ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ПРЕЗИДЕНТКЕ ДЕГЕН СЕНІМ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ КҮЙІНДЕ САҚТАЛУДА

2026 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) тапсырысы бойынша жүргізілген қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, ел Президентіне деген сенім деңгейі 86,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып, қоғамның елді жаңғырту мен дамыту бағытын қолдайтынын аңғартады.

Президентке деген ең жоғары сенім жастар арасында байқалды – 91,4%. Сарапшылар мұны жас буынның мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктерді белсенді пайдалануымен байланыстырады. Атап айтқанда, білім гранттары, түрлі қолдау бағдарламалары, цифрлық қызметтер мен әлеуметтік бастамалар жастардың мемлекетке деген оң көзқарасын қалыптастыруға ықпал етуде. Сонымен қатар, қазіргі жастар елдің қарқынды даму кезеңінде қалыптасқан буын ретінде ерекшеленеді.

Сауалнама нәтижелері қала тұрғындары (86,9%) мен ауыл халқы (86,7%) арасында да Президентке деген сенім деңгейі жоғары екенін көрсетті. Дегенмен, сенімнің қалыптасу себептері әртүрлі. Ауыл тұрғындары мемлекетпен инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік бағдарламалар және түрлі төлемдер арқылы тікелей байланысса, қала халқы көбіне жүйелі реформалар мен өзгерістердің нәтижесіне назар аударады.

Ерлер мен әйелдер арасында да Президентке деген сенім жоғары деңгейде. Соның ішінде әйелдердің сенім көрсеткіші ер азаматтармен салыстырғанда 3,8 пайыздық тармаққа жоғары болды.

Білім деңгейіне қатысты жүргізілген талдау айтарлықтай айырмашылықтарды анықтаған жоқ. Президентке деген қолдау барлық білім санаттарында бірдей жоғары деңгейде сақталған.

Зерттеу деректеріне сәйкес, азаматтардың сатып алу қабілеті артқан сайын Президентке деген сенім деңгейі де өсе түседі. Бұл халықтың экономикалық жағдайға берген оң бағасы мен мемлекеттік саясатты қолдауы арасында өзара байланыс бар екенін көрсетеді.

Жалпы алғанда, сауалнама нәтижелері Президентке деген сенімнің тұрақты сипатқа ие екенін көрсетті. Бұл көрсеткіш білім деңгейіне тәуелді емес, қала мен ауыл арасында айтарлықтай өзгермейді және барлық жас санаттарында сақталып отыр. Осылайша, қоғамның елдің даму бағытына жүйелі қолдау білдіретіні байқалады.

*Әлеуметтік сауалнама 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілді. Зерттеуге 8 000 респондент қатысты. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының 18 жастан асқан тұрғындары қатысқан.

Әскери қызметшілер Отбасы күнін шаттыққа толы пикникпен атап өтті

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *