ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

ЕҢБЕК АДАМЫ БАЛАЛАР БАҒЫНЫҢ БАҒБАНЫ, КӘСІПОДАҚ ЖАНАШЫРЫ: РОЗА ИЗТЛЕУОВАНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ЕҢБЕК ЖОЛЫ

Дәрігерлік — тек мамандық емес, ол — жүректің қалауы, жанның тазалығы және адам өміріне деген шексіз жауапкершілік. Әсіресе, тілі шықпаған, ауырған жерін айтып шағына алмайтын титімдей сәбилердің денсаулығын күзету — екі есе жауапкершілікті қажет ететін, екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиетті іс.
Осынау мәртебелі де сауапты жолда саналы ғұмырын балалар денсаулығына арнап, бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған білікті маман, сарапшы санатты дәрігер — Изтлеуова Роза Әлімбекқызы. Оның жүріп өткен еңбек жолы мен қоғамдық белсенділігі — бүгінгі жас буын үшін нағыз еңбек адамының шынайы үлгісі.
Роза Әлімбекқызының білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығы сонау мектеп қабырғасынан бастау алған. Мақтаарал өңірінің орталығы, шуақты Жетісай қаласында туып-өскен ол мектепті алтын ұядан «үздік» аттестатпен тәмәмдап, үлкен өмірге нық қадам басады. Бала арманы оны медицина саласына жетелеп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының педиатрия мамандығына алып келеді. Оқу орында жүріп тек білімімен ғана емес, ұйымдастырушылық қабілетімен де оқшауланған Роза Әлімбекқызы Студенттер кеңесінің төрайымы болып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді, Әкім стипендиясының лауреаты атанды және қара шаңырақты «үздік» дипломмен бітіріп шықты. Бұл оның болашақта үлкен ұйымдастырушы әрі өз ісінің хас шебері болатынының алғашқы белгісі еді.
Алғашқы еңбек жолын учаскелік дәрігер және иммунолог ретінде бастаған жас маман қазіргі уақытта «№2 Қалалық емханада» қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол қарапайым дәрігерліктен бөлім меңгерушілігіне, кейіннен сарапшы дәрігер деңгейіне дейін көтерілді. Роза Әлімбекқызының Шымкент қаласы бойынша ерте жастағы балалар скринингін, соның ішінде сәбилердің туа біткен құлақ мүкістігін анықтайтын аудиологиялық скринингті жабдықтау мен оның сапасын арттыруға қосқан үлесі орасан зор. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас маманы ретінде ол мыңдаған сәбидің болашақта әлем дыбысын анық естуіне, дер кезінде ем қабылдауына тікелей септігін тигізді. Дәрігердің бұл еңбегі — болашақ ұлт саулығына салынған ең үлкен инвестиция.
Негізгі дәрігерлік міндетімен қатар, Роза Әлімбекқызы емхананың кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін де абыроймен атқарып келеді. Бұл қызметте ол әріптестерінің құқығын қорғап, ұжымдағы ауызбіршілікті нығайтуға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға жан-тәнімен кірісті.
Іскер, ұстамды әрі алдына биік талап қоя білетін маман ретінде ол «Аманат» партиясының қатарында да саяси-қоғамдық белсенділігін танытып жүр. Оның адамгершілігі жоғары, пациенттерге кішіпейіл, әріптестеріне қамқор бейнесі ұжым арасында үлкен абыройға ие етті.
Ерен еңбек пен халық саулығы жолындағы еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Роза Әлімбекқызының денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан да, қоғамдық ұйымдар тарапынан да жоғары бағаланды.
Оның төрінде «Senim» кәсіподағының Құрмет грамотасы мен «Үздігі» төс белгісі, Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары, «Жанқиярлық еңбегі үшін» және «Үздік дәрігер» марапаттары жарқырап тұр.
Алайда, дәрігер үшін ең үлкен марапат — өзі емдеп жазған титімдей бүлдіршіндердің мөлдіреген күлкісі мен риза болған ата-аналардың ыстық ықыласы.
Өз ісіне адал, жүрегі жылы Роза Изтлеуованың өнегелі ғұмыры мен маңдай тері — замандастарымыз мақтан тұтатын нағыз Еңбек адамының бейнесі.

НАМ ЕСТЬ НА КОГО РОВНЯТЬСЯ ХРАНИТЕЛЬНИЦА ТЕАТРАЛЬНОЙ ЛЕТОПИСИ: ДОСТОЙНЫЙ ТРУДОВОЙ ПУТЬ ҚЫМБАТ МОЛДИЕВОЙ

Алдыңғы

ЧЕЛОВЕК ТРУДА ХРАНИТЕЛЬНИЦА ДЕТСКОГО ЗДОРОВЬЯ, ИСТИННЫЙ ЗАЩИТНИК ПРОФСОЮЗА: ОБРАЗЦОВЫЙ ТРУДОВОЙ ПУТЬ РОЗЫ ИЗТЛЕУОВОЙ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *