Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың, аудан прокуроры Руслан Абдраимовтың және аудандық сот төрағасы Дәулетияр Машраповтың төрағалығымен мемлекетке берешек қарыздарды өндіру мәселесесіне арналған ведомствоаралық үйлестіру жиыны өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, құқық қорғау органдарының өкілдері, дербес бөлім басшылары, жауапты мекеме жетекшілері мен сот орындаушылары қатысты.
Күн тәртібінде 2 маңызды мәселе қаралды:
— Аудан бойынша көлік салығы берешектерін өндіру жұмыстарының бүгінгі жағдайы туралы;
— Аудандағы көлік салығы бойынша, Сот орындаушылардың өндірісіндегі берешек қарыздар туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Қазығұрт ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қанат Төлендиев баяндама жасап, көлік салығы бойынша қалыптасқан берешектердің көлемі мен оны өндіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал екінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Сейдрахым Сайлауов баяндама жасап, сот орындаушыларының өндірісіндегі қарыздарды өндіру барысы жөнінде мәлімет берді.
Жиын барысында мемлекет алдындағы берешектерді уақытылы өндіру, жауапты мекемелер арасындағы өзара үйлестіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ өндірістегі істердин орындалу тиімділігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы жауапты сала басшыларына орын алған кемшіліктер бойынша нақты жұмыс жүргізіп, жүйелі жоспар құрып, тапсырмаларды жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.
Сонымен қатар, аудан прокуроры Руслан Әлжанұлы Абдраимов «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен алимент өндіру бағытындағы мәселелерге тоқталып, сала мамандарына бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ, заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етіп, берешектерді өндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ аудандық сот төрағасы Дәулетияр Бөрібайұлы аталған бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, мемлекетке берешек қарыздарды өндіру бойынша нақты шаралар қабылдап, әрбір іс бойынша жеке талдау жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Мемлекеттік кірістерді толықтыру және көлік салығы бойынша қалыптасқан берешектерді азайту мақсатында салықтық әкімшілендіру шаралары жаңа сипатқа ие болуда. Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қанат Төлендиев атап өткендей, қазіргі уақытта берешегі бар жеке тұлғаларды хабардар ету және қарыздарды ерікті түрде төлету бағытында заманауи цифрлық жүйелер белсенді қолданылуда. Атап айтқанда, банктік мобильді қосымшалар мен мемлекеттік қызметтер порталы арқылы азаматтарға ескерту хабарламаларын уақытылы жолдау жұмыстары жолға қойылған.
Дегенмен, салық міндеттемелерін орындаудан саналы түрде қашып жүрген борышкерлерге қатысты мәжбүрлеп өндіру шаралары күшейтіледі. Түсіндіру жұмыстары нәтиже бермеген жағдайда, салық органдары берешекті өндіру туралы бұйрықтарды тікелей сот орындаушыларына жолдайды. Аудан басшылығы бұл бағытта тек заң шеңберінде әрекет ете отырып, салық базасын нақтылау, есептен шығарылған немесе ескірген көлік құралдары бойынша мәліметтерді уақытылы жаңартып отыруды тапсырды. бұл бюджет кірістерін нақты жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сот орындаушыларының өндірісіндегі істердің сапалы орындалуы — мемлекеттік шешімдердің заңды күшіне енуінің негізгі көрсеткіші. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Сейдрахым Сайлауов өз баяндамасында атқарушылық құжаттардың орындалу барысына тоқталып, кейбір істердің созылып жатқанын алға тартты. Осыған байланысты, мемлекетке берешек қарыздарды мәжбүрлі түрде өндіру үшін борышкерлердің банк шоттарын бұғаттау, мүліктеріне шектеу қою және ел аумағынан тыс жерлерге шығуын шектеу сияқты заңдық тетіктерді қолдану жиілігі артады.
Жиында мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының жұмысын үйлестіру мәселесі де қозғалды. Төрағалық етушілердің талабына сай, әрбір атқарушылық өндіріс бойынша жеке бақылау орнатылып, борышкерлердің мүліктік жағдайына қайта хатталған талдау жүргізіледі. Сонымен қатар, салық органдары мен сот орындаушылары арасындағы ақпараттық жүйелердің ықпалдасуын күшейту арқылы құжат айналымының уақытын қысқарту және өндірілген қаражаттың бюджетке жедел түсуін қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Аудан прокуроры Руслан Абдраимов өз сөзінде мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі тапсырмаларына басымдық берді. Мемлекеттік бюджет алдындағы қарыздармен қатар, қоғамда үлкен әлеуметтік мәселеге айналған алимент өндіру істері прокуратураның ерекше қадағалауында болады. Балалардың құқықтарын қорғау және алимент бойынша төлемдердің дер кезінде жасалуын қамтамасыз ету мақсатында прокуратура мен ішкі істер органдары бірлескен арнайы іс-шаралар кешенін жүргізбек.
Аудандық сот төрағасы Дәулетияр Машрапов сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуы заң үстемдігінің негізі екенін қадап айтты. Сот төрағасының мәлімдеуінше, мемлекетке берешек қарыздарды өндіруде құқықтық сауаттылықты арттыру мен дауларды сотқа дейін реттеу тетіктерін де қарастыру қажет. Алайда, заңды белден басқандарға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары қолданылатын болады. Жиын қорытындысы бойынша қабылданған ведомствоаралық шешімдер Қазығұрт ауданындағы қаржылық тәртіпті нығайтуға және әлеуметтік әділдікті орнатуға септігін тигізеді.
ҚАЗЫҒҰРТТА МЕМЛЕКЕТКЕ БЕРЕШЕК ҚАРЫЗДАРДЫ ӨНДІРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ












Comments