«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, шәкірт санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, өнердің қыр-сырын үйретіп жүрген жандардың еңбегі әрдайым қоғамның ерекше құрметіне лайық. Қоғамда еңбек культін қалыптастыру, жас ұрпақты жастайынан адал маңдай терді бағалауға және ұлттық қолөнерді меңгеруге баулу – ел болашағының берік негізі. Мұндай өнегелі де жауапты миссияны абыроймен атқарып келе жатқан бірегей тұлғалардың бірі – «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының құрамындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі Агибаев Қыдырали Бектұрғанұлы.
Қыдырали Бектұрғанұлы – педагогикалық жолында талай жастың қанатын қатайтып, шеберлікке баулып жүрген білікті маман. Жалпы еңбек өтілі 27 жылды құрайтын тәжірибелі ұстаздың аталған білім ордасында қызмет етіп келе жатқанына 13 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол өз ісіне деген шексіз жауапкершілігімен, ізденімпаздығымен әріптестері мен оқушыларының арасында үлкен абыройға ие болды. Ұстаздың басты ерекшелігі – оқушыларға ағаш өңдеу өнерінің сырларын үйретіп, ата-бабадан қалған салт-дәстүрді жаңғыртуында.
«Шынайы еңбек адамы – тек өз ісінің шебері ғана емес, ол артынан ерген жастарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер. Жас буынды масылдық көңіл-күйден арылтып, өз қолымен өнім жасауға, шеберлікке ұмтылдыру – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің басты кепілі. Адал еңбек қашан да жоғары бағаланады.»
Қыдырали Бектұрғанұлы шәкірттерімен бірлесіп жасаған «Алып глобус», «Тайқазан», «Ағаштан жасалған жылқы» сияқты туындылары мектеп мұражайының көркіне айналды. Ұстаздың шәкірттері республикалық қолөнер байқауларында Бас жүлделерді иеленіп, ұстаз үмітін ақтауда.
Ұлағатты ұстаздың қажырлы еңбегі мемлекет және кәсіподақ тарапынан жоғары бағаланып келеді. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен (2014 ж.), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2015 ж.), «Ұлағатты ұстаз» (2017 ж.) және «Адал еңбегі үшін» (2022 ж.) төсбелгілерімен марапатталған.
Осындай ұстаздардың арқасында елімізде адал еңбек пен ұлттық қолөнерге деген сүйіспеншілік арта бермек. Шәкірттеріне ұлттық өнерді үйретіп, адал еңбекпен биіктерге жетудің жолын көрсетіп жүрген ұлағатты ұстаздың еңбегі қай уақытта да елге үлгі-өнеге.













Comments