Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫНДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырма алтыншы сессиясы өтті.

Сессия жұмысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, мемлекеттік органдардың басшылары, Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарының әкімдері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия жұмысын Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.

Кезекті сессияның күн тәртібінде 20 маңызды мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Түркістан облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі болды. Мәселені қарау барысында мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов облыстың өткен жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылдың жеті айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша республикада алдыңғы қатарда екенін атап өтті. Ол өңірде қол жеткізілген нәтижелерге тоқталып, депутаттық корпус атынан облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жұмысына жоғары баға берілетінін жеткізді.

Сонымен қатар, сессия барысында Қазығұрт, Төлеби және Түлкібас аудандарына 2025 жылы республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржыға қатысты мәселелер қаралды.

Сондай-ақ, облыстық ветеринария, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуы жөніндегі есептер депутаттар қарауына енгізілді. Осы мәселелер бойынша тиісті тұрақты комиссиялардың төрағалары зерделеу жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Атап айтқанда, ветеринария саласы бойынша бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Мағауия Тұрысбеков, білім саласы бойынша әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Алмас Салимов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Нұржан Әшіров қосымша баяндама жасады.

Сессияда облыстың алдағы дамуы мен мемлекеттік басқарудың бірқатар бағыттарын қамтитын өзге де маңызды мәселелер депутаттар қарауына ұсынылды.

Атап айтқанда, 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу, сондай-ақ жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемелерін белгілеу мәселелері қаралды.

Бірқатар мәселе облыс әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші және ведомствоаралық органдардың қызметіне қатысты болды. Депутаттар терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізу, «Заң және Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту, әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту жөніндегі мәселелерді қарады.

Әкімшілік-аумақтық құрылыс және аумақтарды дамыту бағыты бойынша Сауран ауданындағы әкімшілік-аумақтық құрылыстың кейбір мәселелері, ауданның бірқатар елді мекендерін тарату, Арыс қаласының кейбір көшелеріне атау беру және қайта атау, сондай-ақ Түркістан облысының аумағын қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемасы талқыланды. Сонымен қатар «Түркістан облысының (Түркістан облысы қаласының, ауданының) Құрметті азаматы» атағын беру қағидасына өзгерістер енгізу, облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану және «Түркістан облыстық мәслихаты аппараты» мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту мәселелері де депутаттардың қарауына ұсынылды.

Жалпы, депутаттар өз ұсыныс, пікірлерін білдіріп, күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Сессия жұмысын қорытындылаған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы және өкілді органдардың өзара ықпалдастығының маңыздылығын атап өтті. Облыс басшысы депутаттық корпусқа бірлескен жұмысы үшін алғысын білдіріп, облыстық мәслихаттың алдағы қызметіне табыс тіледі.

Қазақстан мен Корея Республикасы арасында өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы бірқатар меморандумға қол қойылды

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *