Қоғамда еңбек культін қалыптастыру, азаматтардың өз еңбегімен табыс табуына жағдай жасау және масылдық психологиядан арылу – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта еңбек нарығын реттеу, жұмыссыз азаматтарға сапалы әрі нәтижелі көмек көрсету мақсатында маңызды өзгерістер енгізілуде.
1 қазаннан бастап жұмыс іздеп жүрген азаматтарға лайықты жұмыс табу тәсілі айтарлықтай жетілдірілді. Бұған дейінгі тәртіппен салыстырғанда мансап орталығы мамандарына азаматқа сәйкес жұмыс орнын іздеуге көбірек уақыт беріледі. Соған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсыну және іріктеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылды.
Осы кезеңде Мансап орталығының білікті мамандары жұмыс іздеушінің білімін, еңбек өтілін, кәсіби дағдылары мен жеке қабілеттерін жан-жақты зерделейді. Осы мәліметтер негізінде азаматқа оның мамандығына барынша сәйкес келетін бос жұмыс орындары ұсынылады. Қажет болған жағдайда мамандар жұмыс берушілермен тікелей байланысып, азаматты тұрақты жұмысқа орналастыруға ықпал етеді.
«Бұл өзгерістер – дайын жәрдемақыға сүйенбей, әрбір азаматтың өз еңбегімен табыс табуына жол ашады. Мекемелерге жай ғана формальды тіркелу емес, азаматтың кәсіби әлеуетін ашып, оны тұрақты еңбекке баулу – патерналистік көңіл-күйді жоюдың ең тиімді тетігі.»
Егер азаматқа лайықты жұмыс 13 күн мерзімі аяқталғанға дейін табылса, белгіленген мерзімді соңына дейін күтудің қажеті жок, келісімшарт бірден жасалады. Бұдан бөлек, азаматқа тек бос жұмыс орындары ұсынылып қана қоймай, оның қажеттілігіне қарай қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысу, субсидияланатын жұмыс орындарына (қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны) орналасу және жұмыспен қамтудың басқа да мемлекеттік шаралары ұсынылады.
Еңбек нарығындағы бұл оң өзгерістер әрбір азаматтың өзіне және өз мүмкіндіктеріне деген сенімділігін арттырып, адал еңбекпен тұрақты табыс табуға жол ашады. Тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту мен олардың кәсіби біліктілігін көтеруге бағытталған мұндай мемлекеттік қолдау шаралары қоғамда «Еңбек адамы» бейнесін сомдаудың және елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің берік негізі болып табылады.
Жұмыс іздеушілер үшін алғашқы қадам – жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу. Бұл үшін азамат жергілікті Мансап орталығына жүгіне алады немесе eGov және Электрондық еңбек биржасы – Enbek.kz порталы арқылы үйден шықпай-ақ онлайн тіркеле алады.
Бұл енгізіліп жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау және жұмыс іздеп жүрген азаматтарға жеке қажеттілігіне сәйкес еңбек нарығына шығуға тиімді жағдай жасау болып табылады.













Comments