ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

Арыста «Айбын-2026» жеңімпаздарын салтанатты қарсы алды

Арыс қаласының теміржол вокзалында XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны «Айбын-2026» сайысында жеңіспен оралған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Оңтүстік арландары» әскери-патриоттық клубының мүшелерін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен беделді жарыста Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары арасында Арыс қаласының оқушыларынан құралған құрама команда жалпыкомандалық есепте І орынды иеленіп, ел мерейін асқақтатты.
Жеңімпаз команданы туған жерінде ерекше құрметпен қарсы алды. Салтанатты шараға қалалық әкімдік өкілдері, гарнизон әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, жас жеңімпаздардың ата-аналары мен жақындары, сондай-ақ әскери оркестр қатысты. Әскери оркестрдің әуенімен әрленген кездесу рәсімі жас сарбаздар үшін ұмытылмас сәтке айналды.
Халықаралық деңгейдегі әскери-патриоттық жиынға Қазақстан мен шетелдерден келген 64 команда қатысты. Тартысқа толы додада арыстық өрендер жоғары дайындықтарын, темірдей тәртіп пен мықты жауынгерлік рухтарын көрсетіп, қарсыластарынан оза шапты. Айта кету керек, Арыс қаласының құрамасы өткен жылы да жүлделі орын иеленген болатын. Ал биыл олар жеңіс тұғырынан көрініп, бірінші орынды еншіледі.
«Айбын» — жастар арасындағы ең ірі халықаралық әскери-патриоттық жиындардың бірі. 2015 жылдан бері 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерді әскери тәртіпке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді.
Жиынға Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Әзербайжан елдерінен мыңға жуық жас сарбаз қатысты. Қатысушылар әскери-спорттық, зияткерлік және шығармашылық бағыттар бойынша бақ сынады. Сонымен қатар биыл алғаш рет жүзу және жасанды интеллектіні меңгеру дағдылары да бағаланды.
Бағдарлама аясында әскери-қолданбалы сайыстар ұйымдастырылып, қатысушылар белтемірге тартылу, жалпыәскери қорғаныс жиынтығын кию, пневматикалық мылтықпен ату, граната лақтыру, АК-74 автоматын бөлшектеу және жинау, сондай-ақ қысқа және ұзақ қашықтыққа жүгіру бойынша шеберліктерін көрсетті.
Жиынның жабылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті арнайы қатысып, жас сарбаздарға қолдау білдірді. Мемлекет басшысы қатысушылармен жүздесіп, қол алысып амандасып, естелік суретке түсті. Бұл сәт жас өрендердің жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Арыс құрамасының жеңісі — жас буынның әскери-патриоттық тәрбиесінің, табандылығы мен бірлігінің жарқын көрінісі.

Шымкентте Халықаралық нашақорлыққа және есірткі саудасына қарсы күрес күніне арналған ауқымды іс-шара өтті

Алдыңғы

КЕНТАУДА «ЕСІРТКІСІЗ ӨМІР – СПОРТПЕН БІРГЕ» АТТЫ ФУТБОЛ ЖАРЫСЫ ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *