«Ұлы бабалар ізімен» жобасы аясындағы кезекті тағылымды экспедиция мүшелері киелі Түркістан облысы, Түлкібас ауданына табан тіреді. Алматылық ғалымдар мен Алаштың ардақтысы, қазақтың тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың ұрпақтары қатысқан бұл сапар шын мәнінде тарихи сәттер мен тебіреністі оқиғаларға толы болды.
Экспедиция мүшелері алдымен Жаскешу ауылының маңында орналасқан, ел арасында «Тынышбаев туннелі» атанып кеткен тарихи өткелге барды. Бұл — жай ғана құрылыс емес, ұлттық инженерлік ойдың озық үлгісі. Аталған бірегей нысан Мұхамеджан Тынышбаевтың тікелей жобасымен Арыс-Бішкек теміржолын тарту барысында, сонау 1915–1916 жылдары салынған. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзінің мықтылығы мен сапасын жоймаған бұл туннель әлі күнге дейін сол дәуірдің ұлылығынан, қазақ зиялыларының біліктілігінен сыр шертіп тұр.
Сапар барысында делегация аудан орталығындағы мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың мұражайына ат басын бұрды. Бұл екі тұлғаның есімі мен тағдыры тарихта өте тығыз байланысқан. Мұхамеджан Тынышбаев Түлкібас жерінде теміржол құрылысын жүргізіп жатқанда, жас Тұрармен ең алғаш рет осы өңірде кездескен екен. Кейіннен, 1926 жылдан бастап Т. Рысқұловтың тікелей қолдауымен М. Тынышбаев әйгілі Түркістан-Сібір (Түрксіб) теміржолын салуға белсене араласады. Буырқанған еңбек пен Алаш мүддесі тоғысқан қасиетті мекен — дәл осы Түлкібас өңірі екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Сапардың ең әсерлі де тебіреністі тұсы — М. Тынышбаевтың жиен немересі Нұршакен Жүнісованың Т. Рысқұлов мұражайына жасаған аманат-сыйы болды. Ол кісі мұражай қорына баға жетпес екі жәдігерді, атап айтқанда, Мұхамеджан Тынышбаевтың қаламынан туған құнды «История Казахского народа» атты кітабын және «Т. Рысқұловқа 130 жыл» деп жазылған арнайы естелік кәдесыйды салтанатты түрде табыс етті.
Бабалар аманатын арқалап, тарихты түгендеп жүрген экспедиция Түлкібас төрінде осындай ауқымды да берекелі жұмыстар атқарды. Өткенін қастерлеген елдің болашағы әрқашан жарқын болмақ.
Мұндай тағылымы мол, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын ауқымды ісшараның жоғары деңгейде өтуіне үлкен қолдау көрсеткен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат аға Әбішке ерекше алғыс айтамыз! Елдің рухын көтеріп, тарихымызды жаңғыртатын осындай игі істерді үнемі ұйымдастырып, ұлттық құндылықтардың ұлықталуына өлшеусіз үлес қосып жүрген халық қалаулысына ризашылығымыз шексіз. Ел игілігі жолындағы еңбегіңіз жана берсін, Дулат аға!
Жанерке ОРАЛБЕК













Comments