Жалпы, өзгені қайдам өз басым желмен жарысатын жылқыны өте жақсы көремін. Мен үшін тұлпар еркіндіктің, ұлттық рух пен дәстүрдің көрінісі. Биыл — жылқы жылы. Байқасаңыздар, жылдың алғашқы айы буырқана бастамалармен басталды десе болғандай. 20 қаңтардағы Қызылордадағы Құрылтайда өзекті мәселелер сөз етілді. Онан кейін Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірнеше отырысы өтіп, онда түрлі ұсыныстар пысықталды. Енді міне бүгін Конституцияның жаңа жобасы ұсынылып отыруы жылқы жылына тән қимыл-қозғалыстың көрінісіндей көрінеді.
Сонымен, Қазақстанда Конституцияның бірінші жобасы жарияланды. Құжат қоғамдық талқылауға ұсынылды. Бұл кезеңде басты міндет — қолдау не қарсы шығудан бұрын, оның қарапайым адамға, яғни бізге не беретінін түсініп алуға ұмтылайық.
Бұл жоба түпкілікті нұсқа емес, қоғам талқылауына ұсынылған алғашқы жобасы.Талқылау нәтижесінде азаматтар мен сарапшылардың ұсыныс-пікірлері жинақталып, соның негізінде жекелеген баптарға өзгерістер енгізіледі.
Конституция — барлық мәселе бойынша бағыт беретін негізгі ереже. Нақты тетіктер кейін заңдар арқылы іске асады.
СОНЫМЕН, Ата Заңның жаңа жобасы преамбула, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады.
ХАЛЫҚТЫҢ РӨЛІ ТУРАЛЫ
Жобада халық биліктің қайнар көзі ретінде айқынырақ көрсетілді. Референдум мен қоғамдық қатысу институттарына мән берілген. Бұл әр азаматтың дауысы формалды емес, саяси шешімге әсер етуі тиіс деген ұстаным. Бірақ бұл тетіктердің қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні азаматтық белсенділік пен кейінгі заңдарға байланысты.
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫ
Сөз айту, пікір білдіру, ақпарат алу, құқықтық қорғану мәселелері нақтыланған. Алайда кез келген құқықтың маңызы оны қорғайтын сот жүйесі мен құқықты қолдану тәжірибесінде.
БИЛІК ТАРМАҚТАРЫ
Парламент, Үкімет, Президент арасындағы өкілеттіктер қайта қаралған. Мақсат — бір орталыққа шамадан тыс билік шоғырландырмау. Теориялық тұрғыдан қарағанда, бұл жауапкершілікті арттыруы тиіс. Ал практикада оның нәтижесін саяси мәдениет пен институционалдық жұмыс көрсетеді.
ЖЕРГІЛІКТІ БАСҚАРУ МӘСЕЛЕСІ
Өңірлер мен мәслихаттардың рөлі күшейтіледі делінген. Жергілікті мәселелерді жергілікті жерде шешу қағидатын нығайтуға бағытталған. Бірақ оны өмірде пайдалану үшін салалық заңдарда көрініс табуы мүмкін. Олай болмаса, бұл өзгерістер формалды деңгейде қалуы мүмкін.
Соттың тәуелсіздігі, заң үстемдігі, азаматтың өз құқығын қорғау мүмкіндігі, осының бәрі қамтылған.
Қорытындылай келгенде, бұл соңғы шешім емес. Бұл қоғамға ұсынылған жоба. Сондықтан бүгінгі
ұсынылып отырған өзгерістер азаматтың құқығын нақты күшейте ме, әлде қағидат деңгейінде қала ма? Осыны талқылау — тек саясаткерлердің емес, қоғамның да міндеті.
Ендеше, сіз үшін қай тұсы маңызды?
Қандай сұрақтар әлі ашық деп ойлайсыз?
Базаркүл ҚАЛБЫР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі












Comments