«Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов «Халің қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне барып, департаменттің басшысы Жеңіс Тіллабайұлы Мақұлбаевтың және кәсіподақ комитетінің төрайымы Ұлбике Бақтыбекқызы Рүстемованың қатысуымен кәсіподақ мүшелерімен жұмыс орындарында кездесіп, олардың хал-жағдайларымен танысты.
Жиын барысында департамент басшысы Жеңіс Тіллабайұлы және салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Серік Елемесұлы жиынға қатысқан қызметкерлерді «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесімен құттықтап, мекеменің қызметкерлері мен белсенді кәсіподақ мүшелеріне наградалар табыстады.
Атап айтқанда, Шымкент қаласы әкімінің «Алғыс хаты» Ұлбике Бақтыбекқызы Рүстемоваға, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төс белгісі Әлжан Өмірбекұлы Мамадалиевке, «Құрмет грамоталары» Арайлым Әмірқызы Шералыға, Айгерім Өтебаеваға, Найля Тұрланқызы Оразғалиеваға және «Алғыс хаттары» Ақтөре Орынбасарұлы Айтуғановқа, Кемеңгер Асантайұлы Алимовке табысталды.
Жиын соңында ұжым басшысы Жеңіс Мақұлбаев «Қызмет» салалық кәсіподағының атына ризашылықтарын білдіріп, шынайы алғыстарын жеткізді.
Кездесу барысында еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелер, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және кәсіподақ ұйымдарының рөлі туралы да пікір алмасу өтті. Ашық форматтағы жүздесу кәсіподақ мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, еңбек ұжымындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметкерлері – еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етіп, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы құқықтық тепе-теңдікті қалыптастыруға үлес қосып жүрген маңызды еңбек адамдары. Олардың күнделікті қызметі азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға, қауіпсіз еңбек жағдайларын нығайтуға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін абыройлы еңбек.
Осындай мамандардың адал қызметін дәріптеу еңбек адамының қоғамдағы беделін арттырып, қарапайым қызметкерлердің еңбегі мен жетістіктерін кеңінен насихаттауға жол ашады. Өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жүрген мамандардың кәсіби жолы жастарды еңбексүйгіштікке, заңға құрметпен қарауға және адал еңбек арқылы табысқа жетуге ынталандырады. Сонымен қатар мұндай бастамалар патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың төмендеуіне ықпал етіп, еңбекқор, белсенді әрі жауапты қоғам қалыптастыруға негіз болады.
«Халің қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткізілетін кездесулер еңбек ұжымдарының бірлігін нығайтып қана қоймай, еңбек адамының мәртебесін көтеруге, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға және еңбекке деген құрмет мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қоса береді.
МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ













Comments