Жаңалықтар

САЙРАМ АУДАНЫНДА «АДАЛ АТА-АНА – ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Сайрам ауданында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы аясында аудандық ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара аудандық мәдениет үйінде өтіп, оған білім беру ұйымдарының өкілдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, психологтер, әлеуметтік педагогтер және ата-аналар қатысты.

Форумның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелерін кеңінен талқылау болды. Сонымен қатар отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты күшейту, балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және психологиялық қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.

Іс-шара барысында ата-аналарға арналған арнайы танымдық көрме ұйымдастырылып, психологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық материалдар ұсынылды. Көрмеде балалармен тиімді қарым-қатынас орнату жолдары, эмоционалдық қолдау көрсету тәсілдері, психологиялық жаттығулар мен күнделікті өмірде қолдануға болатын практикалық кеңестер таныстырылды. Бұл жұмыстар ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейтуге және отбасы ішіндегі сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруға бағытталды.

Форум аясында отбасы мен бала арасындағы қарым-қатынасқа арналған бейнероликтер көрсетіліп, эмоционалдық қолдау көрсету, сенімді байланыс орнату және балалардың психологиялық жағдайына назар аудару мәселелері кеңінен түсіндірілді. Мамандар ата-аналарға баланың ішкі жан дүниесін түсіну, оның қауіпсіздігі мен психологиялық тұрақтылығына көңіл бөлу қазіргі қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Жиында сөз алған спикерлер бала қауіпсіздігі, құқықтық мәдениет, интернет қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және балалардың психологиялық әрі физикалық денсаулығы мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Әсіресе қазіргі цифрлық кезеңде балалардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік желілердің теріс ықпалынан қорғау мәселелері өзекті тақырыптардың бірі ретінде көтерілді.

Форум барысында білім саласының өкілдері отбасы мен мектептің бала тәрбиесіндегі бірлескен жауапкершілігі туралы баяндама жасап, оқушылардың қауіпсіз әрі сапалы білім алуына қолайлы орта қалыптастыру мәселелерін сөз етті. Сонымен қатар ата-аналардың мектеппен тығыз байланыс орнатуы, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруы және олардың тәрбиесіне белсенді араласуы маңызды екені айтылды.

Құқық қорғау органдарының өкілдері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталып, ата-аналардың заң алдындағы жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңсыз жүруінің алдын алу, буллинг пен интернет қауіпсіздігі, қоғамдық орындардағы тәртіп және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды.

Полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігі, мектеп маңындағы қауіпсіздік және жазғы демалыс кезіндегі сақтық шаралары туралы маңызды ақпараттар берді. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-аналардың бақылауы мен жауапкершілігі ерекше рөл атқаратыны айтылды.

Форум аясында психолог мамандар баланың эмоционалдық қауіпсіздігі мен психологиялық қолдаудың маңыздылығына тоқталып, ата-аналарға пайдалы кеңестер ұсынды. Арнайы тренингтер өткізіліп, бақытты отбасы мен қауіпсіз балалық шақтың өзара байланысы түсіндірілді. Мамандар отбасындағы түсіністік пен мейірім баланың тұлғалық дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Сондай-ақ балалардың денсаулығын сақтау, зиянды әдеттердің алдын алу, дұрыс тамақтану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамда қауіпсіз әрі саналы ұрпақ тәрбиелеудің маңызды бөлігі ретінде қарастырылды.

Форум соңында бала қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған бірқатар бастамалар таныстырылды. Атап айтқанда, «Қауіпсіз аула» акциясын өткізу, ата-аналарға арналған бақылау бағдарламалары бойынша кеңес беру, қоғамдық орындарда түсіндіру кездесулерін ұйымдастыру және су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізу жоспарланғаны айтылды.

Аталған форум мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтып, өскелең ұрпаққа қауіпсіз әрі тәрбиелі орта қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Бала қауіпсіздігі мен тәрбиесі – тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екені тағы бір мәрте айқын көрінді.

ТҮРКІСТАНДА «АДАЛ АТА-АНА — ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Алдыңғы

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛУДЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *