Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолында елдің саяси және құқықтық негіздерін нығайту айрықша маңызға ие. Мемлекеттіліктің мәні тек аумақ пен мемлекеттік институттардан ғана емес, қоғам өмірін реттейтін берік құқықтық жүйеден де көрінеді.
Осы тұрғыда Ақорда мен Конституцияны елдіктің өзара сабақтас екі қыры ретінде қарастыруға болады. Ақорда – Қазақстанның қазіргі мемлекеттік жүйесін танытатын маңызды нышандардың бірі. Мұнда мемлекет дамуының стратегиялық бағыттары қаралып, ел болашағына қатысты маңызды мәселелер талқыланады.
Ал Ата Заң – мемлекеттің құқықтық жүйесінің негізгі тірегі. Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, мемлекеттік құрылымның негізгі қағидаттарын айқындаудың және қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің негізін қалайды.
Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін саяси институттардың тиімді қызметі мен заң талаптарының сақталуы қатар жүруі қажет. Себебі заң үстемдігі орныққан жерде азаматтардың құқықтық жауапкершілігі артып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың негізі беки түседі.
Тәуелсіздік – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ортақ құндылық. Оны сақтау әр азаматтың ел заңдарын құрметтеуінен, қоғамдық жауапкершілігін сезінуінен және мемлекеттің болашағына бейжай қарамауынан басталады.
Өмірзақ Камола












Comments