Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың бойында еңбекқорлық, отаншылдық, жауапкершілік пен адалдық қасиеттерін дарыту – зерделі әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың негізгі шарты екенін үнемі атап өтеді. Осы орайда Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында оқушылардың бойында еңбекқорлық, адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру мақсатында «Адал еңбек» тақырыбында сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Мемлекеттік деңгейдегі «Еңбек адамы» идеологиясы мен «Адал азамат» тұжырымдамасын мектеп оқушыларының шығармашылық ізденісімен ұштастырған бұл шара мектептегі жүйелі тәрбие жұмысының айқын көрінісі болып табылады. Көрмеде оқушылар өз шығармалары арқылы түрлі мамандық иелерінің күнделікті маңдай тер еңбегін, еңбек адамына деген шынайы құрметін және адал еңбектің қоғам дамуындағы маңызын бейнеледі. Жас дарындардың әрбір салған суретінде масылдық немесе патерналистік көңіл-күйден арылып, өз күшіне, адал еңбегіне және кәсіби шеберлікке сүйенетін саналы азаматтың көзқарасы айқын байқалады.
Оқушылардың өнер арқылы қарапайым жұмысшылар мен түрлі мамандық иелерінің еңбегін тануы – олардың ерте кәсіби бағдар алуына, еңбексүйгіштікке баулуға және ішкі тәртіпті қалыптастыруға зор мүмкіндік береді. Мектеп қабырғасынан бастап адал еңбекпен келген табыстың абыройлы екенін ұғынған бала өсе келе өз ісіне жауапты, қоғамға нақты пайдасын тигізетін нағыз Адал азаматқа айналады. Мұндай тәрбиелік жұмыстар оқушыларды оңай олжа немесе дайын нәтиже күтуден сақтандырып, әр жетістіктің артында үлкен еңбек тұрғанын түсіндіреді.
Сонымен қатар, бұл көрме ұстаздар мен тәрбиешілердің оқушыларды дербес ойлауға, шынайы еңбек иелерін құрметтеуге және шығармашылық ізденіске баулудағы тынымсыз кәсіби еңбегін көрсетеді. Ұстаздың бағыт-бағдары мен баланың ынтасы тоғысқан бұл алаң мектептегі тәрбие сапасын жаңа деңгейге көтеріп, заң мен тәртіпке негізделген саналы орта қалыптастырады.
«Адал еңбек – абырой негізі, еңбекқор ұрпақ – ел болашағы!» деген негізгі ұстанымды ту еткен мектеп ұжымы алдағы уақытта да оқушылар арасында еңбек адамын дәріптейтін игі бастамаларды жүйелі жалғастыра бермек. Мұндай нәтижелі жұмыстар еліміздің ертеңі үшін адал қызмет ететін еңбекқор азаматтарды тәрбиелеуге берік негіз қалайды.












Comments