«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, шәкірт санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, өнердің қыр-сырын үйретіп жүрген жанның бірі — «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының құрамындағы № 90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі Агибаев Қыдырали Бектұрғанұлы.
Қыдырали Бектұрғанұлы — педагогикалық жолында талай жастың қанатын қатайтып, еңбекке баулып жүрген білікті маман. Жалпы еңбек өтілі 27 жылды құрайтын тәжірибелі ұстаздың ұжымда қызмет етіп келе жатқанына да 13 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде ол өз ісіне деген шексіз жауапкершілігімен, ізденімпаздығымен әріптестері мен оқушыларының арасында үлкен құрметке ие болды. Ұстаздың басты ерекшелігі — жас ұрпаққа тек теориялық білім беріп қана қоймай, ата-бабадан қалған салт-дәстүрді, ұлттық қолөнерді жаңғыртуға баса назар аударуында. Ол оқушыларға ағаш өңдеу өнерінің сырларын үйретіп, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауда талмай еңбек етіп келеді.
Қыдырали Бектұрғанұлы шәкірттерімен бірлесіп атқарған игі істері мен қолөнер туындылары көпшіліктің таңданысын тудырады. Олардың қолынан шыққан «Алып глобус», «Тайқазан», «Ағаштан жасалған жылқы» және басқа да ұлттық бұйымдар ерекше шеберлікпен жасалған. Қазіргі таңда бұл бірегей туындылар мектеп мұражайынан ойып орын алып, келушілердің көз қуанышына айналып отыр. Бұл ретте ұстаздың шәкірттері түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда топ жарып жүргенін атап өткен жөн. Мәселен, оның шәкірті Абай атындағы Республикалық мектеп-интернатына арналған «Елімнің 30 ғажайып ғимараты» атты республикалық қолөнер байқауында Бас жүлдені жеңіп алып, ұстаздың еңбегін ақтай түсті.
Ұлағатты ұстаздың саналы ғұмырындағы педагогикалық ізденістері мен шәкірт тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегі әрдайым жоғары бағаланып келеді. Оның жылдар бойы атқарған қажырлы еңбегі салалық және мемлекеттік марапаттармен атап өтілді. Атап айтқанда, 2014 жылы Қазақстан Республикасы Оңтүстік Қазақстан облысының «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2015 жылы білім беру жүйесін жетілдіру, сапасын арттыру жолындағы елеулі үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ 2017 жылы «Шымкент қаласы білім, спорт және бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісін иеленсе, 2022 жылы жемісті еңбегі мен кәсібилігі үшін «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Қыдырали Бектұрғанұлы сияқты өз ісіне берілген, шәкірттерінің жүрегіне адамгершілік пен еңбекқорлық дәнін себіп жүрген ұстаздардың еңбегі қашан да қадірлі.
Шәкірттеріне ұлттық өнерді үйретіп, өнегелі жол көрсетіп отырған ұлағатты ұстаздың еңбегі алдағы уақытта да талай биік белестерді бағындыра берері анық.











Comments