Өткен тарихты ұлықтап, ұлт зиялыларының есімін ардақтау — бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы ғана емес, елдіктің де басты белгісі. Осы асқақ мұратты ту еткен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіштің бастамасымен өңірімізде «Ұлы бабалар ізімен» атты ерекше тағылымды сапар өтті. Сапардың басты мақсаты — ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың рухына тағзым етіп, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі буынға насихаттау болды.
Ауқымды шара аясында Алматыдан келген мәртебелі қонақтарды — Алаштың ардақтысы, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхаммеджан Тынышбайұлының ұрпақтары мен белгілі ғалымдарды Шымкент теміржол вокзалынан зор құрметпен күтіп алдық. Делегация құрамында М. Тынышбаевтың жиен немересі Нұршакен Жүнісова, ұлт зиялысының мұрасын жылдар бойы зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Жүгенбаева, техника ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Әшірбаев және белгілі тарихшы, генеалог Нұржан Сәдірбекұлы болды.
Тағылымы мол сапардың шымылдығы Шымкент қаласындағы айбынды Қабанбай батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етумен ашылды. Одан әрі меймандар «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейіне арнайы ат басын бұрды. Музей залдарын аралау барысында өткен ғасырдың қасіретті парақтары қаузалып, құнды жәдігерлер таныстырылды. Осы сәтте Нұршакен Жүнісова музей қорына М. Тынышбаевтың «История Казахского народа» атты іргелі кітабы мен «Ғасыр жоспары» деректі фильмін тарту етсе, Ғалымжан Әшірбаев кітапқа өзінің естелік қолтаңбасын қалдырып, ізгі лебізін білдірді.
Алматылық ғалымдар мен «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы сапар бағытын Арыс қаласына қарай жалғастырып, Қызылкөпірдегі М. Тынышбайұлы атындағы мектепке барды. 2023 жылы ғана есімі берілген бұл білім ұясының шәкірттері мен ұстаздар ұжымы қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Бүгінде бұл мектептің әрбір тәрбиеленушісі ұлт зиялысының өмірі мен еңбегін өзіне үлгі тұтатыны көңіл қуантты.
Бұдан кейін жол тартқан меймандар Бәйдібек ауданындағы аты аңызға айналған Аппақ Ишан музейінде болып, көне ғимараттың ерекше сәулет өнерімен жете танысты. Мұнда да ізгі дәстүр үзілмей, музей қорына инженер Мұхаммеджан Тынышбайұлының тарихи суреттері мен құнды кітаптары тапсырылды. Сонымен қатар, халық қалаулысы Дулат Әбіш музей қорына Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаевтың бейнесі асқан шеберлікпен тоқылған бірегей кілемді табыстап, ел есіндегі батыр есімін тағы бір жаңғыртты.
Сапар аясында өңірдегі білім беру саласына өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті ұстаз Әбдуәлі Асанбаевтың да зиратына барып, құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды. Бұл тағзым шарасына Ә. Асанбаевтың ұрпақтары мен Бәйдібек, Арыс, Сайрам, Сарыағаш аудандарынан арнайы келген бірқатар мектеп ұстаздары қатысып, ұлағатты тұлғаның игі істерін еске алды.
Көптен бері ескерусіз жатқан тарихи мекендерді түгендеу мақсатында делегация Садыр қамалдың тарихымен танысып, оның айналасындағы таңғажайып табиғатты тамашалады. Осы сапардың ең үлкен әрі тарихи жаңалығы — осы уақытқа дейін ешқандай белгі қойылмаған бұл құнды орынға Дулат Әбіштің тікелей бастамасымен «Садыр қамал» атауы мен оның көне тарихы қашалып жазылған арнайы ескерткіш тақтайшаның орнатылуы болды. Бұл қадам өңірдің туристік және тарихи әлеуетін арттыруға қосылған зор үлес екені даусыз.
Сапар қорытындысында Бәйдібек ауданының жұртшылығы атынан Алматыдан келген мәртебелі қонақтарға зор құрмет көрсетіліп, елдіктің белгісі ретінде «Бәйдібек Би» мүсіні тарту етілді. Ұлыларды ұлықтаған, өткен мен бүгінді алтын көпірдей жалғаған бұл тағылымды шара өңіріміздің рухани өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Тарихымыз түгенделіп, бабалар рухы әрқашан ұрпағын желеп-жебеп жүрсін!
Жанерке ОРАЛБЕК













Comments