Әдебиет

САБЫРБЕК ОЛЖАБАЙ: ТӨРКІНДЕП ҚАЙТҚАН КЕЛІНШЕК  

(ӘҢГІМЕ)

Алыстан келген жүрдек пойыз алқынып тұрды. Жүктерімізді көтеріп билетте көрсетілген купеге кірдік. Ерлі-зайыптылар астыңғы орынға жайғасқан екен. Шалғайдан шаршаңқырап келе жатқандары аңғарылады. Дастархандары жиналмапты. Төсеніштерінде газет-журнал шашылып жатыр.

Әңгімеміз жараспады. Оның үстіне «ерлі-зайыптылар арасына есі кеткен түседі» деген де бар. Томсырайып жатқан күйеуінде томырық мінез бар сияқты болып көрінді. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде». Кім білсін, бәлкім шаршаңқы көңіл шашыраңды әңгімені қош көрмей келе жатқан шығар.

Шымкенттен шыққан отарба Түлкібасқа жеткенде біраз аялдаған.

— Саған не әкелейін? — деді күйеуі сыртқа шығып бара жатып.

Айтпақшы, купеге кірген бетте танысқанбыз. Жігіттің есімі — Тасболат. Иықты, білекті жігіттің расында қаржымды екені сырт тұлғасынан байқалады. Келіншегінің есімі — Гүлбала. Оған да өз есімі жараса қалған. Гүлдей жайнаған келіншек күйеуіне балаша еркелейді.

Тасболат бір дорба азық-түлік алып келіпті. Жолға деп ала шыққандарымды мен де ортаға қойдым. Гүлбала шай құйып отырып та күйеуіне еркелеумен болды. Қарын шіркін жұбанған соң бір-бірімізден жөн сұрасуға көштік. Оның үстіне «жол қысқарту» деген тағы бар.

  Ауылымыз пойызбен шыққанда үш күндік жер. Көптен бара алмаған едік. Сыныптастар жиырма жылдыққа шақырыпты. Содан еңбек демалысын алып, Тасболат екеуміз төркініме тартып кеттік. Ой, несін айтасыз, керемет бір кездесу болды. Сағынысып қалыппыз. Ауылдағылар үш күн, үш түн бойы ұйықтатпай, құдасындай сыйлады. Тасболатқа «күйеу» деп костюм-сым кигізді,- деді Гүлбала.

  О, төркіндеп келеді екенсіздер ғой. Қайың жұрт қоржынды толтырып жіберген шығар,- деп әңгімеге май тамыза түстім.

Төсек орынның астында тең-тең қапшық жатыр. Шеше байғұс төркіндеп келген шалғайдағы қыздан ештеңені аямаған сыңайлы.

Қою қараңғылықты қақ жарып пойыз жүйткіп келе жатты. Жол-жөнекей ұйқылары әбден қанған-ау шамасы, Тасболат пен Гүлбала жатуға ыңғай танытпады. Жолға шықсам менің де маубастығым жоқ-ты. Әңгіменің жалғаса түскенін қаладым.

Тасболат ішімдік атаулыдан татып алмайды екен. Алматыға түсе салысымен тығыз шаруаларым алдымнан шығатындықтан ішімдіктен мен де тартыншақтап келе жатқанмын. Ендігісі емен-жарқын әңгіме тиегін ағыту ғана. Төртінші серігіміз жап- жас бала екен, әлдеқайда жоғалып кетіп, екінші қабаттағы төсегіне қисайды да ұйқыға бас қойды.

Кешегі күннің қимас сәттері көкірегіне өшпестей жазылып қалған-ау, Гүлбала сонау бір сағымға оранған балғын балалық шағын жиі еске түсірумен болды. Біз оның елжіремелі күйін іштей ұғындық та үлбіреген сезімін сарқа тауысқанша сөзін бөлмеуге тырыстық. Тасболатты томырық мінезді адам-ау деп текке жазғырыппын: ауызын ашса көмекейі көрінетін ақжүректің нағыз өзі, адам жатырқауды білмейді, ақжарыла күледі. Келіншегіне күлімдей қарай қалыпты. Осы екеуінің бірін-бірі балаша еркелетуі маған тосын да қызық көрінді. «Бір-біріне деген ыстық сезімдері суынбаған қандай бақытты жандар» деп сүйсіндім. Гүлбала ауызын әнтек ашып, жымия күлді. Оның бір қызық әңгіме айтқысы келгенін түсіне қойдық.

  Біздің сыныпта Жақыпбеков деген бір оқушы болды,- деп бастады Гүлбала,- сабақты нашар оқитын. Оныншыны бітірерде тарих пәнінен емтихан тапсыратын болдық. Кезек Жақыпбековке келді. Мұғаліміміз бір аяғын сылтып басып жүретін кісі еді. Көбіне қолынан таяғы түспейді. Қаталдығынан қаймығатынбыз. Тақтаға Жақыпбеков шықты.

  Фамилияң кім?

  Жақыпбеков.

  Билет нөмірі?

-Отыз жетінші.

  Жарайды, баста, батыр.

  Бірінші сұрақ. «Лениннің комсомолдың алғашқы съезінде сөйлеген сөзі». Ленин — революционер. Ол патша үкіметін құлатып, кедейлерге теңдік алып берген. Ленин бізге «оқы, оқы және оқы» деген.

  Кіріспеңе келістім. Енді сол Ленин атаңның жастардың алғашқы басқосуында не дегенін айт,- деді ағай.

  Ленин ата, Ленин ата. Күн көсем жастарға «оқыңдар» деген. Ия, «оқыңдар» деген. Ағай, күн көсем солай тұп-тура «оқыңдар» деген. Съезде «тәрбиелі болыңдар, үлкенді сыйлаңдар» деді.

Түсіпбек ағай журналдан басын көтеріп алды да:

  Ленин ата жастар алдына қандай міндеттер қойды?- деп сұрады.

-Ленин атаның жастар алдына қойған міндеттеріне келсек, ол кісі «оқыңдар» деген.

  Сен өзі көбірек оқып жібергенсің-ау, шамасы. Екінші сұраққа көш,- деді Түсіпбек ағай сәл түнеріңкіреп.

  Екінші сұрақ. «XVIII ғасырдағы Сібір». Ағай, білесіз бе, XVIII ғасырда да Сібірде қатты суық болған. Орманның ішін сірескен қалың қар басқан. Су мұз болып қатқан. Адамдар ит жеккен шанамен жүрген. Орманның арасында мынадай- мынадай (Жақыпбеков қанатын жайып қомпия қалды) аюлар жүрген, ағай.

  Не дейсің?

  Мынадай-мынадай аюлар жүрген деймін.

Жақыпбеков қос қанатын жайып, қайтадан қомпия қалды. Ағайдың ашуы мұрынының ұшына келді-ау шамасы, «өзің аюсың» деп таяғын Жақыпбековке қарай бағыттады. Жақыпбеков жалма-жан сақтық шарасына көшіп, тұра қашты. Абырой болғанда таяқ мүлт кетті. Содан бері Жақыпбековты «аю» деп атаймыз. Осы «аю» досымыз бүгінде үлкен құрылыс компанияларының бірін басқарады. Өзі де аю сияқтанып дөңгеленіп алыпты,- деп аяқтады әңгімесін Гүлбала.

  Расында, қызық әңгіме екен,- деп рақаттана күлдім. Тасболаттың күнделікті есітіп жүрген әңгімесі-ау деймін, езу тартумен ғана шектелді.   

Мен Гүлбалаға «тағы бір әңгіме айтыңыз» дедім.

  Қандайы?

  Бізге бәрібір. Тек қызықты болсын.

  Мектептегі махаббат туралы айтайын,- деп сыңғырлай күлді Гүлбала,- Болат, сен мені текке қызғанып жүрме. Мектептегі балауса сезім ғой. Басқа түк те емес.

  Айтсаңщы енді,- деді Тасболат.

  Айтсам, тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімізде маған оныншыдағы бір жігіт өлердей ғашық болды.

Келіншек күйеуіне «әсері қалай болар екен?» дегендей көзінің астымен қарап қойды. Тасболат сыр бермеді.

  Әлгі жігіт жолдасы арқылы күн сайын хаттар жібереді де тұрады. Не жазғанын білгім келіп іштей ынтығып тұрсам да намысым тұсаулап, былай шыға хатты парша-паршасын шығарып жыртып тастаймын. Хатты оқымай жыртып тастап жүргенімді сезді-ау деймін, бір күні жолдасы келіп: «тым құрыса осы хатты оқышы» деп өтінді. «Оқысам, оқиын» дедім. Сөйтіп, үйге келгеннен соң сабақ қарамақ болып бөлмеме келіп конвертті ашпаймын ба? Бұрын-соңды жігіт хатын кім оқыған, денем дірілдеп, қолым қалтырай бастады. Жүрегім ауызыма тығылғандай ма, қалай? «Сүйіктіме» деп ерекше белгі қойылган хатты зорға оқығаным есімде. Көз алдым тұманданды. Хат орауын ашып оқи бастадым. Өз көзіме өзім сенер емеспін. «Жаным Жәмилә!» деп басталыпты үшбу хат. «Жанымы несі? », «Жәмиләсі несі?» деймін таңырқап. Сөйтсем, бұл пақырыңның «А» сыныбындағы Жәмиләда да дәмесі бар екен ғой. Екеуімізге қарлығаш хаттарын қатар ұшырып отырған. Бірде жолдасы шатасып Жәмиләға тиесілі хатты маған әкелген. Ашып оқи қойғаным мұндай жақсы болар ма? Басқаға жазылған хат болғаннан соң ба, тынысым ашылып, хатты ежіктеп оқи бастадым. Дегенмен, өзі хат жазуға әбден машықтанып алыпты. Кітаптарды көп оқиды-ау шамасы, Жәмиләға төгілдіріп жан сырын жайып салыпты. Бірнеше қайтара оқып шықтым. Жатық жазылған. Парақтың бос жеріне «Жәмиләңмен жарасты бол! Бірақ, «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» дегенді де ұмытпа» деп баттита жаздым да жолдасының қолына ұстата қойдым. «Жауап келді-ау әйтеуір» деп қуанса керек, әлгі ғашығым хатты жалма-жан ашып оқыпты да түнеріп сала беріпті. Содан бері бұл пақырың мені көрсе қашқақтап жүретін болды. Кім білген, жаңылыспай хат қолыма тура тигенде балғын жүрек оның сезіміне бағынғандайда ма еді? Кейіннен сол жігіт үріп ауызға салғандай әсем бір қызға үйленді. Өкініштісі, артынша ажырасып кетті деп естідік,- деп аяқтады әңгімесін келіншек.

Тасболатқа көз қиығымды жүгірттім. Аздап қызыл қошқынданыпты.

  Бәрібір саған бұйырдым гой,- деп бұртиды Гүлбала.

Маған Тасболат өкпесін тез ұмытып, жадырағандай көрінді.

Желдей ескен жүйрік пойыз жер апшысын қуырып зымырап келеді. Жол бойындағы бағана шамдары әйнекке шағылысып, бөлмеге түрлі сәуле себезгілейді. Алыс күндердің арайлы таңдары аңсарлы бақыт ұсынып тұрғандай ертеңімізге асығатын әдетіміз ғой. Жатудың қамымен сыртқа шықтық. Гүлбала жатар орынды реттемек болып іште іркіліп қалды. Дәліз қарабарқыттанып тұр екен. Әйнектен қалмай жанасып, қарақошқыл ағындай зулап қалып бара жатқан тал-теректер көрінеді. Сонау алыста малшының ба әлде дала қосының ба оты жамырайды. Тіршілік шіркін қашан да алға талпынады ғой. Мына зымыраған пойыздай зырлауық көңіл алыстарға самғайды. Иә, жер басып жүргендердің барлығы да тіршілік отының маздай беруі үшін күреспей ме? Алыстағы ағараңдаған сәуле мені де тұңғиық ойға жетеледі.

Тасболат екеуіміз тамбурға шықтық. Ол темекі тұтатты. Сөйлесіп ұзақ тұрып қалдық.

  Аға, осы келініңізбен тағдыр тоғыстырғалы бері төрт құбылам түгелденгендей. Бір көргеннен құлай сүйдім. Әлі де сүйемін. Менің жанымды Гүлбаладай түсінетін мына әлемде ешкім жоқ,- деді Тасболат темекі түтінін кұныға жұта тұрып.

  Ақылды адам екені көрініп тұр,- дедім.

Басқа сөз ауызыма түспеді.

Қайтып келсек, Гүлбала жатып қалыпты. Көрпе тысынан оның тоят төсінің бір көтеріліп, бір басылып жатқаны анық байқалды.

Таңертең тұрсақ, пойыз Алматыға жақындап қалыпты. Қара түнектің көбесі сөгіліп, айналаға ақ нұр себезгілей бастаған. Купенің терезесін ептеп ашып қойдым. Таңғы шықтай таза ауа тынысымды ашты. Қалаға әлі кіре қоймаппыз. Боз жусанның иісі бой- бойымды аралап өткендей, жеңілдеп қалдым. Жастық шағымның ең бір жалынды күндерін өткерген ару Алматы менің де сағынышым. Оралмасқа кеткен студенттік шақтар еске түсіп, жүрек жаншылды. Қымбат та қимас күндер қайта айналып келмесін ойлап, өзек өртенді. Барқыт бақыт пен мөлдір махаббат ұсынған ару қала әр келген сайын оттай ыстық көрінеді. Бәлкім, бал күндерді қалдырған жер бақилыққа дейін әр адамның жүрегінде өшпестей болып таңбаланып қалатын шығар.

  Тұңғиық терең ойға беріліп кетіпсіз ғой, аға,- деген дауыстан селк еттім. 

Гүлбала ғой.

  Тасболат қайда?

  Темекі тартуға кетті. Адамдарды аспандататын да, жермен жексен ететін де, қуандыратын да, суалдыратын да, өсіретін де, өшіретін де — бір ауыз сөз. «Айтқан сөз — атылған оқ» деген бұрынғылар. Әйтсе де, ауызымыздан аңдаусызда бүкіл тағдырды тас-талқан етер бір ауыз сөздің оқыстан шығып кететінін, сондықтан екі елі ауызға төрт елі қақпақ қою керек екендігін біз парықсыз пенделер ылғи да ұмытып кете береміз. Сонымыздан опық жейміз. Өмір бойы өзімді көшіре алмастай сол бір сұрақты Гүлбалаға неге қойдым екен деп сәт сайын бармақ тістеумен келемін. Қай түлен түрткенін білмеймін:

Гүлбала! Төркінде армансыз ұзақ жатыпсыздар. Балаларды неге ерте бармағансыздар? Нағашыларына барып, аунап-қунап қайтар еді ғой,- дедім өзімше білгішсініп.

-Аға, арамызда әлі де алданыш жоқ. Қаралмаған дәрігер, бармаған әулие-әмбие қалмады. Тағдырдың маңдайға жазылғаны осы шығар,- деді дауысы құмығып шығып.

Тілімді жұтып қойдым-ау сонда. Не деген парықсыз едім деп өзімді-өзім жатша сөктім. Гүлбалаға қарасам, жүзінде әлденеге деген сағыныштың, сонымен бірге түсініксіз торығудың табы бар екен. Жанарына қос тамшы жас іркіліпті. Ет жүрегімді тағы да түсініксіз иірім толқыны талықсытып тастады. Өң бойым шымырлап, беймаза бір күй кештім.

  Кешір, айналайын,- деуге тілім зорға келді.

Алматының базарлы вокзалы жолаушыларды улап-шулап қарсы алды.

  Үйіміз қаланың сыртында. Үйге жүріп бірер күн аунап-қунап қайтыңыз,- деді Тасболат.

Риясыз көңілімен айтып тұрғаны жылы жүзінен, күлімдеген көзінен көрініп тұр.

  Тығыз шаруаларым бар еді,- деп қашқақтадым.

  Ешқандай қымсынбай үйге келіңіз,- деп Тасболат қалта телефонының нөмірін жазып берді,- Гүлбала екеуміз қуана қарсы аламыз.

  Уақытым болса хабарласармын.

  Қош, аға! Саулығыңызды тілейміз. Хабарласыңыз. Күтеміз.

Жүктерін арбаға тиеп, қолтықтасып алған жұбайлар құмырысқадай қаптаған адамдар иіріміне бірте-бірте сіңіп, көзден тасалана берді. Сапырылысқан сан мыңдаған жүргіншілер арасында жалғызсырап, жаным жаншылып келе жаттым. Өң бойымды қай сезім серпілісі толқытқанын білмеймін, жүрегім езіліп, кеудеме бір өксік тығылды. Алматының өтпелі жаңбыры себелеп өтті…

 Сабырбек ОЛЖАБАЙ.

 

«ҰЛТТЫҚ КИІМ — ҰЛТ АЙНАСЫ» ФОТОЧЕЛЛЕНДЖІ БАСТАУ АЛДЫ  

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ГАЗ ТАРАТУ СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ  

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *