Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы Темірланда руханияттың қарашаңырағына айналған «Ордабасы оттары» газетінің 90 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өтті.
Газет жылдар бойы әдебиет пен мәдениеттің жаршысы болып, талай талантты қаламгерлерді қанаттандырды. Әсіресе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, аудармашы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бірнеше медаль мен орденнің иегері, ұзақ жыл редакторлық еткен Нармахан Бегалыұлы бастаған бір топ қаламгер – Захардин Қыстаубаев, Слам Нұрмағанбетұлы, Тұңғышбай Төрегелдиев және фантаст-жазушы Сарманбай Исақов осы басылымда еңбек етіп, кәсіби жолдарын осы жерден бастаған. Олар бұл күнде журналистиканың ардагерлері әрі Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері. Әдебиетке де үлестерін қосып, руханияттың дамуына еңбек сіңіріп келеді.Мерекелік шарада осы қаламгерлермен қатар, газеттің әр кезеңінде еңбек еткен журналистер мен қызметкерлер – Дидар Бегалиев, Әсет Әссанди, Асқар Омарханов, Гүлайна Өтеева, Жібек Оңғарбайқызы, Гүлнар Сұлтан, Галипа Кайдарова, Гүлмира Елбасиева, Нұржамал Қайратқызы, Ләйла Жұманазар және фототілші Орынбай Үндемесов аудан әкімінің, аудандық мәслихат хатшысының, Түркістан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының, облыстық қаржы басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ал ең үлкен марапат – «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы – көп жылдан бері басылымға адал еңбек сіңіріп келе жатқан Нұридін Шәмшіұлына табысталды. Бұл – шынайы еңбектің лайықты бағалануы.
Мұнан соң ХХІ ғасырда жаһандану деген жалмауыз бәріне ауыз салып, екінің бірі блогер болып, жақсыны да, жаманды да әлеуметтік желіге талғамсыз ұсынып жүргенде басылымды қалай сақтап қаламыз деген тақырыпта осы газеттің редакторы Н.Шәмшіұлы баяндама жасаса, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы, белгілі журналист Абай Балажан, ардагер журналист Нармахан Бегалыұлы өз пікірлерін білдірді.
Ақпарат аламанына тың серпін әкелетін ерекше жобалар аз емес. Солардың бірі – «БАҚ жұлдыздары» атты тың бастама. Жобаның авторы – елге танымал ақын, композитор, азаматтық болмысы биік, Жігіт сұлтаны Құрманәлі Жылқыбай.
Қоғамдағы БАҚ өкілдерінің еңбегін дәріптеуді, олардың шығармашылық шеберлігін жаңа қырынан тануды мақсат еткен бұл жоба бүгінде әріптестер арасында қолдау тауып, жылы қабылдануда. Қалам ұстаған қауымның ішінен дараланып, шоқтығы биік шыққан жандарды айқындайтын бұл бастама – отандық журналистика мен медиа саласындағы жаңа бір серпінге айналатыны анық. Кештің ең қызықты сәттерінің бірі – осы «БАҚ жұлдыздары» атты шығармашылық концерт болды. Онда журналистер ән айтып, күй тартып, өлең оқып, көпшілікке өнерлерін ұсынды. ҚР мәдениет қайраткері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі Асхан Майлыбаева, композитор, «Мәдениет саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, » Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бекжігіт СЕРДӘЛІ, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі, » Ақпарат саласының үздігі», » Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ғани Қалмахан, «Түркістан» қалалық газетінің тілшісі, Түркістан облыстық Өңірлік коммуникациялық баспасөз қызметінде редактор болып қызмет ететін, бірнеше республикалық байқаулардың жүлдегері, гран- при иегері Досхан Төлегенов, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі, бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, жеңімпазы, өлең топтамалары бірнеше газеттерде жарық көрген Бауыржан ЕРМАН, осы ауданның баспасөз қызметінің хатшысы, болашағынан үміт күттіретін жас журналист Бахыт Медеуов және мен қатыстық. Қатысқандардың ешқайсысы құралақан қайтпады. Бас жүлдені қақыратып өз өлеңін керемет оқыған Асхан Майлыбаева әпкеміз жеңіп алды. Қалғандары да түрлі сыйлыққа ие болды. Өзім 12 жыл Ордабасы ауданы мен Арыс қаласының меншікті тілшісі» болып қызмет еткен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің номинациясына ие болғанымды мақтанышпен айта кетейін.
Мерейтой шын мәнінде ерекше, әсерлі, шынайы қуанышқа толы күн болды. Табиғат аясындағы дастарқан басында келген меймандар да, бұрынғы қызметкерлер де естеліктер айтып, жүректен шыққан ыстық лебіздерін жеткізді. Айтсын- айтпасын, газет тек аудандық ғана емес, республикалық деңгейдегі руханияттың дамуына өз үлесін қосқан басылым. Осы газет аясындағы Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет және өнер бірлестігі қаншама игі істер атқарды. Халық шөліркеп отырғанда облыстық, республикалық, Халықаралық деңгейде айтыстар ұйымдастырып, ел алғысына бөленді. Республика бойынша алғаш рет аудан орталығы Темірланда ақындар мен жазушылар ескерткіші орнатылып, аллея ашылды.
Бүгінде «Ордабасы оттары» газетінің тізгінін өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ұжымын тек жақсы істерге ұйыстырып отырған білікті басшы Ғалымжан Зиябек ұстап отыр. Оның басшылығымен басылым дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіріп, оқырман сенімінен шығып келеді.
Кештің қызықты өтуіне осы ауданның мәдениет саласына ұзақ жыл басшылық еткен Құрманәлі Жылқыбай, аудан мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосып жүрген Перизат Баймаханова жүргізіп, Нұргүл Алтынбекова, қонақ болып қатысқан Қалдыбек Құрманәлі әндер салып, кештің көркін онан сайын қыздырды.
Сүйікті басылымға, өзім түлеп ұшқан «Ордабасы оттары» ұжымына шығармашылық табыс, шалқар шабыт пен жаңа белестер тілеймін. Осындай тамаша етіп ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Ордабасы ауданы әкімдігі не де көп рақмет. Жүз жылдықта да бәрімізге түгел тойлауымызға нәсіп етсін.
Базаркүл ҚАЛБЫР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Comments