Жаңалықтар

САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ: ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПОДАҚТАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТУДЕ

Қоғамда еңбек культін қалыптастыру, өз мамандығына адал жандардың беделін көтеру және әлеуметтік әріптестікті нығайту – кәсіподақ қозғалысының басты міндеттерінің бірі. Жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін 10 қазан – Қазақстан Республикасының Кәсіподақтары күні қарсаңында Шымкент қаласында еңбек адамдарын ұлықтаған, олардың қоғамдағы орны мен қажырлы еңбегін жоғары бағалаған игі шаралар легі белсенді жалғасып келеді.

Осындай қуанышты әрі салтанатты сәтте «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев Қазақстан Республикасы мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелерін арнайы құттықтады.

Өнер мен мәдениеттің, бұқаралық ақпарат құралдары мен спорт саласының өркендеуіне, елдің рухани дамуына үзбей үлес қосып жүрген жандардың қажырлы еңбегі бұл күні лайықты бағаланып, ізгі тілектер ағылып төгілді. Жиында сөз алған Бауыржан Ілімшаұлы еңбек адамдарының құқығын қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау және ұжымдағы береке-бірлікті сақтау жолындағы кәсіподақ ұйымдарының маңызды рөліне ерекше тоқталды.

«Елдің өркендеуі мен қоғамның рухани тұрақтылығы ең алдымен өз ісіне адал, маңдай терімен адал нәпақа табатын қарапайым еңбек адамдарының қолында. Әсіресе мәдениет, спорт және бұқаралық ақпарат саласының өкілдері қоғамдық сананы қалыптастырып, еңбексүйгіштік пен отансүйгіштікті дәріптейді. Мұндай мамандарға құрмет көрсету – масылдық көңіл-күйден арылып, адал еңбек культін берік орнықтырудың басты кепілі.»

Салтанатты шараның көркін кіргізген ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Руслан Байғаниұлы Шеримов те әріптестерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтады. Ол сала қызметкерлерінің әрбір жетістігі мен күнделікті тынымсыз еңбегі қоғамның рухани байлығы мен тұрақтылығының берік негізі екенін атап өтті.

Мерекелік атмосфераға толы басқосу барысында өз ісіне адалдық танытып, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан бірқатар белсенді кәсіподақ мүшелеріне арнайы марапаттар мен Алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар күн сайын жауапты саланың өркендеуіне үлес қосып жүрген мамандарға ерекше шабыт сыйлап, мерекенің маңызын айшықтай түсті.

Тәулік бойы қайнаған еңбек пен шығармашылық ізденісті тоғыстырған бұл басқосу қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, естелік суретке түсумен және жылы лебіздерге толы сұхбаттармен қорытындыланды.

Кәсіподақ мүшелері де өз кезегінде көрсетілген зор құрмет пен қолдау үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да бірлескен жұмыстың сапасын арттыруға және еңбек адамдарының мүддесін қорғауға уағдаласты.

ШЫМКЕНТТЕГІ САБЫР РАХЫМОВ АТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ КОЛЛЕДЖДЕ АЛҒАШ РЕТ ӘСКЕРИ АНТ ҚАБЫЛДАУ РӘСІМІ ӨТТІ

Алдыңғы

ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА ҚҰРМЕТ: ШЫМКЕНТТЕ «KAMEYA PHARM GROUP» ҰЖЫМЫ КӘСІПОДАҚ КҮНІН АТАП ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *