Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК БІРЛІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында қоғамдық келісімді нығайту, адал еңбек пен еңбексүйгіштікті кеңінен насихаттау, сондай-ақ конституциялық реформаларды ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру аясында үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кеңейтілген кездесу өтті. «Қазақстанның жаңа Конституциясынан нақты қадамға: реформалар дәуіріндегі әлеуметтік бірлік пен құқықтық тәртіп» тақырыбында өткен бұл алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек төрағалық етті.

Сындарлы диалог алаңының басты мақсаты — әділеттілік, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау қағидаттарын нығайту, сондай-ақ Әділетті Қазақстанды құру үдерісінде азаматтық қоғам институттары мен өндірістік еңбек ұжымдарының рөлін арттыру мәселелерін қарастыру болды. Ауқымды іс-шараға мемлекеттік емес ұйым өкілдері, кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары, қоғам белсенділері, өндіріс ардагерлері мен жастар арнайы қатысты.

Жиын барысында сөз алған сарапшылар мен баяндамашылар қоғамдағы масылдық психологияны жойып, патерналистік көңіл-күйден арылудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Жиынға қатысушылардың пікірінше, бүгінгі таңда тек мемлекеттік әлеуметтік көмекке иек артпай, әрбір азаматтың дербес еңбек етуі, кәсіби біліктілігін үздіксіз арттыруы және ел экономикасын дамытуға өзіндік үлесін қосуы — басты заман талабы болуы тиіс.

Аталған кездесуде өңірдегі белгілі қоғам қайраткерлері мен сала мамандары мазмұнды баяндама жасап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев Жаңа Конституциядағы Еңбек адамының мәртебесін көтеруге арналған толықтыруларға тоқталды. Ол өз сөзінде өндірістегі қарапайым жұмысшылардың құқықтық қауіпсіздігін арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау және оларды әлеуметтік қорғау тетіктерін сапалы жүзеге асыру жайын жан-жақты баяндады.

Өз кезегінде Қазақстанның Азаматтық альянсының Президенті Бану Нұрғазиева қоғамда азаматтық белсенділік пен еңбексүйгіштік мәдениетін қалыптастыру, азаматтарды қоғамдық пайдалы еңбекке тартып, масылдықты азайту бағытындағы бастамаларға назар аударды. Сонымен қатар, белгілі қоғам қайраткері Зәуре Оралбаева халықтың құқықтық санасын қалыптастыру және мемлекеттік институттар мен еңбек ұжымдарының арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін көтерді.

Ал М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ерлан Иманғалиев жастарды ерте жастан еңбекке баулу, кәсіптік білім беруді дамыту және өңірде сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарға бағыттаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ҚР Қарулы күштері ардагерлер қоғамдық бірлестігінің Шымкент филиалының төрағасы Серікбай Оңбаев жас буынның патриоттық тәрбиесін арттыру, еңбек тәртібі мен Отан алдындағы жауапкершілікті қалыптастыру төңірегінде салмақты ой айтты.

Алқалы басқосу аясында азаматтық сектор белсенділері құқық қорғау, жастар саясаты және еріктілік қозғалысты өркендетуге бағытталған нәтижелі жобаларымен бөлісті. Басқосуға жиналғандар конституциялық өзгерістердің сәтті жүзеге асуы билік пен бұқара арасындағы берік серіктестікке, әлеуметтік жауапкершілік пен әр отандасымыздың маңдай тер, адал еңбегіне тікелей байланысты екенін алға тартты. Осындай ашық диалог алаңдары аймақтың өркендеуіне, тұрғындардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға елеулі серпін береді.

СИЛЬНАЯ ПЕРВИЧКА: ПРОШЛА ВСТРЕЧА С РАБОТНИКАМИ УЧРЕЖДЕНИЯ «АЛЬ-ФАРАБИ»

Алдыңғы

Казахстан становится экономикой не только нефти: зарубежные аналитики отметили рост инвестиций и промышленности

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *