АймақӘлеуметҚоғамРуханият

АЛАШОРДА ЖӘНЕ ДІН

Елімізде жыл сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбан­да­рын еске алу күні ретінде аталып келеді. Бұл күн Қазақстанда 1997 жыл­дан бері жыл сайын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  Жарлығымен бекітілген болатын.

Осы бір атаулы, қаралы, қайғылы күнді атап өту барысында ұлт шамшырағына айналған «Алаш» зиялылары туралы айтпай кетуге болмас. Біз де 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбан­да­рын еске алу күні қарсаңында «Алаш» партиясы мүшелерінің дінге қатысты ұстанымдарына аз кем тоқталып өтуді құп көрдік.

Жаппай қуғын-сүргін салқыны да қазаққа оңай тиген жоқ. КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен «Алаш» қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханұлы, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді.

Репрессияның нысанасына алғашқылардан болып ұлттың беткетұтар тұлғаларының ілінуі де кездейсоқ емес.

Қазақтың жаңа тарихында өзіндік орны бар Алашорда қайраткерлерінің атқарған еңбектері орасан зор екендігі белгілі. Патша үкіметі құлағаннан кейін қазақ автономия­сы жобасын негіздеу және жүзеге асырып, бас-аяғы алты айдың ішінде жалпықазақ съездерін өткізді. Алаш партиясы мен автономиясын дүниеге әкелу, мемлекеттік билік жүйесі мен шекараны айқындау, ұлтаралық және дінаралық қатынастарды реттеу ұлт ісіне жегілген зиялыларының жасампаздық, интеллектуалдық әлеуетін паш етті. Алаш қайраткерлері: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құр­дастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады. Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?», — деп жалпыадамзаттық өркениет, шынайы демократия биігінен ой өрбітсе, Алаш партиясының бағдарламасы арқылы қазақ елінің болашағын, мемлекет ретінде қалыптастыру стратегиясын айқындап берді. Алашорданың қазақ халқы үшін, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін сөз бастап шыққан қайраткерлерінің жобасында сол кезеңдегі іргелі мәселелерді көтерген бағдарламасын жариялады. Бұл бағдарламада жаңадан құрылатын мемлекеттің құрылымы, бостандық, құқық, дін ісі, билік, әскер, салық, жер, білім мәселелері қамтылды.

Осы орайда біздің назарымызды аударып отырған күрделі де маңызды тақырып дін мәселесі. Мұсылман құрылтайлары жұмысына қатысқан Алаштықтар партияның бағдарламасына дін мәселесін жеке тарау ретінде енгізді. Бұлай болуына негізгі себеп, жер мен тіл мәселесі сияқты, дін мәселесі де ұлт бірлігінің символы еді. Ал оны халықтың ауызбірлік құралы ретінде пайдаланбаса, алауыздыққа қызмет етуі ықтимал болатын.  Алашорда үкіметінің жариялаған бағдарламасында дін ісі мемлекет ісінен бөлек болуы, барлық діндердің теңдігін қамтамасыз ету мен ұстануға еркіндік беру қарастырылған. Ислам дінінің ішкі мәселелеріне жататын неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты мәселелер діни қызметкерлерге қалдырылып, қазақта бұрыннан келе жатқан жер дауы, жесір дауы сияқты мәселелер мемлекет қарауындағы соттарға берілуі тиіс екендігі айтылды.

Осылайша дінге қатысты мәселелерді  Алаш қайраткерлері келесідей жолдармен шешпекші болды деп жүйелей аламыз:

  • Қазақтың төл мүфтиятын құру;
  • Діни құқық туралы кеңестер өткізу;
  • Мұсылмандар мүддесін қорғар саяси ұйымдар құру;
  • Елдің даму бағытына сай діннің идеологиялық рөлін анықтау.

Осылайша  ұлттың діни тұтастығы елдің жарқын болашағының кепілі екенін терең түсініп, осыған қатысты мәлелерді шешуде аянбай тер төгіп, ұлтшылдарымыз өздерінің қайтпас қайсарлығы мен табандылығын көрсетті. Діни құқық туралы кеңестердің нәтижелері де баспасөзде жарияланып тұрды. Мәселен, «Айқапқа» шыққан «Қазақтардың діні, құқық һәм жер хақындағы өзара кеңестерінің қорытындысы» туралы мақала осыған дәлел.

Осы уақытқа дейін патшалы өкіметтің отарлауына ұшырап келген қазақтың дін мәселесі сол уақыттарда ушыға түсіп, уақыт талабымен санасуға мәжбүр етті. Ресей патшалығының отаршыл саясаты діни мәселелермен қатар жүргені жасырын емес. Орыстандыру, христиандандыру саясатымен бірге, татар молдаларын қазақ арасына жіберіп, Орта Азиядағы дәстүрлі медреселермен қарым-қатынасты үзуге тырысты. Осылайша ондаған жылдар ішіде қазақ діни тұрғыдан ала-құлалыққа тап болды. Міне осындай күрделі діни жағдайды мемлекет құру ісінде жаңа заманауи зайырлы мемлекет құру идеясы Алаш қайраткерлерінің негізгі мақсаты болды.

 

Медет Халықов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары

ШЫМКЕНТ: ҚАРАТАУ АУДАНДЫҚ КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТ ТҮСІМІН АРТЫҒЫМЕН ОРЫНДАУДА

Алдыңғы

Конституциялық реформа: Азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейту

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *