Жаңалықтар

Ғалымдар еңбегіне — лайықты жалақы

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауын теледидардан тамашалап, ықыласпен тыңдадық. Бірден айта кетейік, Жолдауда елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары туралы айтылды. Қағамның барлық саласындағы өзекті мәселелер тегіс қамтылды. Біздер үшін, әсіресе, ғылымға қолдау көрсету туралы берген тапсырмалары өте ұнады.

«Ғылымды дамыту — біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдерді табу үшін үшін жыл соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен жетекші ғалымдарға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін тапсырдым. Құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің әрі қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек», деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Президенттің айтуынша, келесі мәселе – грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Сондықтан бұл проблеманың да түйінін тарқатты десе болғандай.

«Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін 5 жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн. Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің әділдігі туралы мәселе де күн тәртібінен түспей тұр. Осыған орай, аппеляция институтын енгізу қажет деп санаймын. Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласы алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Егер осы міндеттер жүзеге асса ғылымның көкжиегі кеңейіп, ғалымдарға даңғыл жол ашылары анық. Бұл, сөз жоқ, үлкен серпілістер әкеледі.

 

Досымбек СЫДЫҚ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.

Ғылым — еліміздің еңсесін биіктетеді

Алдыңғы

Басқа санаттағы азаматтар қамқорлықсыз қалмайды

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *