мен мамандыққа деген адалдығы отбасынан бастау алады. Әкесі география пәнінің, ал анасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған ұлағатты ұстаздар отбасында тәрбиеленді. Білім мен тәрбиеге ерекше мән берілген ортада өсуі оның болашақ мамандығын жүрек қалауымен таңдауына берік негіз болды.

Алғашқы білім нәрін туған жеріндегі №20 Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептен алған ол, аталған білім ордасын табысты тәмамдаған соң Низами атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты.

Еңбек жолын өзі түлеп ұшқан қарашаңырағынан бастап, кейіннен Мырзашөл ауданындағы №15 Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте ұзақ жылдар табандылықпен қызмет етті.

Кейіннен отбасымен бірге Шымкент қаласына көшіп келіп, №83 орта мектепте орыс сыныптарына қазақ тілі пәнінен сабақ беріп, шәкірттерге ана тілінің қыр-сырын үйретті. Ал Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясына жұмысқа қабылданып, осы білім ордасында зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін абыройлы әрі жемісті еңбек етті.

Гүлнар Арапбайқызы үшін ұстаздық ету – тек сабақ берумен шектелмейтін, әрбір баланың бойындағы адалдық, адамгершілік және білімге деген құштарлық сияқты асыл қасиеттерді шыңдайтын ұлы миссия болды. Оның жылдар бойы жинақтаған бай педагогикалық тәжірибесі мен әр оқушының жүрегіне жол таба білу шеберлігі мектеп ұжымы үшін де, жас мамандар үшін өнегелі мектепке айналды.

Саналы ғұмырын білім беру саласына, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге арнаған ардақты ұстаздың еңбегі – кейінгі буынға үлгі боларлық өнегелі мектеп. Адал еңбектің қадірін біліп, шәкірттерін өз баласындай ардақтаған Гүлнар Арапбайқызының есімі әріптестері мен жүздеген түлектерінің жүрегінде әрқашан құрметті.

Мерейлі зейнет жасына қадам басқан ұстазға мықты денсаулық, отбасына береке мен мол бақыт тілейміз!

 «АРХИВ. ҰЛТТЫҚ САНА. БОЛАШАҚ ҰРПАҚ»: ШЫМКЕНТТЕ ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ОҚУ-ЛЕКЦИЯ ӨТТІ

Алдыңғы

ӘДІЛДІК ПЕН АШЫҚТЫҚ – БІЛІМ САПАСЫНЫҢ КЕПІЛІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *