ӘдебиетМәдениет

Әдебиет әлемінде АМЕРИКАНЫ АШҚАН АҚЫНДАР

Төрткүл әлемді шарпыған пандемия жағдайына байланысты былтыр АҚШ-тағы Вашингтон штатының Сиэтл қаласындағы «Amazon.com Inc» баспасынан жарық көрген «Өзбектің 1001 ақыны» атты ғажайып антология (ISHN: 9798609275554) таяуда ғана қолымызға тиді. Оған алғысөз жазған американдық танымал әдебиет сыншысы Мариа Ибботсон:

– «Өзбек әдебиетінің классикалық кезеңі ІХ ғасырдан ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін созылғаны белгілі. Осы уақытта көптеген әдеби шығармалар дүниеге келген. Қаламгерлер түркі императорлары, падишахтары, сұлтандары мен әмірлерінің қамқорлығында болған. Тарихи Түркістан аймағында түркі әдебиетіне меценаттық қызмет көрсеткен танымал тұлғалар көп болған. Бұл аймақ қазіргі Өзбекстанды, оған көршілес елдер – Караханидтер (Х-ХІІІ ғасырлар) мен Тимуридтерді (ХІV- ХVІ ғасырлар) де қамтыған.

Әдебиет, мәдениет пен өнердің өкілдері, ғалым-ойшылдары жергілікті билеушілер тарапынан үлкен қолдау тапқан. Атап айтқанда, атақты монғол және түрік тектес халықтардың билеушісі, Темір әулеті империясын негіздеуші Әмір Темір (Ақсақ Темір, Темірлан, 1336-1405) мен осы әулеттен шыққан – Хорасанның билеушісі Шахрух (сүткенжесі, 1377-1447), мемлекет қайраткері, ұлы математик, астроном, ағартушы ғалым, ақын, тарихшы Ұлықбек (Мұхаммед Тарағай ибн Шахрух ибн Темір, Ұлықбек Көреген; немересі, 1394-1449), Хорасанның әмірі, ақын Хұсайын Байқара (Сұлтан Байқара, Әбілғазы Хұсайын Мырза ибн Мансұр ибн Байқара; шөбересі, өзінің ғазалдарын Хұсайыни деген бүркеншік атпен жазған, 1438-1506), Үндістандағы Моғолстан империясын құрған аса ірі мемлекет қайраткері, даңқты қолбасшы, ойшыл ғалым, атақты тарихшы, лирик ақын, дарынды жазушы Бабыр (Захиреддин Мұхаммед Бабыр; шөпшегі, 1483-1530), сонымен қатар ХІХ ғасырдағы Қоқан хандығының билеушісі, ақын Омар хан (Омар Нарботаұлы, Сейіт Мұхаммед Омар хан; Әмір деген бүркеншік атпен парсы және түрік тілдерінде жыр жинағын қалдырған, 1787-1822) қаламгер қауымға қолдарынан келгенше қамқорлық көрсеткен*.

Өз алдына Тәуелсіздік алғанннан кейін өзбек әдебиеті, әсіресе поэзия саласы өзінің жаңа заманауи қалыбын қалыптастыра білді. Бүгінде біз Өзбекстан ақындарының өлең-жырларын Халықаралық сан түрлі әдеби журналдардан, альманахтардан, антологиялардан, сайттардан оқу мүмкіндігіне иеміз. «Өзбектің 1001 ақыны» антологиясы – Орталық Азияда орналасқан «Ақ Сарай» әдеби агенттігінің жыл сайынғы шығарылымы. Бұл жинаққа өзбек поэзиясының ең үздік өкілдерінің жауһар жырлары еніп отыр», –деп айрықша атап өткен.

Антологияның редакторы – Лиза Еванс. Кітап мұқабасының дизайнын жасаған – Джордж Уилсон. Аталмыш жыр жинағына күншуақты Оңтүстік өңірінен Әбдісаттар Әліп (Бостандық ауданында дүниеге келген қазақ қаламгері), Абдрахим Пратов, Баходир Оташ (Муталов), тағы басқа бірқатар шайырлардың шығармалары енген. Біз әдебиет әлемінде Американы ашқан жерлес ақындарымызды осындай көл-көсір қуанышымен шынайы құттықтап, оларға мол шығармашылық табыс тілейміз!

Захардин ҚЫСТАУБАЕВ,
 жазушы-драматург.
 
 Шойбек ОРЫНБАЙ,
 жазушы-драматург.
 
 Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
 жазушы, тарихшы, шежіреші.
Шымкент қаласы.

 *Ескерту: Оқырмандарға ұғынықты болу үшін Әмір Темір және оның ұрпақтары, сондай-ақ Омар хан туралы қысқаша ғұмырбаяндық мәліметтерді толықтырған – Әбдісаттар Әліп.

 

Консерваторияда XIII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті

Алдыңғы

ТУРИЗМНІҢ ТАБЫСЫ ТОЛАҒАЙ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *