Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың денсаулығын нығайтуда фармацевтика және өндіріс саласы қызметкерлерінің сүбелі үлесі бар. Әрбір фармацевт пен өндірістің қарапайым маманы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, халықты сапалы дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуде тынымсыз еңбек етіп келеді. Қоғамда еңбек культін қалыптастыру және осындай қарапайым еңбек адамдарын ардақтау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.
10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күні қарсаңында «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Kameya Pharm Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек адамын ұлықтаған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға «Әділет» партиясы Шымкент қаласы Қаратау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Данияр Омаров пен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев арнайы барып, өндіріс ұжымын алдағы кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Жиын барысында сөз алған кәсіподақ көшбасшылары кәсіпорындағы әлеуметтік әріптестік, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау мәселелеріне кеңінен тоқталды.
«Бүгінгі таңда еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру – басты міндет. Адал маңдай терімен нәпақа тауып, өндірісті өрге сүйреп жүрген әрбір қызметкердің еңбегі лайықты түрде бағалануы тиіс. Осындай қолдау мен ардақтау шаралары жастар арасында еңбексүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, масылдық көңіл-күйден арылуға үлкен септігін тигізеді.»
Бүгінгі таңда «Kameya Pharm Group» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының құрамында 149 кәсіподақ мүшесі жұмыс істейді. Олар еңбек ұжымының әлеуметтік-қоғамдық өміріне, өндірістік мәдениетті арттыруға және ұжымдық шарт талаптарын орындауға белсене атсалысып келеді.
Салтанатты шара барысында өз ісіне адалдығы, жоғары жауапкершілігі мен белсенділігі үшін бірқатар үздік қызметкерлер арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Лаура Берікқызы Темірбек, Гульбахар Кошкаровна Исанкулова, Динара Әділханқызы Есенқабылова, Әлия Нұрғисақызы Пірімжан және Гүлхат Нұрхатқызы Абилова «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Б. Алтеевтің атынан арнайы Алғыс хаттармен марапатталып, зор құрметке бөленді.
Мерекелік басқосу соңында еңбек ұжымы көрсетілген қолдау мен құрмет үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да ел игілігі мен өндіріс дамуы жолында адал еңбек ете беретіндерін жеткізді.












Comments