Жастар саясатыҚоғамРуханиятТарих

ФИЛОСОФ ДОСЫМНЫҢ АЙТҚАНДАРЫНАН

1.Иман

Бүгінде көп адам иман – тек діни тағылымдар мен қағидаттар айналасында болады деп түсінеді. Тарқатып айтқанда, намаз оқу, ораза тұту, қажылыққа бару сияқты дініи жоралғыларды мүлтіксіз орындап жүрген адамдарды иманды адамдар, имандылар қатарына жатқызады. Мұндай түсінік, әсіресе, исламдық жолдың басқа бағытына түсіп кеткендердің арасында кеңінен етек алған. Шыны сол, кез келген ұйпа-тұйпа сақал қойып, қысқа балақ киген немесе қара жамылып, бас-көзін тұмшалаған сәлафтық бағыттағы жас пен егденің санасы осы түсінікке байланған. Егер сәлафтық бағыттағы адасушылардың пайымы мен көзқарасы бойынша, иман діни қағидаттар мен ұстанымдардың тек сыртқы көріністеріне ғана негізделген болса, онда олар қатты қателеседі. Өйткені иман сырт көзге көрінетін зат емес. Немесе әлдеқандай діни жоралғыларға байланысты іске асатын әрекеттер арқылы көрініп тұратын жанды нәрсе де емес.

Діни жоралғыларды орындау, ол – кез келген мұсылманның дін алдындағы сенімі мен парызы. Ал иман – жүректе сақталады. Сонымен бірге жүрек жылулығымен, көңіл мейірімділігімен іске асатын ізгі әрекеттер арқылы иман (имандылық) көзге түседі.

Қазақы түсінікте иман деген көбіне-көп адам бойындағы мейірбандық, кеңпейілділік, ақкөңілділік, сыпайылық, жұмсақтық, қайырымдылық, адалдық сияқты жақсы қасиетпен астасады. Ал мен көрген теке сақал, қысқа балақтар мен қара жамылған сәлафтарда мұның бірі жоқ: дөрекі сөйлейді, үлкенді сыйламайды, егде кісінің жолын кесіп кете береді, қайырымдылық жасамайды, көбісі процентке ақша береді, саудаға қатты болады, таксиші болса, ешуақытта жолда қалған момынды көлігіне отырғызбайды, тиынға тістерін сындырады, қазақы қалыпты «ширкке» балайды, дәрігерге сенбейді, ауырсаң «үйіңде құран оқып жат, көмегі болады» дейді, намаз оқымағандардың барлығын «кәпір» қатарына қосады, қыз-қатындарға зат түрінде қарайды, қыз-қатындары да өздерін кем жаратылған пенде санайды, намаз уақытында ғана бір жерге жиналатын өз топтарын «жамағатымыз» деп атағандарымен, бір-біріне ешқашан тегін көмектеспейді, өздері үшін оқыған намаздары мен тұтқан оразаларын біреуге міндетсініп, жарнамалап жүреді, сауаты болмаса да, адам өміріне қатысты тыныс-тіршіліктің барлығын теріс бағыттағы діни қағидаттарға байланыстырып, біреуге әлдене үйреткісі келеді… айта берсең, есі дұрыс адамның санасына кірмейтін қылықтары сансыз.

Мысалы, жұма намаз уақытында жол бойында тұрған мешіттің жанына машиналарын ретсіз қойып, жаяу жүргінші мен көлік қозғалысына қиындық келтіретін намазханда иман бар деп айта аласыз ба? Мейлі, мұндай кезде оны мешітке Алла алдындағы ізгілікті парызын орындауға кірді ғой деп ақтармыз. Бірақ артына қалдырып кеткен адамшылыққа жат тірлігін қай имандылыққа, қай ізгі іске жатқызамыз?

Меніңше, жоқ-жұтаңға, ауру-сырқауға көмектескіш, жығылғанды дер кезінде сүйейтін, жылағанға жылы сөзін аямайтын, дос-жаранға, туған-туысқа тегін қолқабыс көрсететін, сыртыңнан ғайбат пен өсек айтпайтын, біреуге орынсыз сөйлемейтін, мінезі кішіпейіл, т.б жақсы қасиеттері бар адам ғана нағыз – иманды жан. Ондай иман – бойына нағыз қазақы қасиет қонған азаматтармыздың бәрінде бар. Тек өздерінікін ғана жөн санайтын һәм ата-баба дәстүрін жоққа шығарғыш адасушы сәлафтарда ғана жоқ… Сонымен бірге иман ұры-қарыда, маскүнемде, жылпоста, жемқорда, күншілде, сауатсызда… жалпы, ниеті жаман адамдардың бәрінде де болмайды.

Қысқасы, «иман» деген сөзді аузына көп алғанымен, діннің теріс бағытына қатты кірігіп, беріліп кеткендер мен адамгершіліктен ада адамдарда иман болмайды. Өйткені ондай адамдарда өмірлік құбылыстарды салыстырып, саралап қарайтын білім де, өре де, пайым да жоқ.

2. СЫНАҚ

Кез келген мұсылман қазақ бір оқыс жағдайға тап болса немесе басына бір ауыр жағдай түсе қалса, «Бұл Алланың маған берген сынағы» дейді. Өзі қатты ауырып қалса да, солай дейді. Балаларының бірі науқастанып қалса да, соны қайталайды. Сөйтіп, өз-өзін жұбатқансиды. Бірақ әр мұсылман басқа түскен ауыртпалыққа бір мойып, мүжіліп кетпей, осылай сабырлық танытқаны да дұрыс шығар. Алайда, көктегі Алла адамға ауыртпалық түсіріп, сынайтын болса, оның мейірімділігі мен қамқорлығы қайда? Неге біз Алла тек адамдарды ауыртпалықпен ғана сынайды деп ойлаймыз, осы? Алланың адамзатқа түсіретін, түсірген басқа сынағы аз ба?

Менің ойымша, негізінде, Алла адамды басқа түскен ауыр іспен ғана сынамайтын сияқты. Егер имамдар айтқандай, бұл дүние адамзат үшін сынақ болса, онда Алла бізді барлық жақтан сынаққа салып қойған. Мысалы, Алла адамды ең бірінші еңбекпен сынайды. Өмірде адамның тіршілік үшін ететін еңбегінің бәрі – сынақ. Бір жұмыстан нәтиже шығару үшін жасаланатын талпыныстар да толған – сынақ. Бір жаңалық ашатын ғалымның ізденісті еңбегі де – орасан сынақ. Бір спортшының жетістікке жетуі үшін айлар бойы жасаған жаттығу да – ғаламат сынақ. Әлдеқандай жазушының бір кітапты жазып шығуы үшін айлар мен жылдар бойы тыным таппай қағазға шұқшиятыны, жан-жақтан деректер іздеп сабылатын да – машақат сынақ. Үлкен таққа жеткен адамның нешеме жылдар бойы түрлі қызмет сатыларынан өтіп, тәжірибе жинақтағаны да – ұзақ сынақ. Бір баланы өмірге әкелуі үшін түрлі жағдайларды басынан кешіріп, тоғыз ай бойы қатты қиналысты бастан өткеретін аналардың шыдамдылығы да – жанкешті сынақ. Шақалағы шыр етсе, түн ұйқысын төрт бөліп, оған емшек беретін сол аналардың еңбегі де – өлшеусіз сынақ. Бір өнертапқыштың адамзат игілігі үшін ойлап табатын заманға орайғы техникалық құралды құрастырып шығаруы да – аса таңданарлық сынақ…

Біреулер «Алла сүйген құлына (пендесіне) ауыртпалықты көп береді» дейді. Мұндай түсінік те адамдардың өз-өздерін іштей алдарқатуы сияқты. Сонда Алланың сүймеген құлы да (пендесі) болғаны ма? Пенделік түсінікпен қарасақ, негізі, Алла сүйген құлына көбірек бақыт сыйламай ма? Әлде, мен исламдық кейбір қағидаттардың құпиясын, астарлы пәтуаларын (егер олар бар болса) түсіне бермеймін бе?

Осы өмірдің сынақ екенін әсіресе, теке сақалды уаһабтар мен сәлафтар көбірек айтады. Бірақ олар шын сынақтың қандай екенін білмейтін сияқты. Расын айтсақ, Алла алдымен адамды еңбекпен сынайды. Өйткені еңбексіз ешкім күн көре алмайды. Еңбек істемегенге Алла өздігінен ештеңе бермейді. «Әрекетке – берекет» деген хадистік қағида осы бағытта айтылған.

Ал Алла адамға еңбек етуді азанда ұйқыдан ояна салысымен міндеттеген. Намазхан жандардың таңғы намаз алдында дәрет алып жуынып, тазаруы – азандағы алғашқы еңбек. Намаз оқымайтындардың да ұйқыдан тұрғанда бірінші істейтін еңбегі – жуыну. Жуыну мен бірге иекке біткен қылтанақты, ебедейсіз болып өсетін сақалды қыру да – үлкен еңбек. Сақалды берген Алла оны қырып тастауға немесе күзеп жөндеуге еңбектену үшін бізге екі қолды берген. Міне, Алланың адамға берген таңғы еңбегінің сипаты осындай.

Әлбетте, мен мұнымен еркек атаулының бәрі азанымен сақалын қырып, көсе қалыпқа түсіп жүрсін демеймін. Сақалды жөн-ретімен және жасына қарап қойса ғана жарасымды. Алла теке мен ешкіге сақалын қыратын, күзейтін ақыл мен қолды бермеген. Сол үшін де олардың сақалдары желмен бірге желпілдеп, ұйпалақтанып жүре береді. Ал адам теке мен ешкіден артық жаратылған ақыл иесі. Осыған сайсақ, біздің уаһабтар мен сәлафтардың ақылы ешкімен бірдей болғаны ма сонда? (Уахабтар ешкім көрмейтін астындағы жүндерін қырады екен, тағы). Сондықтан да, кез келген ер кісі денедегі артық жүнді қырып, болмаса күзеп, түзеп тұрған абзал. Мұсылман адам қай кезде көрікті һәм келісті болмағы, сырттан қарағанда көз қызығарлықтай сүйкімді болмағы шарт.

Сақалын жібереді, бірақ шашына мән бермейді. Бірінің шашы қатынның шашындай иығынан асып тұрады, бірінікі – ұйпа-тұйпа бұйраланған күйі жоғары көтеріліп тұрады. Шариғатта шаш туралы не айтылған десең, үні шықпайды. Өйткені ол жайын білмейді. Ұстазы айтпаған. Өзі ізденбеген.

Содан соң сақалымды жіберсем, қара жамылып жүрсем, нағыз мұсылман боламын деу де – санасыздық. Өйткені орыстың поптары мен шіркеу қызметкерлері де, иудейлердің дінбасылары да қауғадай етіп сақал қояды. Шіркеу-монастырьларды жағалайтын қатындары да қара киінеді. Алайда, сол діндегілердің жастары біздің уаһабтар сияқты әбілеттей келбетпен беттерін жүн басып, қысқа балақтарын далақтатып жүрмейді. Еш болмаса, мектеп деңгейінде білімі жоқ, тіпті бастауыш пен баяндауыштың не екенін талдап бере алмайтын, ал жаратылыс пәндерінен тым мақұрым, технологиядан мүлдем хабары жоқ, туған ауылының тарихынан бейхабар, одан қалса, ең оңай нәрсе – өз әкесінің өмірбаянын жөнді білмейтін бізді уаһабтар мен сәлафтар Құран құпияларын, аяттар мен сүрелердің астарын, жалпы мұсылмандық ілімді қайдан біліп, қайдан сондай теріс жолға түсіп жүр?..

Уахабтар «Бұл өмір Алланың сынағы» дейді де, тек сауда жұмыстарымен ғана айналысады. Олардың ішкі дүниесі түндей қараңғы. Бірақ түнде төбеде жарқырап жұлдыздар көрінеді ғой. Ал олардың ішінде осы заманға лайықты бір жылт еткен сәуле жоқ. Тұтас түнек. Уахабтардың түсінігінде, Алланың сынағы сыртқы қауға сақал мен қара жамылған көрініспен және намаз оқу, ораза ұстау сияқты діни жоралғылармен ғана шектеледі. Заманға орайғы ілімге ұмтылу оларда жоқ. Саналарының барлығын о дүние туралы қиял-ғажайып елестер жайлап алған. Тек о дүниені ойла, жерде істеген діни амалдарыңмен Алланың жұмағына кіресің дейді.

Алла жер бетіне адамдарды жаратқанда тек маған құлшылық етумен күн өткіз, басқа ештеңе жасама деген жоқ шығар. Ондай болса, Алла өмірде адамзат игілігі үшін неше түрлі технологиялық ғаламат жаңалықтарды ашқан аса дарынды ғұламаларды тудырмас еді ғой. Әлде жер бетіндегі ғылым жолындағы ғұламалар да шайтан жолына түскендер ме?..

Мен ойлаймын, сонда жұмақ деген тек қараңғылар мен білімсіздердің мекені ме деп. Бар ғұмырларын ізденумен, ғылыммен, адамдар үшін ізгілікті іс атқарумен өткізіп, намазға мойын бұрмаған ғұламалар өлгенде қайда барады сонда? Құдайлары бөлек, бірақ мына заманның барлық өркениетті технологиясын жасап жүрген басқа діндегі оқымыстылар ше? Өзі білген бас-алты діни қағидатты ғана айта алатын сауатсыз уаһабта бұған жауап жоқ. «Бәрін Алла біледі» дейді. «Абайлаңыз, Алланың қаһарына ұшырап жүрме»» деп қатаң ескертеді, құдды бір мен Аллаға қарсы шығып жатқандай.

Мен айтамын оларға: «Бұл өмірде түк бітірмей, тек діни ұстанымдармен ғана о дүниенің жұмағына барғаныңды қайтейін, артыңа қалдырған өзің сияқты тек «Алла, Алла» деуден басқаны білмейтін білімсіздер білімді елдердің, сендерше айтқанда – кәпірлер жайлаған елдердің құлы мен малайына айналып, қор болып жүрсе. Туған жеріңді бөтен діндегі сол кәпірлер билеп, басқа пиғылдағы жұрт таптап жатса, жұмақта қалай рахат күн кешесің?»

Алла адамзатқа сынақты тек құлшылық үшін берген бе? Онда ол адамға тірлігің үшін еңбектенесің деп не үшін ақыл-ой берді?..

…Уаһабтардың қай білгір ұстазы осы сұраққа жауап бере алады?..

3. ХОР ҚЫЗДАРЫ немесе МҰСЫЛМАН БОЛУ ҮШІН АРАБҚА ҰҚСАУ ШАРТ ЕМЕС 

Діндарлар о дүниеде жетпіс хор қыздарының құшағына түседі екен. Ол қандай хор қыздары? Сол жақта туып, көбейіп жүрген қыздар ма, әлде осы дүниеден барған қыздар ма? Әр мұсылманға жетпіс хор қызынан келсе, ол жақта қанша миллиард хор қызы бар? Әлі бұл жақтан баратын миллиардтаған мұсылман еркектер бар. Оларды қарсы алатын, алдарынан кездесетін барлық күнәден пәк хор қыздары қайда тығылып жатыр, әлде енді туыла ма? Бұған оқу өтіп кеткен дін ғұламасының өзі де жауап беруі қиын-ау…

Діндарлар бұл дүниеде харам санайтын шарап о дүниедегі жұмақта өзендей ағылып жатады дейді. Жұмақтағы діндарлар әлгі жетпіс хор қызының құшағында жатып, су боп аққан жаңағы шараптан ішіп, елітіп жатады екен. Бұл дүниеде арам болған шарап – жұмақта адал ас болады екен…

Теке мен ешкінің иегіндегі бейдауа жүн іспеттес сақал қойған адасушы уаһабтар мен сәлафтар қыз-қатындардың мойны мен балтырлары ашық болса, күнәнің үлкені – сол дейді. Келіндердің үлкендерге сәлем салғаны ширк, адам тек Алланың алдында ғана сәлем салуы керек дейді. (Сонда Алла олардың көзіне көріне ме, білмедім). Оларға салсақ, үлкенді сыйлау күнә саналмайды, өйткені ешкім Алладан үлкен емес, сондай-ақ дастарханға бата жасау – адасқандық, бата тек адам өлгенде ғана жасалынуы жөн екен. Әруақ дегенді атама, ол Аллаға серік қосқандық деп айқай салады. Өлген кісінің жетісін, қырқын, жылын өткізу дегендер шариғатта жоқ, оны ойлап тапқан баяғы діннен адасқан ата-бабаларымыз деп өзеурейді. Тәуіп, бақсы, балгер дегендер –шайтанның жолына түскендер, оларға барған адамдардың өзі күнәһар дейді. Болашаққа, келер күнге болжам, жоспар жасама, ол күндердегі тағдырыңды тек Алла шешеді дейді. Тек Алланың жолымен жүр – еркектігіңді білдіріп, сақалыңа тиіспе, қанша өссе өсе берсін (көбісінің сақалы жын-перінің бетіндегі көруге жиіркенішті қыл-қыбыр жүнге ұқсайды), мұртты құрт, оранып жүр, намаз бен оразаңды қаза қылма, қажылыққа қанша барсаң да, сауабы мол болады дейді. Сақалды қырма, онда періште тұрады дейді. Иә, әйтеуір дейтіндері көп. Бірақ ешқайсысы кітап оқы, ізден, зерттеу жүргіз, заманға қарай білім ал демейді. Бәрінің саналары орта ғасырлық діни догмалармен уланып кеткен.

Сөйтіп, жүріп, өркениеті дамыған осы өмірде ғұмыр кешеді. Кәпірлер ойлап тапқан, бірақ шариғатта жоқ телефонды қолданады, түрлі-түрлі машинаға мінеді, немесе жүргізеді. Пойызға отырып сапарлайды, ұшаққа мініп, қажылыққа барады. Компьютерде отырып, теріс уағыз тыңдайды. Мешітте кәпірлер ойлап тапқан микрофонды пайдаланады, мешітті батыс жұрты немесе қытайлар ойлап тапқан құрылыс материалдарымен салады. Теледидар көреді, қара жамылып қалғыр қара жамылған қыз-қатындары заманауи музыканы құлаққап арқылы тыңдайды. Түрлі кафелерге кіріп, батыстық үлгімен дайындалған тамақтарды ішеді. Арақты арам деп ішпесе де, арақтан да зиян химиялық заттар қосылған коланы, пепсиді, фантаны рахаттанып ішеді. Жалпы, айтқанда, іс-әрекеттері орта ғасырлық болғанымен, қазіргі өмірде бірде-бір мұсылман елі ойлап таппаған, өздерінше айтқанда, кәпірлер жасаған заманға орайғы барлық технологиялық құралдарды пайдаланып, ғұмыр кешеді.

Бірде бір топ сақалдылар бір жерге жиналып: «Ертеңгі күн қандай болар екен?» деп телефондарына үңіліп, ауа райы туралы мәліметті көре бастады. Бір кезде біреуі: «Ой, ертең күн ашық болады екен. Жұма намазға сырт киімсіз-ақ бара береді екенбіз» деп дауыстады жанындағыларға. Мен жалма-жан оларға шапшыдым: «Сендерше, ертеңгі күннің жайын һәм ертең не болатынын тек Алла ғана білетін еді ғой. Ал осы жолы неге телефондағы ауа-райы болжамына сеніп, шатасып отырсыңдар?» дедім. Мұндай кезде оларда айтарға жауап болмайды. Бірақ бір сақалды сасқанынан: «Шариғатқа қайшы келмейтін нәрселердің бәріне сенуге, қолдануға болады» деді. Сөйтсем, олардың түсінігінде, мұсылман емес жұрт ойлап тапқан телефон мен метрологиялық болжамдар арам нәрсе болмайды екен де, ал қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері діннен тысқары, ширк екен.

Тағы бірде автобусқа көзіне дейін тұмшалап алған бір жап-жас қазақ қызы кірді. Кірді де, орындыққа жайғаса салып, қолындағы телефонға үңілді. Қарап отырдым, алғашқыда телефонмен ағылшындар түсірген мультфильмді көрді, аздан соң орындаушысы жұлына секірген бір жын-ойнақ әнді тыңдады. Келесі аялдамада бір үлкен кісі мініп, орын береді ғой үмітпен оның қасына жақындап еді, оған бір қарады да, әлгі әннің әуеніне елітіп, екі иығын қиқаңдатып отыра берді.

Осындай қара жамылғандарды көргенде жын көргендей болатын мен одан ары шыдамадым: «Әй, қыз, аузың мен мұрның, бетің мен құлағың астың сияқты ұятты жерің екенін біліп, бүркеп алыпсың ғой. Бірақ көзің ашық екен. Көріп тұрсың ғой, тұр да, ана кісіге орын бер!» Ол маған жалт қарады да: «Үлкен кісі болса, қайтем. Шариғатта ешкім Алладан үлкен емес делінеді. Мен шариғат үкімі бойынша киініп, Алланың жолында жүрген адаммын!» деді міз бақпай. Әлбетте, ол тиісті жауабын алды: «Нағыз шариғат үкімімен, жолымен жүрсең, қолыңдағы телефонды ұстама, өйткені шариғатта ол жоқ. Шариғатта ауыз бен бет сенің жұрттан жасыратын төменгі жағың сияқты ұятты жер ме? Сен тыңдаған ән де шариғатта – арам. Автобусқа мінбе, себебі онда автобус туралы да айтылмаған. Аяғыңдағы біз өкшелі бәтінке шариғатта көрсетілмеген. Ол діні бөтен француздар ойлап тауып, жасап шығарған. Онда оны неге киіп алғансың? Ақыры арабтық салтты ұстаған екенсің ғой, одан да, арабтың теріден тігілген етігін ки. Үстіңдегі қара матаның бәрі үндінікі. Үндінікін жақсы көрсең, сонда бар да, тас мүсінді Буддаға табын! Қарашы, пайдаланып жүрген заттарың мен киімдеріңнің бірі бөтен діндегілердікі. Ал өзіңді алдап, жүрек-жаныңмен мұсылман болғың келеді…»

Айтар уәжі қалмай, бір жағы – сөзіме шыдамай, келесі аялдамадан түсіп қалды. Әрине, бесіктен белі шықпай жатып, бұлай тұмшаланған қызды бұған жеткізген жетесіз әке-шешесі екенін білем. Бірақ сол әке-шеше қай заманда, қандай дәуірде өмір сүріп жатқанын білмейтіні өкінішті. Дінді ұстанудың өз жолы бар емес пе? Мұсылман болдым деп, міндетті түрде араб пен парсының қатындары сияқты орану шарт емес қой. Ондайлар әуретті жерін жүдә жапқыш болса, өзіміздің қазақы киімдерді кисін. Бір жағы қандай жарасымды, бір жағы қыз баланы қандай сүйкімді көрсетеді. Өкінішке орай біздің жетесіз, бетімен кеткен қараңғы санадағы адасушы діншіл топ мұсылман болуды – араб болу деп санайды.

4. ШАРҒИҒАТТАҒЫ АДАЛ МЕН АРАМ сондай-ақ сақал мәселесі

Соңғы уақыттарда әлеуметтік желіден жиі көріп жүрміз, өздерін білгішпіз деп санаған талай имам домбыра мен түрлі музыкалық аспаптарды және ән салуды арам санап, сұхбат бергендерін. Шариғатта адамның тұрмыс-тіршілігіне қатысты пәлсапалар айтылғанымен, өнер, ән, ғылым, техника, жоғары технология жайында ештеңе айтылмаған. Мұндай мәселелер христианның да, иудейдің де, будданың да басты діни кітаптарында айтылмағаны хақ. Бірақ замандар өте адамзат өзіне қажетті рухани һәм өркениеттік құбылыстарды ойлап тауып отырған. Соның арқасында адамның жанындағы мұң мен қайғыны, қуаныш пен шаттықты әуен-сазбен жеткізетін ән-күйлер, адам тұрмысын жеңілдететін түрлі технологиялық құралдар өмірге келген. Бұған ешқандай діндер тыйым салмаған. Тек исламның кейбір бағыттары ғана өнер мен техниканың дамуына қатты кедергі келтірген. Соның кесірінен әу баста өзімізде пайда болған ғылымнан  қол үзіп, батыстың технологиялық жетістіктеріне ілесе алмай қалғанбыз.

Әлбетте, бұл қатарға өркениет көшіне ілесе алмай қалған Африканың мұсылман емес талай мемлекеттері де бар. Сол үшін де бәрін исламға жаба беруге болмас. Бірақ біздің бүгінгі әңгімеміздің басты өзегі – біздің мұсылмандардың, оның ішіндегі анау сәлаф-уаһабтардың діни догмаға көбірек беріліп, ислам дінін қоғамның барлық салаларына ендіру керек деп ойлайтын теріс түсінігіне жауап беру. Жә, олардың түсінігінде ән салу арам екен. Онда біздің кейбір әнші қыздарымыз осыны біле тұра, неге оранып алып сахнаға шығып жүр. Нақтысын айтқанда, олардың сәлафтық бағыттағы көсемдері мен ұстаздары бұған қалайша жол беріп жүр? Бұл бір. Екіншіден, қанша оранып алса да, жұрттың алдында сан түрлі қимылмен секіріп би билеу, емшек-мықынын былқылдатып, селкілдеп ән салу да – нағыз арам іс емес пе? Әлгі оранған әншісымақ сонда әуретті жерімді жапсам болды, менікі адалдық деп ойлай ма, әлде ұстаздары солай ойлай ма? Одан соң олардың киген киімдерінің үлгілері де – батыс жұртынікі. Араб пен қазақтың киімдері ондай болмайды. Міне, салыстырмалы мәселе. Оранған әншісымақ тәнім мұсылмандық деп ойлайды, ал жаны батыстың жын-ойнақ қимылымен астасады.

Сол сияқты шариғатта спорттың да еш түрі сөз етілмейді. Соған қарамастан, исламдықты ең қатаң ұстанатын Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Ирак сияқты мемлекеттердің де адамдары спортпен қатты шұғылданады. Соған қарап отырып, адам тіршілігінің бәрі Құран қағидаттары мен шариғат үкімдеріне байланып қалмағанын көресің. Бірақ осы елдерде адамның сыртқы келбетінің бәрі орта ғасырлық діни ұстанымдарға байланып қалған. Аталмыш мәселеде олар шариғатты қатты еске алады. Ал Иран америкалық ғалымдарды жалдап, атом бомбасын жасау кезінде Құрандағы үкімдерді еске алмайды, Ауғанстан мен Ирак орыстардың қаруын сатып алғанда, Құран мен шариғат заңдарын қаперден шығарады. Бір-бірін атып өлтіргенде мұсылмандық ізгілік пен мейірімділікті ұмытады. Бірақ өздері ол қаруларды пайдаланғанымен, оны шығаруға милары жетпейді. Милары жеткендерін Аллаға серік қосып жатыр деп қудалайды.

Иә, бірді айтып отырып, бірге кетіп қаламыз. Айтпағымыз, біздің спортшыларымыздың да көпшілігі дінге кірігіп кеткен сияқты. Сөйлеген сөздерінің басы «Алла қаласамен» басталады. Ешқайсысы баяғы батыр бабаларымыз атқа қонғанда «Иә, әруақ!» деп арқаланатыны сияқты ұран көтермейді. Одан соң басым көпшілігі жарасса да, жараспаса да сақал қойып алған. Бірінікі – жап-жас келбетінің сиқын бұзып тұратын, ұзындығы бір елі келмейтін иекке жабысқан топ сақал, бірінікі – ебедейсіз жіберілген көзге қораш, тұрпайы көрінетін ешкі сақал, енді бірінікі – төрт-бес қылдан тұратын, әр талы екі-үш сантиметр жерде бір өскен сирек, шашыранды шайтан сақал. Осындай шайтан сақалдының біріне: «Әжептеуір түріңнің сиқын қашырмай, ана қылтанақтарды қырып тасташы» десем, «Не айтып тұрсыз, бұл сақалда періштелер тұрады» дейді. «Ойпырмай, періштелер қыл-жыбырға құмар болады екен-ау» дедім таңданып. Бірақ сақалдарында періште қонақтаған, ал сөздері «Алла қаласамен» басталатын сол спортшылардың көпшілігін Алла қолдап, аса бір үлкен жетістікке жетіп жатқандарын көрмеймін.

Одан соң тағы жайсыз көрініс – жап-жас актерлар мен телеарналардың жүргізушілері де жөн-жосықсыз сақал қоятынды шығарыпты. Аты-жөні есімде жоқ, «Хабардағы» «Оян» деген таңғы хабарды жүргізетін бір жігіт төрт-бес талды шайтан сақал қойып алған. Ойпырмай, көпшіліктің алдына шығам, мына келбетім ұят болады-ау деп еш ойламайды. Мейлі, ол шіркін, көк жәшіктің төрінде жалбыр сақалмен жарасып тұрмын дейтін шығар, бірақ оны экранға шығаратын телеарнаның редакторы мен жауапты адамдары ай қарап отыр ма?

«Абай» телеарнасында әнебір «Парасат майданы» деген хабарды жүргізетін Дархан Әбдік деген шығады экранға, жұлым-жұлым кейпімен. Костюмінің астындағы көйлегінің түймелері өмірі салынбайды. Көрген көзге тым ұят. «Парасаттың» адамы алдымен өзі парасатты болмай ма? Күллі халық алдына шығатын адам жинақты кейіппен, келісті келбетпен, жарасымды киіммен шыққан жақсы ғой.

5. СӘЛАФТЫҚ ҺӘМ УАҺАБТЫҚ

БАҒЫТ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

Тағы бір парадокс – сәлафтар мен уаһабтар қыз-қатындарын қап-қара матамен тігілген киімдермен орайды да, өздері қытай мен американың, жапон мен кәрістің джинсилерін, курткаларын, көйлектерін киеді. Қайсының да аяқ киімдері мұсылмандардікі емес. (Бәлкім кейде Түркияның аяқ киімдерін киетін шығар). Көбісінің киетіні – америкалық немес қытайлық красовка. Мен айтам тағы оларға: «Қыз-қатындарыңды Арабстандағы салтпен қап-қара киімге орайсыңдар. Ал өздерің неге осы заманға лайық батыстық жұрттың киімін киесіңдер? Өздерің де арабтар сияқты ақ матаға оранып жүрмейсіңдер ме?» деп. Амал не, теріс бағыттағыларда бұған беретін жауап табылмайды.

Олар «Заманыңа қарай өмір сүр» деген Мұхамед пайғамбардың өсиетін еске алмайды немесе білмейді. Айтпақшы, бір теріс бағыттағы сақалдылардың бірі маған: «Ла иллаһа илла Аллаһ, Мухамадун расуллаһ» деп айтудың өзі дұрыс емес дейді. Өйткенә «ла иллаһа илла Аллаһқа» Мұхамедті қосу – Аллаға серік қосу болып табылады» дейді ғой.

Ешқандай діндік сенім, адам бойындағы дінге деген құрмет – сыртқы киіммен көрініс таппауы шарт. Ешкім таласпас, біздің діндегі кейбір ғұрыптардың көбісі арабтық салт-дәстүрге негізделген. Бірақ әр мұсылман халқы исламдық жоралғылармен бірге өз салт-дәстүрін ұстануды да ислам жоққа шығармайды. Біздің Ханафи мазғабы ұлттық салт-дәстүріміз бен исламдық қағидаттарды қабиластырған тура жол. Содан соң өркениетке жеткізетін ғылымды да ислам терістемеген. Алайда, ислам жаулары орта ғасырларда мұсылман елдерінде өркендеген ғылымның бәрін жоюға тырысқан. Және жойып та жіберген. Сөйтіп, оларды өздері пайдаланып, іске асырып, алға шыққан.

Ал біздің діншіл қараңғы топты бір-бірімен айтыстырып қойып, не ғылымды, не заманауи технологияны өрістетпеуге күш салып, қашаннан кедергі болып келген. Сол кедергілер әлі де жалғасуда. Мына ақымақ сәлафтар мен уаһабтарды құтыртып, өз ұлтынан бездіріп, тек дінге ғана мойын бұрғызатын саясатты да солар жүргізіп отыр. Өкінішке қарай, білімсіз жастар солардың жетегіне еріп, өз халқына қарсы шығатын зомбиге айналуда. Олар оны түсінбейді. Діннің хақ жолында жүрміз деп ойлайды. Және өздері ұстанған жолдан таймайды. Саналары о дүниемен уланған олар бір кездері елге жаппай бұлғақ орнатып, өте ауқымды ылаң әкелуі мүмкін…

Білетіндер Еуропада тек осы мәселемен айналысатын арнайы топтар жұмыс істейді дейді. Олар исламдық ілімдер мен қағидаттардағы бір-біріне қарама-қайшы келетін нұсқаларды тауып алып, мұсылман жұртын бағыт-бағытқа бөлуге қатты күш салып жатыр екен. Исламды бұзатын топтар мұндайға алдымен арабтарды үйретеді. Ал арабтар біздің уаһабтарды оқытады. Мысалы, олар қазақ арасындағы уаһабтарға айтады: «Құранда ру және жеті ата деген жоқ. Неге сендер жеті атаға жетпей немесе руластарыңмен қыз алыспай жүрсіңдер? Сонда сендер Құранда жазылған пәтуаға көнбейсіңдер ме? Одан соң сол Құран мен хадистерде беташар, той дегендер жоқ. Неге сендер оны ұстанып жүрсіңдер! Жетісі, қырқы дегендерді қайдан шығарып алғансыңдар! Осыны істейтін сендер Құран жолынан адасқан кәпір тектессіңдер!» дейді.

Иә, осындай Құран аяттары мен қазақы тұрмыс арасында кереғар жағдайлар көп-ақ. Уаһабтар құлақтарына осындай дін мен ұлттық дәстүр арасындағы керағар жағдаяттарды құйып алады. Құйып алады да, одан бір жақты шешім шығарады. Себебі сауатсыз, сауда жасау мен машина айдаудан басқа қолдарынан басқа ештеңе келмейтін сәлафтардың ұлттық дәстүр мен діндік қағидаттарды салыстырып қарауға өрелері жетпейді. Жаңағындай уағызды естіген соң, бітті, санасы төмен уаһабтар ұлттық дәстүрге атойлап қарсы шыға бастайды. Бірақ қарсы шығып келе жатқандарына да қанша уақыт…

Өз халқының өмірлік кредосы мен ұстаным-салттарына қарсы әсіредіншілдер ислам елдерінің қайсысы болса да, барлық тараптан батыс пен жапон-қытайлардан қалып бара жатқанын аңдамайды. Дамыған мұсылман елдері саусақпен санарлық қана. Түркия, Малайзия…Екеуі де жиырмасыншы ғасырда дінді мемлекеттен бөліп, экономика мен ұлттық саясатты бірінші орынға қойған елдер. Соның арқасында қатты дамыды. Бірақ соның өзінде де екеуі де жоғары технология жағынан батыс елдерінен қалып келеді.

Ал араб елдеріндегі бүгінде жарты әлемді тамсандырып жүрген Дубай мен Катардағы құрылыстардың бәрін ағылшындар жүргізген. Тіпті Меккедегі айшықты ғимараттардың бәрін жапондар мен ағылшындар тұрғызып, салып берген. Ғылымның атасы – Құран деп санайтындар, осындай құрылысты салмай қайда жүр?.. Бір-ақ мәселе айтайыншы, ми қайнатар ыстығы бар Меккедегі мешіттердің ішіндегі желдеткіштердің қайсысын мұсылман елі жасапты?..

Ал біз мұсылман боламыз деп, ілім-білім қуудың орнына сақал қойып, қара жамылып, кері кетіп барамыз… Және бұндай насихаттар әлеужелілерде күннен-күнге өршіп барады. О дүние мен жұмақ туралы, көп қатын алу жайлы, бес парыз, құрбан шалу, қажылыққа бару хақында, жетінші-сегізінші ғасырлардағы сахабалардың өмірі жайынан мысал келтіріп, бүгінгі заманға үлгі болуға онша қажет емес, керексіз уағыздар мен жарнамалар тіптен көбейіп барады…

6. «ОҚЫ, ОҚЫ ЖӘНЕ ОҚЫ!»

ПАЙҒАМБАРДЫҢ ОСЫ ӨСИЕТІН НЕГЕ ҰМЫТАСЫҢДАР, МҰСЫЛМАН БАУЫРЛАР?!

Біздің тұрлаусыз қоғамда жан мен тіршілік күйзелісіне жастар мен әйелдер жағы көбірек ұшырайды. Ондайлар жаны қысылғанда Алладан пана іздейді. Алла жолына түсіп, намазға жығылса, көңілдері жайланып, жолдары болып кететін сияқты көрінеді. Сосын мешіт пен мұсылмандыққа баулитын ұстаз іздейді. Тап сол кезде оларды сәлаф-уаһабтық жолға түскендер қарсы алады. Қарсы алғаннан гөрі аңдып жүріп, қармақтарына іліктіреді деу қисындырақ. Сонымен не жоғары білімі жоқ, болса да өзіндік пайымы терең емес, өз жұртының тарихы мен дін ілімінен мақұрым әлгі бейбақ солардың жетегіне оңай ілінеді. Бір жаманы – сәлафтардың оларды баурап, алдап-арбап қойғандары сондай, анау байғұс ол бағыттан еш ауытқымайтын нағыз теріс бағыттағы діншіл болып шыға келеді. Әсіресе, қыз-қатындар жағы теріс уағыздарға тез беріледі және ол жолдан өмірі таймайтын нағыз фанатик болып қалыптасады. Түптің-түбінде мұндай бағытқа түскендердің барлығы ел мен халыққа жау болып шығары хақ…

Бүгін қыз-қатындарын қара матаға орағандар ертең оларға білім бермеңдер деп шығады. Шариғат жолымен қыздарыңды он жасқа жеткізбей байға беріңдер, ру дегенді ұмытып, жақын туыстар қыз алыса беріңдер, бір емшек ембеген қыздар мен жігіттер үйлене беруіне болады деп ұрандатады. Ұрандатып қоймайды, ел ішінде ылаң туғызады. Қарсы шыққандандардың барлығын «кәпір», «шайтан» санап, олардың көзін жойсақ, жұмақ төрі бізге дайын деп, жер-жерде жарылыс ұйымдастырады… Анау басқа елдерде өз-өздерін жарып немесе адамдар ортасында бомба лақтырып жүрген мұсылман зомбилар бір күнде пайда болған жоқ, ұзақ жылғы сәлаф-уаһабтық бағытта жүргізілген тынымсыз жұмыстың нәтижесінде пісіп-жетілген жанкештілер.

Әлдеқандай жиын, ас үстінде уағыз айтатын молда-имамдардың әңгімелерінен кейде адамның жүрегі ұшатын тек о дүние жайында хикаяларды, ескілікті сахабалардың өмірлері жайындағы естеліктерді ғана естисің. Тағы әңгімелері ешкімнің есінде қалмайтын сарынмен, түсініксіз оқиғалармен өрбиді. (Бірақ өздері түсінсе керек). Сондай кезде уағыздарына ескі замандарда өткен қазақтың ақын-жырауларының нақыл мен көсем сөздерін араластырып айтса ғой, айтқан өсиеттері құлаққа қандай сіңімді болар еді. Өкінішке қарай, молдалардың көбісі өз халқының даналарының өсиеттерін, жыр-дастандарын, нақылдарын білмейді, тарихтан бейхабар, ауыз әдебиетінен тіпті мақұрым. Қазір біздің қоғамда бір ғана дін саласын емес, барлық саланы – бірнеше тіл, әлденеше әріп білгенімен, өз жұмысын теориялық және практикалық жағынан терең білмейтін сауатты сауатсыздар жайлап алған.

Төбедегі Алла бәріміздің жүрегімізде. Мұсылмандық та көңілге берік орныққан. Одан еш тайқымаймыз. Бірақ діндік сенімнің сипаты сыртқы киімнің көрінісімен шектелмейді. Дінге алдымен жүрек пен иман тазалығы керек. Осы күнде кейбір діншілдер айқайлап жүр: «Оқы, оқы және оқы!» дегенді Ленин емес, Мұхамед пайғамбар айтқан деп. Ендеше, пайғамбардың айтқанын, үмбеттеріме деп берген бұйрығын неге орындамайсыңдар?! Расында, Мұхамед пайғамбардың айтқанын орындап, пәрменінің үдесінен шықсаңдар, жапон мен ағылшынды, неміс пен еврейді әлдеқашан артқа тастайтын уақыттарың болған жоқ па, мұсылман қауым? Әлде Алла бәрін бір кезде аллдарыңа әкеліп бере ме?..

Бұл тұрғыда кейбір діншілдер, иә, тек діншілдер ғана емес, оқыған-тоқығаны мол базбір оқымыстылар да «ғылымның бәрі бізден, шығыстан шыққан, бірақ батыс ғалымдары олардың бәрін ұрлап алып, бізден озып кеткен» деген уәжді айтады. Жарайды солай-ақ бопты дейік. Бар ғылымынан айырылған кейінгі ата-бабаларымыз ғасырлар бойы марғау күй, бейқам күн кешіп, ғылым өркениетінен кеш қалыпты дейік. Ал қазіргі мұсылман елдеріндегі заманауи оқымыстылар неге марғау? Неге олар заманға орайғы бір көлік, не болмаса бір компьютер шығармайды? Асылық айтпаймын, олай болса, Алла мені кешірсін, «Бар ғылымның атасы – Құран»» деп ұрандататындар сол кітаптан ғылымның жолы мен сырын оқып, батыстың техникаларынан озатын небір жаңа технологияларды неге жасап шығармайды. Бұған кім және не кедергі?!

Шариғат жолымен жүргіш һәм бар қазақты сол жолға түсуге үгіттейтін сәлафтар мен уаһабтарға бір ғана елеусіз, болмашы сұрақ қояйыншы. Шариғат пен діндік кітаптардың қай тармағында «Өркендеген заман келеді, адамдар бірінің үстінде бірі тұратын көпқабатты үйлерде өмір сүретін болады» деген жазба бар. Мұндай жазба еш кітапта жоқ. «Библияда» да, «Тауратта» да жоқ. Бірақ адамзат заман ауанына қарай өмір сүреді екен. Ол ауан-мүмкіндікті адамдар дінің өсиет-насихатынсыз өз ақылдары арқылы өздері жасаған.

Астана мен Алматыдағы және басқа қалалардағы сәлафтық бағытта жүрген адасушылардың көбісі көп қабатты үйлерде тұрады. Енді сұрақ: «Көпқабатты үйлерде өмір сүру мен онда тұрмыс кешу қай шариғатта айтылыпты?» Керек болса, осы көпқабатты үйлерді де, алғаш болып мұсылман емес жұрт салған жоқ па? Ендеше, неге тұрасыңдар онда, өздеріңше айтқанда, кәпірлердің қаңсығын өздеріңе баспана етіп?..

Демек, діндік жоралғылар мен жаңа өркениетті заманның тіршілігі екі бөлек. Демек, дін мен ғылым да екі бөлек нәрсе! Мұхамед пайғамбардың «Заманыңа қарай өмір сүр» деген өсиеті ғылым өркендеген заманда ғана іске аспақ. Бізде ол ішінара іске де асқан. Сондықтан да, басқа бір мұсылман елдерінің салт дәстүрі мен киім түрлерін қазақ арасына әкеліп тықпылау, оған қоса, орта ғасырдың түсінігіне қарай айтылған діндік өсиетнамаларды қазіргі ұрпақтың санасына сіңіруге ұмтылу, соған барынша күш салу, 8-9 ғасырлардағы тұрмыс-тіршілікті үлгі ету – барып тұрған ақымақтық, адасқандық, ел ішіне іріткі салушылық, жұрт арасын бұзушылық, жастарды заманауи білімнен аластату, ғылымнан алшақтату, ақыр түбі – көрсоқырлық!

…Өзімше осыншама ой толғап, әңгіме айттым. Бір өкінерім, осы жазбамды не арабша, не қазақша, не орысша оқи алмайтын, ешкі сақалдарын жалбыратып, қысқа балақтарын жас баланың кесілген татағындай далақтатып базарда тачка айдап жүрген, болмаса сауда жасаған, етік тігіп отырған, шайханаларда табақ көтерген, мешіттің төбесіне қарап телмірген, жолаушыны аңдып мөлиген таксист, кітапхананы – шайтанхана, газетті – ібілістің сөзі деп қарайтын, бірде-біреуі оқымысты атанбаған, қазіргі ғылымнан алшақ мақау уаһабтар оқымайды-ау…

Оларды қойшы, кеше ғана осы өмірдің адамы, ал бүгін басқа, мұсылмандық әлемнің пендесіне айналған, ібілістің сөзімен шайтанның әнін салатын, өздерін сауатты санайтын, әрқайсында кемі екі-үш дипломы болғанымен, кітап пен газет бетін ашпайтын әнші мен әртістердің де, спортшылардың да мұны оқуы қиын-ау. Десем де, есі бар жастар оқып, сәлафтық жолдан аулақ жүрсе һәм осы заманға лайықты ілім-білімнің соңына түссе, үмітімнің ақталғаны – сол…

Қағазға түсірген – Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ,

жазушы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ШЕШІМІ – ЕЛ МҮДДЕСІ ҮШІН ҰТЫМДЫ

Алдыңғы

«Жолда қабылдау» акциясы өткізіледі

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *