ЖаңалықтарҚоғамМәдениетРуханиятТарих

Башқұртстанда «Ұлы дала: Кеңістік. Уақыт. Мәдениет» көрмесі ашылды

Башқұртстан Республикасы Ұлттық музейінде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында «Ұлы дала: Кеңістік. Уақыт. Мәдениет» көрмесі ашылды – деп хабарлайды Ұлттық музейдің баспасөз қызметі.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» көрермен назарына ұсынылды. Жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын бастаған еді. Ауқымды шара шеңберінде Европа мен Азия жетекші музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өткен болатын.

 Көрмені Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабиров, ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев ашты.

Ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы екі ел арасындағы тығыз мәдени байланысқа тоқталып өтті..

«Бүгінгі көрмеге қош келдіңіздер! Қазақ халқында «Өнерде жоқ шекара», – деген қанатты сөз бар. Өнер мен мәдениет сонау ықылым замандардан бері ел мен елдің арасын жақындастыруға қызмет жасап келеді.

Қазақстан мен Башқұртстан мемлекеттері осы игі дәстүрді жалғастырып, салиқалы саясат жүргізіп отыр. Міне, бүгін сол жасампаз достық саясатының арқасында сіздермен жүздесіп отырмыз. Башқұртстан Республикасы Ұлттық музейінің басшылығы мен қызметкерлеріне осы көрмені ұйымдастыруға ат салысқаны үшін алғысымды білдіремін. Көрермендерге Ұлы даланың жауһарларынан сыр шертетін көрме ерекше әсер қалдырады деген ойдамын», — деді А. Мұхамедиұлы.

Жиналған қауым Башқұртстан Республикасы Ұлттық музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған  конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын  және  осы жас ақсүйек сақ жауынгерімен  бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалады.     

Сонымен қатар, көрмеде Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді.  

Аталмыш көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 125 зат ұсынылды.

Сондай-ақ, көрме аясында «Мәдениет кеңістігіндегі музейлер: уақыт талабы және жаңа шешімдер» атты панельдік секциясы өтті. Онда спикер ретінде археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев сөз сөйледі.

Айта кетейік, Ұлы дала: Кеңістік. Уақыт. Мәдениет» көрмесі 2022 жылдың 29 мамырына дейін жалғасады. 

 

 

 

 

АШЫҚ ДИАЛОГ ОҢ НӘТИЖЕ БЕРУДЕ

Алдыңғы

ҚАСТЫҚ ЖАСАЙ АЛМАЙДЫ ҚАЗАҚҚА ЕШКІМ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *