Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-өлкетану кітапханасында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталиннің қаланың мәдениет және спорт саласы қызметкерлерімен кездесуі өтті. Еңбек ұжымдарымен ашық диалог форматында ұйымдастырылған бұл жиынға кітапханашылар, музей қызметкерлері, театр артистері, жаттықтырушылар мен спорт кешендерінің мамандары қатысты. Басқосудың негізгі арқауын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» бағытындағы идеологиялық бастамалары мен елді дамытудың жаңа стратегиялық міндеттері құрады.
Кездесуде бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, еңбек жағдайын жақсарту, мәдениет пен спорт нысандарының инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жаңғырту және цифрландыру дәуіріндегі мамандардың құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды. Өз сөзінде С.Дәулеталин қоғам мен мемлекеттің негізгі тірегі – күнделікті өз ісіне адал қарапайым еңбек адамдары екенін ерекше атап өтті.
«Кез келген елдің өркендеуі мен гүлденуі ең алдымен оның азаматтарының еңбексүйгіштігіне, кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Қазақстанның болашағы материалдық байлықпен емес, миллиондаған адамдардың күнделікті маңдай терімен, адал қызметімен қаланады. Дүниеде ешқандай қаржымен өлшенбейтін басты құндылық – бұл адамдар арасындағы өзара сенім, сыйластық және еңбекке деген құрмет. Мәдениет пен спорт саласының мамандары ұлттың рухани саулығын сақтап, жас ұрпақты отаншылдық пен еңбекқорлыққа баулуда орасан зор рөл атқарады. Сондықтан әрбір қызметкердің еңбегі лайықты бағаланып, әлеуметтік жағынан толық қорғалуы тиіс», – деді ҚРКФ төрағасы.
Сонымен қатар жиында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіподақ ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы әлеуметтік серіктестікті нығайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Цифрландыру процестерінің қарқын алуына байланысты мамандардың біліктілігін арттыру және жаңа технологиялар дәуірінде еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу тетіктері сөз болды.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған өзекті сауалдарын қойып, әлеуметтік-еңбек саласын одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді. Сатыбалды Дәулеталин айтылған барлық бастамалар Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан Халық кеңесінің жұмыс жоспарларында ескерілетінін жеткізді.












Comments