ӘдебиетҚоғамМәдениетРуханият

Гүлсара РАСУЛҚЫЗЫ: Егер өзгеден ерекшеленгіңіз келсе, шынайы өмір сүріңіз

Гүлсара РАСУЛҚЫЗЫ: Егер өзгелерден ерекшеленгіңіз келсе, шынайы өмір сүріңіз

Өзен ағысымен өлі балық қана жүзеді. Ал мықтылар өз дегеніне жету үшін күреседі. «Өмірдің қара сызықтары туды ма – еңсеңді түсірме, өзіңе сеніміңді жоғалтпа. Өйткені ең ұзақ түннен кейін де таң атады» дейді Омар Хаям. Сол айтқандай, Оңтүстіктей киелі өлкеде өмірдің қиындығына қасқая қарсы тұрып, күресіп келе жатқан, жаны нәзік те ойшыл  Гүлсара Расулқызы атты қасиетті қаламды серік еткен қаламгер бар. Гүлсараға ақ қауырсынынан тамаша шығармалар тууына тілек білдіре отырып, назарларыңызға оның берген сұхбаты мен бірнеше өлеңін ұсынуды жөн көрдік.

***           ***                 ***
— Өзбекстаннан қашан көшіп келдіңдер?  Ата-бабаңның қонысы ма  әлде ел басына нәубет төнгенде кеткен бе?

-Алдыменен қайырлы күн болсын, сұхбатқа арнайы шақырту алғаныма қуаныштымын.Қазақстанға яғни Атамекенге 2012-жыл отбасымызбен көшіп келдік. Мақсатымыз біздің ұрпақ ғұмырын, білімін, қызметін өз Ата жұртында жалғастырса екен деген ой болды. Ата-бабаларымыз Шымкент облысы Сарыағаш ауданының тумасы, Сарыағаш шекарасының арғы жағы Өзбекстанға қарасты Жаңажол ауданында тұрдық. Кезінде малға жайылым іздеп әр жерге қоныстанып, соңында Жаңажол ауданына тұрақтаған екен.

Әкемнің әкесі қазақ жеріне кетуді көп армандапты. Соғыстан бір қолсыз келген үлкен атам сол шағын ауылда асарлатып мектеп салып,  қазақ тілінде оқыту үшін жоғарыдан әрең рұқсат алған екен, ол 1944-жылдар. Өзі сауатты кісі болғандықтан қазақ балалары өз ана тілін ұмытып кетпесе екен деген игі тілек болған ғой…

— Өзің туралы тоқтала кетсең.

-Өзім 1978-жыл 7-қазан айында Өзбекстанның Ташкент облысы Жаңажол ауданында екінші перзент болып дүниеге келдім.

Қазіргі уақытта тұрмыстамын, бір ұлымыз өсіп келеді, шүкір. Жоғары оқу орнын бітірдім,  он алты жылдық еңбек өтілім бар.

Қазіргі таңда жұмыс істемеймін, бірақ ақпараттық сайттар мен жекеменшік газеттерге мақалалар жазып тұрамын.

Үйде отыруымның себебін алдымен айтсам ба, айтпасам ба екен деп көп ойландым. Бірақ Алланың қалауымен болып тұрған жәйтті кімнен жасырайын.

2015-жылдан бері ауыр сырқат жанымды жегідей жеп келеді. Оның үстіне дәрігер мамандардың «Өмірің аздау қалды, мұндай аурулар өте сирек кездеседі және де 37-38 жас аралығына дейін ғана өмір сүреді» деген сөздері бар, не керек өмірге деген құштарлығым отқа су құйғандай сөнді де қалды. Өйткені сол кезде 37 жаста едім. Бар уайымым ұлымды ойлай берем, менсіз жағдайы не болады, қандай күй кешеді? Бұрынғылар бекер айтпаған ғой » Әкесіз жетім гүл жетім, Анасыз жетім тұл жетім» деп….

Шынымды айтсам,  2015-2019-жылдар аралығында қатты күйзеліске түсіп кеттім. Сол жылдарды еске алу маған өте ауыр,  неге екенін білмеймін таңертең көзімді ашсам  «шүкір» деудің орнына » ойбуй, әлі тірі екенмін ғой» деген ауыр сәттерді де бастан кештім.

Дегенмен Өмір сүргім келді, ұлымды жетілдіргім келді. «Тым болмаса мектеп тәмәмдап жоғары оқу орнына түсіп кеткенше өлмей тұрсам екен, ал сосын не де болса дайынмын» деп Аллаға жалбарынамын. Өлімнен емес, балам күйзеліске түсіп, теріс жолға кетіп қалмай ма екен деген қорқыныш болды.

Ал қазір шүкір Аллаға, дәрігерлердің емес Алланың айтқаны болады дегені рас екеніне көзім жетті. Өзімді өзім қолға алып, 2019-жылдан бастап өлмеудің әрекетін жасадым, өз-өзіме мотивация беремін, мен әлі толық жазыламын деп. Қазір физикалық  тұрғыда толыққанды айығып кетпесем де, моральдық тұрғыда әбден сауықтым.

Аллам сүйген пендесіне көтере алатындай сынақ берген екен, ол сынақта мен неге сынып кетуім керек, дәрігердің бір ауыз көп өмірің қалған жоқ деген сөзіне неге мән беруім керек? Міне, алты жылдан бері тірімін, бармын. Мұның бәрі бір Алланың арқасы деп білемін және де жанымнан бір елі ажырамаған, күдер үзбеуімді өтініп, үміт отын сөндірмеген жан жарым, ата-анам, енем, бауырларымның арқасы.

—Ол аурумен қанша жыл өмір сүретінді қай дәрігер айтып жүр? Негізі ондай жағдайда ақ желеңді абзал жандарымыз барынша  жасырып, жақсы сөзбен емдемей ме науқасты?

-Ташкент пен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мен қаралмаған нейрохирург пен невропатолог қалмаған шығар деп ойлаймын. Әртүрлі дәрігерлер бар ғой, «мен ем алмаймын, тек қана ауру басатын дәрі жазып беріңіздерші» дей беретінмін. Сонда Ардақ деген дәрігер (тегін айтпай-ақ қояйын) ашық кітапты алдыма тастай салды да оқы дегендей ымдап өзі теріс қарап алды. Кітапта ауру туралы толық мәлімет берілген, дәрігерлер «Неге күрескің келмейді?», «Неге ауруға беріле салдың?» деп жанашырлық танытып шындықты айтты деп ойлаймын. Мүмкін мен сол шындықты білген соң ғана өлмеудің әрекетін жасаған шығармын. Дегенмен, бәрі бір Алланың қолында. Сол себепті дәрігерлерді жазғырғым келмейді.

Кейде мұндай жағдайда ащы болса да шындықты айтудың пайдасы да бар екені  белгілі ғой.

— Балғын балалық шақ пен жастық шақтағы ең қызықты оқиғаны айтып берсең.

— Бала кезден тұйықтаумын өзі. Бірақ балалық кезде ең тәтті кезеңдер, оқиғалар естелік болып қалды ғой.

Мектеп кезінде күзде мақта ашылды дегеннен бастап, мектеп жабылады, сонымен үш ай мақта теруге шығамыз. Демалыс жоқ. Сыныптас қыздар бәріміз бір күні мақта терімінен әбден жалығып кеткенде, мақтаның сабағын кесіп екінші сабақты крест етіп ақ мақтамен орап шықтық, кәдімгі орыстардың мазаратына қойылатын крест болды да қалды. Әр крестті мектеп мұғалімдері мен директор өтетін жолға  сұғып, ақ қағазға есімдерімізді жаздық та крестке ілдік. Үлкен ақ қағазға «бұл қыздар өмір бойы мақта теріп, ақырында мақта даласында ерлікпен қаза тапты» деп жазып қойдық. Балалық қой.  Сол күні кешке директор штабқа шақырып, әбден  ұрысқан еді.

— Әңгіме де, өлең де жазасың. Шығармашылықпен айналысуға не әсер етті?

-Өзге жұртта тұрып, өзге тілде мектепті бітіріп, жоғары оқу орнын оқыдым.

Бірақ әкем өнерге жақын адам ғой, ән айтатыны, өлең жазатыны бар аздап. Мүмкін әкемнің әдебиетке қызығушылығы, өлең жазуы дарыған болу керек маған деп ойлаймын.Үйде кітап сөресі болатын, іші қазақ тіліндегі көркем әдебиеттер және де поэзиялық жинақ кітаптарға  толы тұратын.  Сол кітаптарды жастанып оқитынмын. Қиялыммен небір сценарийлер құрып тастаймын, баламын ғой, ол кезде арман, мақсат өте көп еді. Өз ойымша қысқа метражды фильмдерге сценарийлер де құрастырамын.

Әңгімені бұрыннан жазып жүремін, көргенім, түйгенім және де ойдағы сценарийлерді әңгіме етіп қағазға түсіремін.

Ал поэзияға келсек, өлең жазуды бастағаныма көп болған жоқ. Менің жаныма жақын жанр — лирика.

Өлең жазсам іштегі шерді тарқатқандай жеңілдеп қаламын. Ал махаббат жайлы өлеңдер оқырмандарға көбірек ұнайды, өзіме де ұнайтын болған соң,  сол тақырыпта көбірек қалам тербеймін.

Мүмкін басқа ақындар өз шындығын өлең етер, ал мен қиялдың адамымын. Қиялға көп берілемін, сөзден гөрі ой жақсы мен үшін.

— Қай қаламгерді көп оқисың?

-Маған кітап немесе өлең оқыған кезде авторы емес кітаптағы жазылған дүние маңыздырақ. Өйткені, әрбір жазушы немесе ақын үнемі шедевр жаза бермейді.

Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың  «Балалық шаққа саяхат» атты шығармасы ұнады. Мен кітапті көп оқимын, егер шығарма мені тартып әкете алмаса,  босқа уақыт кетірмей кітаптың бетін жаба саламын.Оралхан Бөкей, Жұмекен Нәжімеденов, Жұматай Жақыпбаев, Мұқағали Мақатаев, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Шаханов шығармаларын көп оқыдым. Тыныштықбек Әбдікәкімұлын үзбей  оқимын.

Ал қазіргі осы дәуір ақындарынан Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс, Мирас Асан, Жадыра Байбұланованы көбірек оқып жүрмін.

— Сен үшін өмірде не маңызды?

-Өмірде мен үшін шынайылық ең маңыздысы. Шынайылықтан мейірім, сыйластық, түсіністік, махаббат туындайды. Мысалы табиғат шынайы ғой, Алла қалай жаратты әлі де сол қалпында. Сол себепті де табиғат ерекше әдемі, оған сүйсіне қарай бергің келеді.

Адамдардан да шынайылықты іздеймін.

«Адамдар үнемі сынап-мінеуді жаны сүйіп тұрады. Кей-кезде сынның да өз орны болады. Мəн беріп жатпайсың… Бір сəтке тіптен басқаша болғың келеді. Бірақ, бола алмайсың. Мүмкін бар ынтаңды салып, тырысып көруге болатын шығар. Бірақ, толығымен өзгере алмайсың. Неге? Себебі: сені солай жаратқан, сен солай жаратылғансың.. Біреуге бір сəт ұнау үшін өзгеруге болатын шығар… Бірақ шынайылығыңнан айырыласың… Өзгеге ұнармын деп, өзіңнің қалай жасандылықпен өмір сүріп жатқаныңды сезбей де қаласың… Бəріміз пендеміз. Бəріміз қателесеміз. Қателер түзелер, адамдар өзгерер, бірақ шынайы болу адам жанының ерекшелігін көрсетеді … Егер өзгеден ерекшеленгіңіз келсе,  шынайы өмір сүріңіз, шынайы жақсы көріп, шынымен сүйе біліңіз!!! Жасанды керім жаннан, шынайы қарапайым адам биік тұратынын ұмытпаңыз…» деп жазыппын бір кездері.

— Неден қорқасың?

-Қысқа бірақ та өте ауыр сұрақ. Ақшасыз, үйсіз, тамақсыз, дүниесіз қалудан қорыққан емеспін. Мен жалғыз қалудан қорқамын.

Және де жақын адамдарымды жоғалтып алудан қорқамын. Жақындарымды Аллам әрқашан қолдаса, қорғаса екен деп тілеймін.

— Бақыт дегеніміз не?

-Менің түсінігім бойынша бақыт ол — МЕН! Яғни әр адамның бақыты алдымен өзі. Өмірге келгеннен бастап өмірден озғанша берілген уақытта қаншалықты бақытты сезіне алу өз қолында.Бақытты тек сезіну емес оны сөзбен сыйлап та жатамыз, сыйлық ретінде алып та жатамыз. Өмірмен толыққанды үйлесім тапқан адам бақытты көбірек сезінеді!

Достықта не маңызды?

-Ең алдымен адалдық қой. Адал адамдардың досы да көп болады.

Жастар үшін өмір құндылығы не болу керек деп ойлайсың?

-Адамның өміріндегі ең жоғары құндылық деп оның білімі мен санасын және адами қасиеттерін атар едім. Басқа тіршілік атаулыдан адамды ерекшелеп тұрған осы нәрселер. Адами құндылықтар-ол қасиеттер,  яғни мейірімділік,адалдық, еңбекқорлық, табандылық, сүйіспеншілік, қайырымдылық. Адам осы қасиеттерді иемденсе басқа адамдар алдында сыйлы, маңызды адамға айналады. Яғни, адам үнемі жаман жағын тиып, жақсылыққа ұмтылып отыру қажет. Бұны ерте ғасырлардағы философтар да айтқан. Адамда адами қасиеттер болмаса, ол жануарға айналып кетеді. Адам өзін жамандықтан тазартып отыру керек. Философияда оны катарсис деп айтады. Бұл термин Аристотельдің 《Поэтика》шығармасында кездеседі, бірақ кейбір ғалымдар катарсис терминінің Аристотельден  де бұрынғы ғалымдар айтып кеткендеріне сенімді.

Қазіргі жастар осыны ескерсе екен деймін.

— Болашақта қандай жетістікке жеткің келеді?

-Мен » Кітапханадағы ой» атты шығарма жазып, онда қазақ тілі мен дәстүрінің деңгейі жоғары екені  жайында көрсеткім  келеді. Шетел әдебиеті мен қазақ әдебиетін салыстырмалы түрде үндестіктері мен қайшылықтарын зерттейтін кітап жаза алсам деп армандаймын, бірақ бұл әзірге тек арман ғана.  Ал мақсатым — ұлым елімізге қызмет ететін жақсы маман атанса, ең керемет жетістік осы болар еді мен үшін.

Сұхбатты жүргізген Базаркүл ҚАЛБЫР

ӨЛЕҢДЕР

АЙҒА СЫР…

Тағы отырмын өзіңменен сырласып,

Жүрген кезім ақ көңілді мұң басып.
Түсінетін сен ғанасың көктегі Ай,
Дәрменсізбін,
Жүргеніммен жер басып.
Өзіме тән естісем деп үнімді,
Сәуле төккен тыңда боз ай мұңымды.
Көктен біреу түсінер деп жанымды,
Үнсіз ғана жазып жүрмін жырымды.
Ой бөлісер жан таппадым сырыммен,
Ала таңдай ару едім түрілген.
Жер шетінен мені бір жан ұға ма,
Ғашықпын мен жеткіз оған жырыммен.
Оған деген көңілім бар қанатты,
Қиялдау мен армандаумен таң атты.
Сезіміме куә бол да Ай Ару,
Оған жетсем тоқтата сал сағатты…
            ***     ***     ***
Табиғатсың ,
мен үшін сыры тұнық,
Үнсіздікпен тұрғандай сыр ұқтырып.
Көңіліммен сеземін гүл әлемді,
Үндемейсің, жайымды  біліп тұрып.
Сыйлағансың жүрекке жарық нұрды,
Сары таптай  сағыныш, жалықтырды.
Әсемдікке құштар ем, Һәм қияли,
Талмаусырап өткізем тамық түнді.
Тамашалап түндіктен, ауған айды,
Сыр айтуға жүрегім дауаламайды.
Тамыз желі үп етсе тереземнен,
Өзің барда жүрегім жаурамайды.
Махаббатқа баладым айлы түнді,
Байқадың ба жүзімнен ойлы мұңды?!
Көмкерілген әдемі сөздеріңмен,
Қуанышқа толтырдың айдынымды.
Күзден дерек,
есіп тұр түн самалы,
Жапырақтар сыбдырлап ән салады.
Ай бетінде ару қыз маған қарап,
Жүзімдегі күлкіме тамсанады….
Кем етпесе Жаратқан шапағатын,
Ғашықтардың өшірмес атақ, атын.
Адам талай сәттерді өткергенмен,
Сақтап қала алсыншы махаббатын….
               МЕН
Талайға кек пен кетті есем,
Ол үшін досым сөкпе, сен.
Ұят та шығар, кім білер,
Басқалай ғұмыр көксесем…
Кеудем де емес асқақ тым,
Жеңілдеу бақтан бас тарттым.
Кедергілерден өте алмай,
Тегістеу жерде ақсаппын.
Қолымнан келер сыр сақтау,
Қолымнан келер мұң шақпау.
Қатал да болғым келеді,
Болмысым бірақ, жұмсақтау.
Жүрегім менің тым нәзік,
Мінезім де жоқ ұр да жық.
Әркімге сеніп, алданып,
Көңілім содан жүр қажып.
Жүрегім мұңмен жамалған,
Кемшілігім көп тән алған.
Өзгере қойман, өйткені,
Осылай тудым анамнан.
Емеспін тіпті, тым кекшіл,
(Болмыспен, бәлкім үндес бұл).
Тәңірім, мына пендеңе,
Күнәсі аздау күн кештір!
Гүлсара Расулқызы.

 

ШЫМКЕНТТЕ АЛДАҒЫ ЖЫЛДАРЫ 1 МЫҢ ТӨСЕК ОРЫНДЫҚ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ 86,1 ПАЙЫЗЫ ВАКЦИНАЛАНДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *