Зейнетақы активтерінің 2024 жылдың 5 айындағы инвестициялық кірісі
өткен жылғы көрсеткіштен асып түсті
2024 жылдың 5 айында салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына бөлінген таза инвестициялық кіріс 631,3 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 138 млрд теңгеге (немесе 28%) артық.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 маусымына зейнетақы активтерінің (міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған) жалпы сомасы шамамен 19,2 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте 2014 жылдан бері жинақталған (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) таза инвестициялық кіріс 9 трлн теңгеден асты. Жүзеге асырылған төлемдерді ескерсек, бұл зейнетақы активтерінің 37% астам бөлігі.
2024 жылдың 5 айындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен құрылған БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 3,49%, соңғы 12 айда 10,31% болды.
Инвестициялық кіріс қаржы құралдары (бағалы қағаздар, салымдар және басқа операциялар бойынша) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т.б. құралады. Инвестициялық портфельді әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және орнықты кірістілігін қамтамасыз етеді.
Зейнетақы жинақтары — ұзақ мерзімді инвестиция, сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдаған жөн. Егер неғұрлым ұзақ мерзімді инвестициялық кезеңді алсақ, мысалы, жинақтаушы зейнетақы жүйесі 1998 жылы құрылған сәттен бастап 2024 жылғы 1 маусымға дейінгі аралықта инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 848,42% болса, сол мерзімдегі инфляция 784,21% көрсетті. Осылайша, инвестициялық кірістілік ұзақ мерзімді кезең ішіндеинфляциядан асып түсті.
Бұған қоса, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жарналарының міндетті түрлерінің сақталуына бірегей кепілдік қолданылады. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне әсер еткен жекелеген уақыт аралығындағы кірістілік төмендеген жағдайларда, айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.
2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптастырылған БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі — 1,14 %. Атап кетейік, ЖМЗЖ шартты зейнетақы шоттарына 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап түсе бастады, жинақтардың жалпы сомасы — 77,5 млрд теңге.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың бүкіл жүйесі ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
Пресс-центр АО «ЕНПФ»
Comments