Биыл Түркістан облысында 28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің дәстүрлі спартакиадасы жаңаша форматта ұйымдастырылды.
Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асқан мерекелік іс-шара биыл бірліктің ордасы — Ордабасы ауданында, Арыс өзенінің жағасындағы «Ауыл» демалыс аймағында дүркіреп өтті.
Әріптестердің бірлігін бекемдеген додада журналистер кір тасын көтеру, қол күрес, дартс, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, қаппен жүгіру, былғары қолғаппен кәмпит ашу сияқты қызықты сайыс түрлерінен және аспаздық шеберліктен бәсекелесті.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшылығы атап өткендей, бір-бірімен тартыс емес бір-біріне тартылыс, серпіліс сыйлаған әдемі басқосу болды.
Спартакиаданың ашылу салтанатында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев: «Халықпен біте қайнасып, бұқараға шынайы ақпарат жеткізіп жүрген БАҚ өкілдерінің қоғамдағы орны ерекше. Спорт бәсекесі сәтті өтсін. Шын мықтылар жеңіс тұғырынан көріне берсін» деп ізгі ниетін білдірді.
Бұл жолғы спартакиаданың ең басты артықшылығы — сайыстарға тек ақпарат саласының басы-қасында жүрген қызметкерлер ғана қатысты. Спартактиадаға бас-аяғы бес команда қатысса, соның ішінде кір тасын көтеруден «Рейтинг-Собкор» командасының мүшелері Диляра Иса («Азаттық радиосы») мен Мақсұт Айтжанов («Атамекен бизнес» каналы) ешкімге есе жібермеді. М. Айтжанов 32 келілік кір тасын 60 мәрте көтерсе, Диляра 8 келілік гирді 40 мәрте көтеріп, екеуі де бірінші орынды олжалады. Диляра қыздар арасындағы қол күрестен де бас жүлдені еншілесе, сайыстың бұл түрінен жігіттер жағынан Нұрсұлтан Нәрзілдаға («Turkistan» Медиа Холдингі) ешкім жете алмады.
Дартс атудан әйелдер арасынан Мухтабар Усманова («Жәнубий Қозоғистон») Самат Сүлей (Түркістан ТВ), қаппен жүгіру, ләңгі тебуден «Turkistan» Медиа Холдингі командасы, Арқан тарту мен былғары қолғаппен кәмпит ашудан «Ontustik» теларнасының командасы, асық атудан «Жәнубий Қозоғистон» командасы жеңімпаз атанса, аспаздық, дәлірегі жеміс-жидектен белгіленген 10 минут ішінде алуан түрлі ассорти әзірлеуден бірінші орын «Рейтинг-Собкор» командасының мүшесі, «Астана» телеарнасының тілшісі Айзада Төребекқызына бұйырды. Спорт және өнер фестивалінде «Тұран БАҚ» командасының қыз-жігіттері де барлық бәсекеде белсенділік танытып, әдемі кештің әрін келтірді.
Бұдан кейін мерекеге арнап жайылған дастархан басында журналистер арасында өнер бәсекесі басталды. Спартакиада мен өнер сайысын ұйымдастыруда Ордабасы аудандық әкімдігі үлкен қолдау көрсетті. «Ордабасы оттары» газетінің директор-бас редакторы Ғалымжан Зиябеков жанына өнерпаздар Құрманәлі Жылқыбаев пен Мұрат Махаловты біріктіріп, «Журналистер» деген әнді әуелете шырқағанда, бүкіл әріптестер әннің қайырмасына қосылуы, көңіл толқытып, жүрек тебірентті.
Өнер бәсекесінде бес команданың ешқайсысы да аянып қалмай, таланттарымен таңдай қақтырды. «Темірқазық-Ой» газетінің бас редакторы Анар Сүлеева домбырамен ән салса, Ұлттық арна тілшісі Ғани Қалмаханов төгілтіп күй тартты.
Спорт пен өнер және аспаздық шеберліктен жүлдегер атанғандар ақшалай, арнайы дипломмен, медальдармен марапатталды. Осылайша спорт, өнер сайысының негізгі мақсаты кім мықтыны анықтау емес, журналистер арасындағы достыққа, ынтымаққа дәнекер болу деген ой орындалды.
Бұдан кейін Арыс жағасында алау жағылып, журналистер Ордабасының түнгі аспанын ән-күйге бөледі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Comments