АймақДенсаулық

ОТЫРАР АУДАНЫНДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Әр жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде елімізде медицина қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Бұл — адам жанының арашасы болып жүрген дәрігерлер мен медбикелерге, жалпы ақ халатты абзал жандарға деген елдің ерекше ілтипатын білдіретін айрықша күн.
Бүгін осынау мерейлі мереке қарсаңында аудан орталығындағы мәдениет сарайында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға арнайы қатысқан Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы денсаулық сақтау саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жоғары жетістіктерін атап өтті.
Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Құрметті ақ халатты абзал жандар мен саналы ғұмырын медицина саласына арнаған ардақты ардагерлер. Медицина қызметкері болу мәртебелі әрі жауапты мамандық екені баршаңызға белгілі. Бұл мамандық иесі – халықпен біте қайнасып қызмет жасайтын, қастерлі еңбек иесі. Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні ретінде кеңінен аталып өтіледі. Жанға дауа, дертке шипа, денге саулық сыйлайтын сол ардақты мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде ауданымызда медицина саласына баса назар аударылып, заманауи үлгіде медициналық емханалар ашылуда. Мұның барлығы ел игілігіне арналған істер. Алдағы уақытта да халықтың ризашылығына бөленіп, ел өмірінің жақсаруына өз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспін», — деді.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың алғыс хаттарымен аудандық аурухананың бірқатар қызметкерлері марапатталды. Жоғары кәсібилік пен адам өміріне деген жанашырлықтың үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлер мен медицина саласындағы өзге де мамандардың еңбегі қай кезде де елеулі.
Мерекелік жиын одан әрі көңілді концерттік бағдарламаға ұласып, көпшілік аудан өнерпаздарының өнерін тамашалады. Өнерпаздардың орындауындағы әндер мен нәзік би өрнектері көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген концерт медицина қызметкерлерінің көңілін бір серпілтіп, мерекелік кештің сәнін келтірді.

БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА АРДАГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЗАМАНАУИ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Алдыңғы

СОЗАҚ АУДАНЫНДА ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *