Қазығұрттық майдангер аталарымыздың ең үлкені – Үлгілі елді мекенінің тұрғыны Жүзеев Исабай ақсақал биыл 102 жасқа шығыпты. Өзі құралпы замандастарымен бірге Семейде үш айлық әскери дайындықтан өткен. Жаңадан қабылданған жауынгерлер соғыс қимылдарына 1944 жылдан бастап жұмылдырылған. Еуропадағы ірі өзен, Чехия, Польша, Германия елдеріне ортақ су арнасы – Одер өзені бойында жүрген ауыр шайқастарға қатысқан. Жау күштерінің капитуляциясынан кейін, Совет Армиясының қатарында 1958 жылға дейін қызмет атқарған. Кейінгі қызметі ішкі істер органдарында, Шымкент қорғасын зауытында жалғасып зейнеткерлікке шыққан.
Ал, Өндіріс елді мекенінің тұрғыны Жұмабаев Әкімбай ақсақал биыл 101 жасқа жетіп отыр. Майданға 1942 жылы алынып, соғыстың ең ауыр бөлігі, қайғы мен үмітке толы кезеңі – Сталинград шайқасына қатысқан. Осы шайқаста майданның алғы шебіне көмек қолы ретінде жіберілген 122 атқыштар бригадасының құрамы Волга өзенін жүзіп өту барысында жаудың қарша боратқан снарядтарының астында қалады. Талай тағдыр үзілген сол шайқаста Әкімбай асақал ауыр жарақат алып, 1943 жылға дейін госпитальға жатқызылады. Сол жылы туған еліне оралып, 40 жыл бойы табан аудармай туып өскен Тұрбаттағы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді…
Comments