Жаңалықтар

КӨП БАЛАЛЫ АНА МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ АРҚАСЫНДА ЖЕКЕ НАУБАЙХАНА АШТЫ

Мемлекет тарапынан көрсетілетін жүйелі қолдау әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартып, олардың кәсіпкерлікке қадам басуына зор мүмкіндік беруде. Осының жарқын көрінісі ретінде Шымкент қаласының тұрғыны, көп балалы ана Күмісай Кайыпованың сәтті жүзеге асқан бизнес-жобасын атап өтуге болады.

Күмісай Серікқызы 2025 жылдың тамыз айына дейін отбасының жан басына шаққандағы табысы кедейшілік шегінен төмен болғандықтан, тұрақты түрде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алып келген болатын. Алайда, тек мемлекеттік жәрдемақыға сүйеніп отырмай, өз ісін ашуды мақсат еткен ол өткен жылдың үшінші легінде қайтарымсыз грант беру конкурсына өтінім білдірді. 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі мемлекеттік қолдау тетігін пайдалану үшін ол арнайы комиссия алдында өз жобасын сәтті қорғап шықты.

Комиссия мүшелері ұсынылған бизнес-жобаның өміршеңдігін, үміткердің таңдаған саладағы тәжірибесін, өнімнің жергілікті нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігін ескере отырып, грант тағайындау туралы оң шешім қабылдады. Мемлекеттен бөлінген қаржыға Күмісай Кайыпова нан пісіретін заманауи өндірістік пеш, қамыр илейтін арнайы құрылғы, өндірістік жұмыс үстелдері мен өзге де қажетті жабдықтарды сатып алды. Бұл жаңа технологиялар отбасылық кәсіпті мүлдем жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.

Бұған дейін қарапайым тұрмыстық пештің көмегімен күніне бар болғаны 30-40 таба нан пісіріп, оны көршілері мен жақын маңдағы шағын дүкендерге өткізіп келген кәсіпкер бүгінде өндіріс көлемін бірнеше есеге арттырды. Заманауи құрал-жабдықтардың арқасында наубайхана тәулігіне 80-нен 150-ге дейін сапалы нан өнімдерін пісіріп шығарады. Сонымен қатар, ол өндірісті кеңейту арқылы бір азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда отбасылық наубайхананың тұрақты тұтынушылар базасы қалыптасып, жергілікті нарықта өз орнын тапқан табысты кәсіпорындардың біріне айналды.

Бұл кейс – мемлекеттік қаржының тиімді игіліктенуінің, сондай-ақ әлеуметтік көмектен кәсіпкерлікке өтудің (патернализмнен өз бетінше табыс табуға) айқын дәлелі. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті оңтайлы пайдаланған көпбалалы ана бүгінде өз отбасын асырап қана қоймай, қала экономикасына да өз үлесін қосуда.

Айта кету керек, Шымкент қаласында 2025 жылы арнайы комиссияның шешімімен 431 азаматқа 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген болатын. Ал 2026 жылдың жоспарына сәйкес, тағы 400 үміткерге осындай бастапқы капиталды беру көзделген.

Қазіргі таңда мемлекеттік грант алуға өтінімдер 2026 жылдың 24 маусымы мен 8 шілдесі аралығында business.enbek.kz бірыңғай порталында қабылдануда. Конкурсқа көп балалы отбасылардың мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар және еңбек етуге медициналық қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар азаматтар үміткер бола алады.

Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы

Алдыңғы

«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ КҮШІНЕ ЕНУІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *