ӘлеуметДенсаулықЖаңалықтарҚоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КОНГО-ҚЫРЫМ ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРАҚТЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Түркістан облысы әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) эпидемиологиялық ахуалы, аурудың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты қаралды. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов төрағалық етті.
Кеңес барысында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Денсаулық сақтау басқармасы, Ветеринария басқармасы және өзге де жауапты мекемелердің басшылары баяндама жасап, өңірде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың нәтижелері мен алдағы міндеттерді талқылады.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің айтуынша, медицина ұйымдары аса қауіпті инфекцияларға, оның ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті науқастарды дер кезінде анықтау, диагностикалау және емдеу бойынша толық дайындықта жұмыс жүргізіп жатыр.
Өңірдің барлық медициналық ұйымдарында дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Биыл КҚГҚ, сібір жарасы, оба және тырысқақ сияқты аса қауіпті инфекциялар бойынша жүздеген семинар ұйымдастырылып, медицина қызметкері оқытылды.
Денсаулық сақтау ұйымдарында қажетті дәрілік препараттар мен жеке қорғаныш құралдарының жеткілікті қоры жасақталған. Медициналық мекемелерде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын емдеуде қолданылатын «Рибавирин» препараты, қорғаныш киімдері, бетперделер, респираторлар, медициналық қолғаптар және антисептикалық құралдар жеткілікті көлемде сақталуда. Облыс бойынша жұқпалы ауруларға арналған төсек-орын қоры да толық дайындыққа келтірілген.
Үйлестіру кеңесінде КҚГҚ-ның алдын алуда медицина саласы ғана емес, ветеринария, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет және жергілікті атқарушы органдардың өзара үйлесімді жұмысының маңызы ерекше екені атап өтілді. Осыған байланысты аудан, қала әкімдіктеріне елді мекендердегі санитарлық-ағарту жұмыстарын күшейту, қора-жайлар мен ауыл шаруашылығы жануарларын жоспарлы залалсыздандыруды сапалы ұйымдастыру, кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының тиімділігіне тұрақты бақылау жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар шілде айынан бастап кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының екінші кезеңін уақтылы өткізу, ауыл шаруашылығы жануарларын толық қамту, арнайы тоғыту және бүрку алаңдарының жұмысын ұйымдастыру, дәрі-дәрмек пен қажетті материалдардың уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету міндеттері белгіленді.
Кеңес қорытындысында жауапты мекемелерге халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, медицина қызметкерлерінің кәсіби даярлығын тұрақты жетілдіру, күдікті жағдайларды ерте анықтау және зертханалық тексерулерді уақтылы жүргізу бағытындағы жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.
Мамандар тұрғындарды табиғат аясында, мал қораларында немесе жайылымдық жерлерде болған кезде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Денеге кене жабысқан жағдайда оны өздігінен жаншып немесе жұлмай, мүмкіндігінше медициналық ұйымға жүгіну қажет. Ал дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, бас ауруы немесе өзге де белгілер байқалған жағдайда уақыт оздырмай дәрігердің көмегіне жүгіну керек.

ЖЕТІСАЙДА ПРОБАЦИЯ ЕСЕБІНДЕГІ АЗАМАТТАРҒА КӨРСЕТІЛГЕН ӘЛЕУМЕТТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *