Сейдулла САДЫҚОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология (журналистика) ғылымдарының докторы, Түркістанның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері
Түрік дүниесінің түпқазығы, рухани шаңырағы, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің мәңгілік мекені болған қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Соңғы деректерді келтірер болсақ, халқымыздың Түркістанда жерленген хандары мен билерінің, даңқты батырларының жалпы саны 130-дан асып отыр. Олардың 21-і хандар, қилы кезеңдерде таққа отырған ұлт асылдары.
Түркістан атауына мұсылман қауымы әрдайым елеңдеп отырады. «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие баба Қожа Ахмет Ясауидің есімін Түркістаннан немесе керісінше Түркістанды Ясауиден ажыратып қарау мүмкін емес. Ұлы бабамыз Ясауи Түркістанға тұрақтап, сопылық идеяларын уағыздаған ислам дінінің аса ірі, көрнекті өкілі болды. Әулиені рухани көсем санаған мұсылмандар тоғыз ғасырдан бері оның ілімімен бірге жасап келеді.
Кезінде Шығысқа әмірін жүргізген қолбасшы Әмір Темір әулиенің қайтыс болғанына екі ғасыр өткенде қирап бітуге таяған мазар орнынан зәулім ескерткіш-кесене орнатты. Ол осылайша мұсылмандардың ыстық ықыласына бөленген әулие құрметіне ғаламат ғимарат тұрғызу арқылы Ұлы Дала халқының сеніміне ие болды.
Түркістан – бойтұмар мекен, түбі бір түрік халықтары кие тұтар қара шаңырақ. Түркістан – тұнған шежіре. Оның киелі топырағы ғасырлар қойнауынан тарих болып күмбірлейді. Күллі мұсылмандар қауымында екінші Мекке саналатын бұл киелі мекен – он бес ғасыр өресінде түрік тектес халықтардың биік парасаты, ой-өресі, ерлік, елдік келбеті, шер-шеменге толы шежіресі жатқан мекен. Өткен ғасырларға зер салсақ, күллі адамзатқа ортақ әлемдік мұраға мол үлес қосқанымызды мақтан етеміз. Оған тым әріге бармай-ақ әлем мойындаған Қорқыт бабаның, әл-Фарабидің, Махмұд Қашғаридің, Жүсіп Баласағұнидің, Қожа Ахмет Ясауидің, Абайдың, Мақтұмқұлидің еңбектерін алсақ та жетіп жатыр.
Түрік халықтары үшін түстіктегі Түркістан қаласының орны ерекше. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түрік халықтарының Атажұртындағы олардың басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Тарихи дамуда түрік атаулы алып бәйтеректің аясында қазақ, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрік, татар, башқұрт, қарақалпақ, тағы да басқа тектес халықтардың дербес мәдениеті, әдебиеті, ғылым саласындағы мұралары кең өріс тауып, түрік әлемі деген ұғымның ұшан-теңіз рухани қазынасын қалыптастырады десек, осынау ұлы істе Түркістанның атқарар рөлін ешкім де жоққа шығара алмаса керек.
Оныншы ғасыр жазбаларында «Шауғар», «Иасы» деген атпен белгілі болып келген қала кейіннен «Түркістан» аталған. «Түрік» сөзінің түпкі мағынасы – «батырлық, ержүректілік» дегенді білдіреді. Ал «стан» – ел, халық атауларына жалғасатын парсы тілінен келген қосымша. Сонда «Түркістан» атауы – «Батырлар елі» ұғымын меншіктейді. Тарихи деректерге жүгінсек, сонау сегізінші ғасырға дейін Түрік және Батыс қағанатының, одан Түркеш қағанатының құрамына енген Шауғар — Иасы жаугершілік заманда бірде арабтардың, бірде қарлұқтардың, енді бірде оғыздардың билігінде болып келген. Есім хан (1598-1628 жж.) Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етіп бекітіп, өз билігінің тәуелсіз екендігін көрсету үшін ақша соқтырған. Міне, содан ХІХ ғасырға дейін Түркістан Қазақ хандығының астанасы, аса әйгілі экономикалық орталықтарының бірі және ресми әкімшілік орны ретінде қызмет етті.
XVI-XVII ғасырларда Түркістан Ресей мемлекетімен саяси қарым-қатынастар орната бастайды. Сол кезден бастап Түркістан туралы деректер орыс жазбаларында да жазылып отырған. Ресей империясының боданында болған қазақ елінің тағдыры тарихтан жақсы белгілі. 1872 жылы қала Түркістан уезінің орталығы болды. Кеңес Одағы кезінде 1928 жылдан аудан орталығы саналды.
Түркістан – түрік жұртының бас иіп, тәу ететін қаласы. Келешекте туристер миллиондап келетін үлкен шаһар болады деген сенімдеміз.
2021 жылғы 31 наурызда «Түркістан – түрік әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастық бейресми Саммиті бейнеконференция арқылы өтті.
Саммитке Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті.
Түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми Саммитінде Түркістан қаласы Түрік әлемінің рухани астанасы деп жарияланды.
Күллі Түрік әлемі халықтарының бірігуіндегі Түркістан қаласының рухани маңыздылығы мойындалды. Түрік кеңесі Қожа Ахмет Ясауидің ислам құндылықтарын насихаттайтын түрік мектебінің негізін қалаған және бүкіл түрік әлемінде философияның дамуына ықпал еткен көрнекті және рухтандырушы тұлға ретінде қалдырған мұрасын жоғары бағалады.
Түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастықтық кеңесінің бейресми Саммитінің «Түркістан — түрік әлемінің рухани астанасы» деген тақырыппен өтуінің өзі түрік әлемінің қастерлі қара шаңыраққа деген айрықша құрметі мен тағзымын айқын танытты. Қазір Қазақ елінде түрік өркениетін жаңғыртуда Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудың барлық алғышарттары жасалып жатыр. Бұл жөнінде Саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мақтанышпен айтты.
Киелі мекендегі ұлы өзгерістер көз алдымызда жүзеге асуда. Түркістанда ғажайып мәдени-көпшілік орындар, алып ғимараттар, тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, қала сән-салтанатқа бөленуде.
Ынтымақтастық кеңесі бейресми Саммитінде Түркістан Декларациясы қабылданды. Бұдан асқан қуаныш бар ма! Түріктер Атажұртындағы киелі шаһардың жарқын болашағын көз алдымызға елестетер болсақ, шаттыққа бөленеміз.
2024 жылғы 24 желтоқсанда ҚР Парламент Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген болатын. Маңызды құжатты әзірлеуге Түрік мемлекеттері ұйымының Түркістан қаласын түрік дүниесінің рухани астанасы ретінде тануы және қаланың тарихи келбетін, оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болды. Ұзамай-ақ Президент Қ.Тоқаев Заң жобасына қол қойды.
Түркістандық тұрғындар, зиялы қауым бұл тарихи күнді талай жылдардан бері тағатсыздана күткен еді. Ақ түйенің қарны жарылғанда халықтың қуанышында шек болмады.
Осы орайда төмендегі мәліметтерді келтіре кету маңызды болмақ: Заң жобасын әзірлеу барысында Ұлыбритания, Италия, Өзбекстан, Әзірбайжан және тағы басқа елдердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу тәжірибелері зерттелді. 4 тараудан және 15 баптан тұратын Заң Түркістан қаласын Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді белгілейді. Заң жобасының негізгі бағыттарында Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің жүйесін құру, ұлттық қолөнер шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Алдағы уақытта кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан 100 метр қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін ғимараттар салуға жол берілмейді, сонымен бірге шаһар басшылығы мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша шешім қабылдай алады. Түркістан қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихатқа 34 құзырет беріледі.
Тағы да ерекше көңіл аударатын жайт сол, 2024 жылы Түркістанға «Түркістан – Түрік әлемінің туристік астанасы» ресми мәртебесі беріліп, туристік және мәдени іс-шаралардың ошағына айналды. Түркістан қаласына біркүндік келушілер мен туристер саны соңғы үш жылда 60 есе өсіп, тек өткен жылдың 10 айында олардың саны 1 миллионға жуықтаған.
1991 жылғы 6 маусымда Түркістан Мемлекеттік университетінің ашылып, оған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі берілуі тек еліміздің ғана емес, бүкіл түрік дүниесінде үлкен құбылыс, тарихи оқиға болды. Арадан бір жылдан астам уақыт өткенде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасындағы Келісім бойынша Түркістан Мемлекеттік университеті Түрік дүниесіндегі тұңғыш Халықаралық қазақ-түрік университетіне айналды. Қазір Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті тек республика ғана емес, Орта Азиядағы ірі оқу орындарының бірінен саналады.
Қасиетті мекеннің жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде Қазақ елі Тәуелсіздігі қарсаңында дүниеге келген білім ордасы ерекше рөл атқарып отыр десек, артық айтқандық емес. Оқу орны – еліміз Тәуелсіздігінің символы, түрік халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениеті мен өнерінің алтын бесігі.
Түркістан облысының дүниеге келіп, ежелгі Түркістанның облыс орталығына айналуы, қаланың бүгінгі таңдағы ғажайыптарға толы сән-салтанаты, түрік әлемінің рухани және тарихи орталығы саналатын шаһардың жаңғырып-жасаруы, көркейіп-гүлденуі, киелі мекендегі берекелі тыныс-тіршілік – Тәуелсіздік тартуы.
Бұл күндері киелі Түркістан ұлы дүрмек құшағында. Даңғыл жолдар, бау-бақ, демалыс аймақтары қызылды-жасылды гүлмен көмкерілген. Күні ертең түрік дүниесінің Президенттері Ұлы Дала төріндегі Атажұртта, киелі Түркістанда кезекті Саммитте бас қосатын болады! Осынау алқалы жиында түрік әлемінің ортақ өзекті мәселелері шешімін табатын болады деп күтілуде.
Қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер бауырлас Президенттер, зиялы қауым!












Comments