Түркістан облысының білім басқармасының ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» атты облыстық ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Оған білім беру саласының 1000-нан астам өкілі мен ата-ана, мектеп психологтары, құқық қорғау саласының өкілдері қатысты.
Форумда Түркістан облысы прокурорының орынбасары Даулет Бекбашұлы, Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Абай Батырұлы, Қоғам қайраткері, тіл жанашыры «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері Оразкүл Асанғазықызы, «Дара медиа» ақпараттық агенттігі ресурсты әйел орталығының директоры, облыстық әйелдер қанатының мүшесі Рухабза Халдарбек, Созақ ауданының білім бөлімінің басшысы Абай Шарипбекұлы мен Phd doctor доцент, тәжірибелі психолог Салтанат Сайлауқызы негізгі баяндамаларды оқыды.
Түркістан облысының білім басқармасы басшысы Ғалымжан Орынов форумда бала қауіпсіздігі – ең үлкен құндылық екеніне тоқталды.
“Бүгін біз кезекті жиын өткізу үшін емес, бала тағдырына қатыстыең ауыр, ең жауапты әңгімені ашық айту үшін бас қосып отырмыз. Өйткені бала қауіпсіздігі — тек мектептің мәселесі емес.Тек полицияның, дәрігердің немесе мемлекеттік органның міндетіде емес. Бала қауіпсіздігі — ең алдымен ата-ананың жүрегінен, үйдегітәртіптен, отбасындағы мейірім мен бақылаудан басталатынқасиетті жауапкершілік. Біз 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында«Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» форумын өткізіп отырмыз. Бірақ бұл күнді тек мерекелік концертпен, әдемі сөзбен шектеугеболмайды. 1 маусым — әр баланың үні естілетін, әр ата-ана өз жауапкершілігіне қайта үңілетін, қоғам бала алдындағы парызынжаңаша сезінетін күн болуы тиіс, — дейді Ғалымжан Қалдыкөзұлы.
Форумның басты мақсаты – бала қауіпсіздігіне қатысты ата-ананың жауапкершілігін арттыру, қоғам мен мемлекеттік органдардың ортақ ұстанымын қалыптастыру.
Форум бағдарламасы аясында облыстық статистика мен нақты оқиғалар негізінде әзірленген талдамалы бейнематериалдар ұсынылып, Р. Сейтметов атындағы сазды-драма театры ұжымының «Бақытты шаңырақ – кемел болашақ» қойылымы сахналанды. Қойылым барысында инклюзивті қоғам құндылықтары кеңінен көрініс тауып, мүмкіндігі шектеулі балалардың да қоғамда тең мүмкіндікке, сапалы білім мен жарқын болашаққа толық құқығы бар екені әсерлі түрде насихатталды.
Іс-шара дәстүрлі форматтан өзгеше, TEDx үлгісінде өтті. Форум барысында нақты өмірлік оқиғаларға негізделген бейнематериалдар көрсетіліп, спикерлер мен ата-аналар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылды.
Жиында бала қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, физикалық қауіпсіздік, эмоционалдық-психологиялық қолдау, құқықтық жауапкершілік, цифрлық ортадағы қауіптер мен жазғы демалыс кезеңіндегі сақтық шаралары кеңінен талқыланды.
Форум аясында TEDx форматындағы мазмұнды баяндамалар тыңдалды. QR-сауалнама арқылы ата-аналардың пікірі сараланды. «Қауіпсіз бала — облыстық манифесі» қабылдау ұсынылды. 17 ауданнан келген белсенді ата-аналар арнайы номинациялармен марапатталды.
Бүгінде облыста бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мектептерде буллингтің алдын алу, психологиялық тәуекелдерді ерте анықтау, балаларды үйірме мен спорт секцияларына тарту жұмыстары жүйелі жүзеге асырылып келеді.
Бала тәрбиесінеерекше үлес қосып, мектеппен тығызбайланыс орнатқан 17 ауданнан келгенбелсенді ата-аналар «Қауіпсіз балалықшақтың шамшырақ ата-аналары»номинациясымен марапатталады.
«Бала қауіпсіздігі – тек мектептің немесе мемлекеттік органның міндеті емес. Бұл – ең алдымен ата-ананың күнделікті жауапкершілігі» деген ортақ ұстаным форумның негізгі өзегіне айналды.












Comments