Шымкентте Қала күні мерекесіне орай шаһардың байырғы демалыс орындарының бірі – «Қиял әлемі» саябағының орнында бой көтерген жаңа қоғамдық кеңістік – City Park салтанатты түрде ашылды. Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, сондай-ақ, мегаполистің тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жоба Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тапсырмаларын орындау және қалалық ортаны кешенді жаңарту шеңберінде жүзеге асырылды. Ауқымды жұмыс халықтың барлық санатына қолжетімді жаңа заманауи қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыруға бағытталған.
Еске сала кетейік, аумағы 4,89 гектар жер өткен жылы мемлекет меншігіне қайтарылып, содан кейін мұнда жаңарту және абаттандыру жұмысы басталған болатын. Бұрынғы нысандар бұзылып, саябақ аумағында кешен қайта жаңартылды.
Бүгінде City Park демалыс, спорт, мәдениет және қоғамдық белсенділік функцияларын біріктіретін заманауи урбанистік кеңістікке айналды. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы әрі қауіпсіз демалуына барлық жағдай жасалған.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мұндай нысандардың ашылуы Мемлекет басшысының жайлы қалалық орта қалыптастыру, заманауи инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларының жүйелі түрде жүзеге асырылуының нәтижесі екенін атап өтті.
Жаңа саябақ құрылымына жастарға арналған шығармашылық аймақтар, түрлі іс-шаралар өткізуге арналған ашық амфитеатр, демалыс пен кездесулерге арналған көпфункционалды алаңдар, интерактивті су элементтері, сондай-ақ, қалалық фестивальдер мен мәдени шараларға арналған кеңістіктер еніп отыр.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – спорт инфрақұрылымын дамыту. Саябақ аумағында жыл бойы жұмыс істейтін мұз айдыны, әмбебап спорт және ойын алаңдары, серуендеуге арналған терренкур жолдары, жасыл лабиринттер мен арнайы жабдықталған бақылау алаңдары қарастырылған.
City Park тұжырымдамасының маңызды бөлігі – инклюзивтілік қағидаты. Жаяу жүргіншілер жолдарынан бастап қоғамдық аймақтарға дейінгі барлық абаттандыру элементі мүмкіндігі шектеулі жандардың, егде жастағы азаматтардың және балалар арбасымен жүретін ата-аналардың қажеттіліктерін ескере отырып жобаланған.
Жобаны іске асыру саябақ инфрақұрылымын жаңартумен қатар жайлылыққа, экологиялық тұрақтылыққа және өмір сапасына бағдарланған жаңа қалалық бірегей ортаны қалыптастыруға да ықпал етеді. Айта кету керек, саябақтың құрылысы небәрі 60 күн ішінде аяқталып отыр.
Осылайша City Park Шымкенттің жаңа тартымды орнына айналып, отбасылық демалысқа, мәдени уақыт өткізуге және қоғамдық іс-шараларға арналған заманауи кеңістік ретінде қаланың қарқынды дамуын айшықтай түседі. Нысанның ашылуы Шымкент қаласының күніне арналған мерекелік бағдарламаның басты оқиғаларының бірі болды.












Comments