Әдебиет

ТҰҢҒЫШБАЙ ТӨРЕГЕЛДИЕВ ЖҮРЕК Әңгіме

Ауруханада жатқанына біраз болды. Туылғаннан кінараты бар жүрек есейе келе ауыстыруды қажет ете бастады. Өзіне сәйкес ағза таптырмай қойды. Ақыры донор Қытайдан шығып, бұларды шексіз қуанышқа бөледі.

Өзінен екі сағат бұрын дүние есігін ашқан егізінің сыңары Жанды ертіп, кеше әкесі Қытаймен шекаралас Қарғос өткізу бекетіне кеткен. Соны тағатсыздана күтіп жатыр.

Құдайдың құдіреті, егіз ұлдар аршылған жұмыртқадай бір — бірінен аумайды. Тек шешесі ғана кімнің кім екенін шатастырмай, мынау Жан, мынау Дос деп айтып отырады.

Келесі жазда үйленемін деп жүрген Жанның сүйіктісі Айя басқаларға қарағанда пысықтау болып шықты.

Әке — шешесі бұрын байқамаған ба, байқаса да мән бермеген бе, сол Айя бұларды Жанның тамақ тұсындағы нүктедей қара меңіне қарап ажыратамын деп жүретін.

— Жан аға-ау, қазақтың кер марал қыздары көп қой. Осы тәмпіш мұрынның несіне қызықтыңыз? Мұндай қызға ешқашан мен үйленбес едім, — деп Дос әзіл — шынын араластырып, Айяның көзінше айта беретін. Оған үшеуі де күліп, мәз болатын. Айя ренжімейтін, кек сақтамайды. Қайта жадырап, жайнап бұлармен алысып ойнап кете береді.

Осынысы үшеуіне де ұнайтын.

Дос:

— Менің көгершінім гүлдей көркем, қардай аппақ болады,- деп айтқанмен, бәрібір Айяның әдемілігін, сүйкімділігін мойындайтын.

— Қорықпа, Дос, өзімнен аумайтын қара қызды саған өзім таңдап әперем,- деп Айя да қалыспайтын.

Түнге қарай, ойда жоқта бөлімше меңгерушісі келіп, күткен донорды туыстарың жеткізді. Қазір ота жасауға дайындаймыз деп, телефонын қасындағы медбике қызға беруін өтінген. Түс қайта сөйлескенде, анасы Жан мен әкесін асыға күтіп отырғанын айтқан.

Дос ота сәтті өтіп, ертең түске дейін есімді жиып, көзімді ашармын деп бір алласына сиынумен болды.

Жаңа бірде медбике қыз келіп, қам жемеңіз, ота жақсы өтеді. Бізде қолаңсыз жағдай болған емес. Бәрі өз ісінің маманы. Қайта сау жүрекпен жүз жасайсыз деп, қорқыныш пен уайымды қашыратын дәрі шаншып, күш беріп, ширатып қойды.

Шынында әлгі дәрі бойдағы жаман ойдың бәрін аулаққа қуалап тастады. Қайта өзі операция үстөліне тезірек жатқысы келгендей, ұмтылыс пайда болды бойында. Сонымен арада көп уақыт өтпей, аппақ желеңге оранған екі жас қыз мұны жүрек ауыстыру бөлмесіне әкетіп бара жатты.

*** *** ***

Ота ойдағыдай аяқталғанымен, алты сағатқа созылып, ауыр өтіпті. Жансақтау бөлімшесінде бір апта жатып, жалпы палатаға шыққан. Мұнда келгелі ешкіммен сөйлеспеді, ешкімді көргісі жоқ. Әкесі мен анасы әлденеше рет келген. Оларға қарар беті жоқ, теріс қарап жатып алған. Көз жасы көл боп ақты. Кеудесіндегі жүрегін жұлып алып лақтырғысы келді. Бүйткенше, осы ауру жүрекпен өлгенім жақсы еді деп еңіреп жылады. Жанын қоярға жер таппаған. Енді қалай жүремін? Енді бұл жүрекпен қалай өмір сүремін деп аһ ұрып, қайғыдан қабырғасы қарс айырылғанда, көршілері сай-сүйегі сырқырап, дәлізге қашатын.

Үлкендер басу айтып, сабыр сақтауын сұранғанмен, өздері де тағдырдың мына қатыгездігіне налып, олар да еріксізден көздеріне жас алатын.

Айя да келді. Сыңарынан айырылған жаралы аққудай сыңсуы жан-жүрегін одан бетер қинап, жанының жұлым-жұлымын шығарды. Мұның кеудесіне басын қойып, Жан, Жаным деп зарлағанда мынау дүниені қара түнек басқандай болды. Талықсып құлап, есінен танып та қалды.

Сол күннен бастап, дәрігерлер келушілерге шектеу қойды. Оларды Достың кейінгі өмірі алаңдатты. Әлі орнығып, бекіп болмаған жүрекке салмақ салуға, қобалжуға, уайым-қайғыға салынуға болмайтынын ескертті. Ондай жағдайда дәрігерлердің өте қиын да қымбат жұмыстарының рәсуасы шығып, бұл жүректен де айырылып қалатынын айтты.

Апталар сырғып өтті. Бір мезгіл таза ауа жұтып, аурухана айналасындағы бауда серуендейтін шамаға жетті. Айя жиі келеді. Алғашында жете мән бермепті. Бұрынғыдай емес, жандүниесі Айяның келуін қалайтындай. Жол жаққа қарайлауы жиілей түсті. Айяны көрсе, сол жақ кеуде тұсы өрекпіп, бұлқынып — бұлқынып қалады.

Айя алғашқы кезде бұған қарауға батпады. Үнемі жанарын бұрып, үнсіз егіліп — егіліп кететін.

Өзі оңып жүрмесе де оны жұбатуға тырысты. Биыл оқуыңның соңы. Жақсы бітіріп ал. Диплом өміріңнің ең басты құжаты. Сабақтан қалма деп, ескертіп жүрді.

Айяға да оңай болмады. Болашағының күл — паршасы шыққанына сенер емес. Бақытты күндер, алдағы жоспар, бағыт — бағдарларының быт — шыты шықты. Армандары әдіре қалды. Аспандағы күн сөніп, жердегі барлық қуанышты топан жел суырып әкеткендей, әрі-сәрі күйде жүрді. Небір жаман ойлар келді. Солардан құтылғысы келсе, байыз таппай, меңдуана жеп, басы айналған қойдай Досқа қарай тартатынды шығарды. Соны бір көрмесе, жаралы жаны жай таппайтын жағдайға жетті.

Жан әкесі екеуі Қарғосқа барып, әлемді жаулаған коронавирустың кесірінен, Қытайдан келер донорды ала алмай, Шымкентке жақындап қалғанда түн ішінде көшені кесе шауып өткен жылқыға соғылып, әкесі жеңіл жарақатпен аман қалып, барлық соққыны өзіне бұрып үлгерген Жан ауыр жағдайда осы ауруханаға жеткізіледі. Бірақ соққы өте қатты болғандықтан, аман алып қалу мүмкін болмапты. Сөйтіп егіз жүрек орын алмасып, Достың дімкәс жүрегі Жанмен бірге жер қойнына тапсырылады.

Дос жол жаққа жалтақ-жалтақ қарайды. Айя неге кешігіп жатыр? Жүрегі шаншып — шаншып, бұлқынып қойды. Өзі таң қалып отыр. Қанша көріп жүрсе де Айяны мұншалықты көңіл аударатын қыз деп қарамапты. Ағасының болашақ әйелі, жеңгем деп қана санайтын.

Бұл әрдәйім өз сыңарын өзге жерден іздейтін. Ендігісі не? Болмысы қаламайтын қызды енді көргісі келе беретіні несі? Әлде мұны өзгерткен Жанның Айяны шексіз сүйген жүрегінің әмірі ме?

Достың миы мың қатпар ойдың шешімін таппай аласұруда. Екі көзі қақпа жақта. Айя жоқ. Неге кешігіп жатыр? Неге?

Кенет Айя да көрінді. Қасында ұзын бойлы жігіт. Келісті де әдемі. Бұл шошынып, орнынан түрегеліп кетпек болған. Бірақ Айяның риясыз күліп келе жатқанын көріп, іркіліп тоқтады.

Қыз жүрегі сезімтал, сезгіш. Достың да жүрек әмірінен алшақтап кете алмайтынына сенді ме, жүгіріп келіп, мұны құшақтай алып, бауырына кіріп, жүрек тұсына басын қойып жылап жіберді.

— Інім Қаршыға ғой… Жанмен қашан таныстырасың деп жүр еді. Бүгін ауылдан келді. Жігітімнің аты Жан-Дос деп айттым… Танысып қоясың ба? — деп жәутеңдеп бұған қарады.

— Әрине, әрине …

Достың да үні бұзылып, көзіне келіп қалған екі тамшыны көрсетпей, Қаршығаға қол ұсынып, оны құшақтай берді.

Сабырбек  ОЛЖАБАЙ КЕРМЕК ДӘМ         (Әңгіме)

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС ӨНДІРГЕН ӨНІМ КӨЛЕМІ 103 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *