Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ГАЗ ТАРАТУ СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ  

Бүгін Шымкент қаласында №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Бұл – еліміздегі ең үлкен газ тарату станциясы. Оның қуаттылығы сағатына 250 мың текше метрді құрайды.

Айтулы нысанды іске қосуға арналған салтанатты рәсімге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «QazaqGaz» ұлттық компания» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты.

– Шымкент қаласы қазірдің өзінде сағатына 250 мың текше метр табиғи газ пайдаланады. Бұған дейінгі екі АГРС-тің жиынтық қуаты сағатына 180 мың текше метрді құрайтын еді. Осыған байланысты қалада газдың қысымы төмендеп, тапшылық байқалған болатын. Ал, №3 автоматтандырылған газ тарату станциясының іске қосылуының арқасында осы проблема толығымен шешілді. Тұтынушылармен техникалық шарт жасасуға жарияланған мораторий биыл 31 қаңтардан бастап алынып тасталды. Содан бері 5 мың абонентпен шарт жасалған. Енді сол абонентерге, жалпы, қаладағы жаңадан ішкі жүйелері жүргізілген барлық елді мекендерге газ беруге мүмкіндік туындап отыр. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жақсарту жолындағы маңызды қадам, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Айта кетейік, нысанның құрылысы 2019 жылы басталып, 2021 жылдың соңында аяқталды. Мамандардың айтуынша, бұл өрт қаупі жоғары станция болғандықтан іске қосу жұмыстары жылыту маусымы аяқталған соң, жылы әрі құрғақ мезгілде жүзеге асырылып отыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың барынша көп бөлігін табиғи газбен қамтуды бізге басты міндет етіп қойып отыр. Осыған байланысты газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарып келеміз. Бүгін Шымкентте іске қосылып отырған жаңа станция соның жарқын көрінісі, – деді С.Жаркешов.

КАТЭК инженерлік-жобалау компаниясы Шымкент қаласындағы өкілдігінің жетекшісі – авторлық қадағалаушы Өміртай Байтұрсыновтың айтуынша, бұл станция «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының №45 торапты-кранына қосылған.

– Магистралды газ құбыры арқылы 80-100 атмосфера қысыммен табиғи газ келеді. Бұл – өте жоғары қысым. Көгілдір отынды бұл күйінше елді мекеннің аумағына кіргізуге болмайды. Автоматтандырылған газ тарату станциясының міндеті – газдың қысымын төмендетіп, қалаға 10 кгс деңгейінде жеткізіп отыру, – деді Ө.Байтұрсынов.

Мамандар айтуынша, №3 АГРС-тің қосылуының нәтижесінде Шымкент қаласында алдағы бірнеше жыл бойына газ тапшылығы туындамайды.

«Шымкент келбеті» – Айдар ҚҰЛЖАНОВ, Фото: Серік ҚОСАЕВ.

САБЫРБЕК ОЛЖАБАЙ: ТӨРКІНДЕП ҚАЙТҚАН КЕЛІНШЕК  

Алдыңғы

ҚЫЗДАР АРАСЫНДА ЖАСТАР ЛИГАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫЛАРЫ ВОЛЕЙБОЛДАН ЖАРЫСТЫ  

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *