Жаңалықтар

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 35 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ «АДАЛ АЗАМАТ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ АПТАЛЫҚ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы №75 мектеп-гимназияда директор К.С. Жарасованың басшылығымен «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мазмұнды апталық өтті. 16–21 қараша аралығындағы жоспарға сәйкес ұйымдастырылған іс-шаралар легі жас ұрпақты отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке, заңға құрметпен қарауға, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты бағалауға және елдің өркендеуіне нақты іспен үлес қосуға бағытталды.

Апталықтың алғашқы күнінде, яғни 16 қарашада «Тәуелсіздік – ұлы мұра» тақырыбында кітапханалық көрме мен «Тәуелсіздігімізге 35 жыл» атты тақырыптық бұрыш ұйымдастырылып, оқушыларға ел тәуелсіздігінің тарихи белестері, рухани құндылықтар мен мемлекеттілік мұраттары кеңінен таныстырылды. Келесі күні «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты ашық сабақ өткізіліп, сонымен қатар «Smart bala» жобасы аясында «Start up» байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқау жастардың бастамашылдығын қолдап, дайын нәтижеге немесе масылдық көңіл-күйге сүйенбей, өз ізденісі, идеясы мен тынымсыз еңбегі арқылы нақты жоба жасау дағдыларын дамытуға септігін тигізді.

18 қарашада «Таза Қазақстан – таза болашақ» акциясы өтіп, оқушылар мектеп ауласы мен туған жердің тазалығын сақтауға өз еңбегімен үлес қосты. Қарапайым әрі нақты еңбек арқылы қоршаған ортаға қамқорлық жасау өскелең ұрпақты жауапкершілікке, тәртіпке және масылдықтан арылуға тәрбиелеудің тиімді тәсілі ретінде ерекшеленді. 19 қарашада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқықтық сауаттылық сабақтары, «Өмірге салауатты қадам» бағыты бойынша жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткі таралуының алдын алуға арналған түсіндірме жұмыстары мен кездесулер, сондай-ақ «Адал азамат» қағидаты негізінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сабақтары өтті.

20 қарашада Тәуелсіздіктің 35 жылдығындағы білім саласының жетістіктері туралы арнайы бейнероликтер түсіріліп, оқушылар назарына ұсынылды. Сонымен қатар «Адал азамат» қағидаты негізінде «Адал еңбек» сурет көрмесі ұйымдастырылды. Оқушылар өз туындылары арқылы маңдай тер мен адал кәсіптің қадірін шынайы бейнелеп, «Еңбек адамы» құндылықтарына құрметін білдірді.

16–21 қараша аралығындағы апталық іс-шаралар педагог-ұйымдастырушы Д.К. Сандыбаева мен аға тәлімгер М.А. Төрегелдиеваның үйлестіруімен жоғары деңгейде өтіп, апта бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылайтын арнайы бейнешолумен аяқталды. Мектеп ұжымы мен педагогтердің күнделікті кәсіби еңбегі оқушыларды адалдыққа, тәртіпке, еңбексүйгіштікке және саналы азаматтық ұстанымға баулуда зор рөл атқарды.

КЛАССИКА, ФОРМИРУЮЩАЯ ЦЕННОСТИ: В ШЫМКЕНТЕ ПРОШЕЛ ОТКРЫТЫЙ УРОК ПО РОМАНУ «ЕВГЕНИЙ ОНЕГИН»

Алдыңғы

МАМАНДЫҚҚА ҚҰРМЕТ – АДАЛ ЕҢБЕККЕ БАСТАУ: «КІМ БОЛАМ?» ЭССЕ ЖАЗУ ЖҰМЫСЫ ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *