2026 жылғы 19 қарашада Шымкент қаласындағы №75 мектеп-гимназияда мектеп директоры К.С. Жарасованың басшылығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және олар орын алған кездегі іс-қимылдарды пысықтау мақсатында мазмұнды әрі тәжірибелік мәні зор оқу-жаттығу жұмыстары өткізілді. Бұл шара 2026 жылғы 30 қазандағы №40-14-07-2157-И хаты негізінде, білім беру ұйымдарында зардап шеккен халықты қабылдау пункттерінде оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі II жартыжылдықтың жоспар-кестесіне және тиісті бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылды. Мемлекеттік деңгейдегі қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту бағытындағы мұндай нақты іс-шаралар мегаполистің күнделікті өмірінде айрықша маңызға ие.
Аталмыш тәжірибелік шараға БӘД пәнінің мұғалімі Ы. Қарымбаев, директордың тәрбие ісі және оқу ісі жөніндегі орынбасарлары (ДТІЖО, ДОІЖО) мен мектеп мұғалімдері белсенді қатысты. Оқу-жаттығу барысында эвакуациялық жинақтау пункті (ЭЖП) мен зардап шеккен халықты қабылдау пунктінің (ЗШХП) жұмысы іс жүзінде көрсетіліп, қажетті орындар мен арнайы жабдықтар алдын ала дайындалды. Қатысушыларға төтенше жағдай туындаған сәтте тұрғындарды қауіпсіз аумаққа эвакуациялау, зардап шеккен азаматтарды қабылдау, тіркеу, орналастыру және алғашқы ұйымдастыру шараларын жүйелі жүргізу тәртібі нақты әрі түсінікті етіп баяндалды.
Оқу-жаттығудың басты мақсаты – төтенше жағдай туындаған кезде педагогтер мен мектеп қызметкерлерінің нақты іс-қимыл алгоритмін жетік меңгерту, шұғыл әрекет ету дағдыларын қалыптастыру, эвакуациялау жұмыстарын үйлестіру және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Әрбір маманның өз міндетіне адал әрі жауапкершілікпен қарауы, ұжымдық тәртіп, масылдыққа немесе салғырттыққа жол бермей, өзара үйлесімді еңбек етуі кез келген сын сәтте шешуші мәнге ие екені тәжірибе барысында айқын көрінді.
Мұндай оқу-жаттығулар білім беру ұйымы ұжымының кәсіби дайындығын шыңдап, әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігін арттырады. Тәртіпке бағыну, өз ісіне адалдық таныту және халықтың қауіпсіздігі жолында тынымсыз еңбек ету – «Еңбек адамы» мен «Адал азамат» қағидаттарының нақты көрінісі. Адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталған бұл бағыттағы жауапты жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.












Comments