OTANYŃDY SUI, ÄLEMDI ÖZGERT, ADAL BOL – «Alumni NIS» қағидаттары Назарбаев Зияткерлік мектептері түлектерінің Франкфурт қаласындағы кездесуінде айтылды.
«Alumni NIS» қағидаттарына айналған OTANYŃDY SUI, ÄLEMDI ÖZGERT, ADAL BOL сөздері Назарбаев Зияткерлік мектептері түлектерінің Франкфурт қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығында өткен кездесуінде айтылды.
– NIS-тің мен үшін нағыз әлеуметтік лифтке айналып, үлкен мүмкіндіктер берген мекен екенін мақтанышпен айту үшін осындай тамаша сәтті күттім, – деп мойындады Hochschule Rhein-Waal студенті Амина Бақтиярова:
– Мен Өскемен қаласындағы Зияткерлік мектепке Шығыс Қазақстан облысындағы Қасым Қайсенов атындағы қарапайым ауылдық мектептен түстім, ағылшын тілі мен химия пәнінен қиындықтар бірден пайда болды. Бір шет тілін меңгерудің аздық ететінін түсініп, неміс тіліне қызыға бастадым, 12-сыныпта IELTS емтиханынан 8.0 балл алып, қатарынан бірнеше университетке, соның ішінде Экономика жоғары мектебіне грантқа шақырту алдым. Мен Германиядағы Рейн-Вааль қолданбалы ғылымдар университетін таңдадым, Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Клеве қаласында орналасқан. Қазіргі уақытта биоинженерия саласында оқимын, қазақстандық ғылымда, соның ішінде фармацевтикада өзімнің қолтаңбамды қалдыруды армандаймын. Бос уақытымда шығармашылықпен айналысып, ағылшын тілінде өлеңдер жазамын, екі кітап шығарып та үлгердім. Ауылымдағы мектепте оқып жүрген кезде шетелде білім алып, бірнеше тілді жетік меңгеремін деген ой мүлде болмаған. NIS маған үлкен мүмкіндіктер сыйлады, Зияткерлік мектепке түскеннен кейін өзіме деген сенімім артып, біздің басты қағидаттарымызға айналған «отан алдындағы жауапкершілік», «академиялық адалдық», «қоғамға қызмет ету» ұғымдарын бойыма сіңірдім.
Аминаның жетістігі – жарқын, иланымды, есте қаларлық және … барлық NIS түлектеріне тән. Назарбаев Зияткерлік мектептері өз оқушыларына бірегей үміт пен мүмкіндік берді. Кездесу қатысушылары Германиядағы биохимия, цифрлық технология, машина жасау, инженерия, логистика және экология салаларында мамандандырылған үздік университеттерде білім алуда.
Бейбарыс Есенгелдин екі жыл бұрын Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS-ті тәмамдады, мектеп президенті болды, Франкфуртқа Венгрияның Дьор шаһарынан келді, Szent Istvan University-де оқиды. Жоғары оқу орнында Бейбарыстың жаратылыстану-математикалық бағыттағы академиялық дайындығы ғана емес, NIS-тің жан-жақты білімі мен маңызды адами қабілеттерге баулитыны таң қалдырды. Ал Талдықорғандағы Зияткерлік мектеп түлегі, бүгінде Technische Hochschule Würzburg-Schweinfurt студенті Назира Өмірбековаға ата-анасы осы кездесуге баруға кеңес берген. Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS түлектері Еликай Атабаева Мюнхен техникалық университетінде, Әдия Бекдәулетова Швайнфурт қолданбалы ғылымдар университетінде, Мадина Қарақұлова Мюнхендегі Людвиг және Максимилиан университетінде оқиды. Кристина Муляр Павлодардағы NIS түлектерінің алғашқы легін таныстырды, бүгінде Гамбургте жұмыс істейді, мектептегі академиялық дайындығының арқасында университеттегі замандастарынан ерекшеленгенін мойындады. Петропавлдағы NIS-тен Ангелина Бендер Technische Universität Munchen-де цифрлық технологиялар саласын меңгерген, бүгінде ол Германиядағы ең ірі сақтандыру компанияларының бірінде жұмыс істейді және сүйікті мектебінен мүмкіндіктер мен үлкен қолдау алғанын жасырмайды. Оралдағы NIS түлегі Данел Бегалиев Бранденбург қаласынан келді, ол Котбус-Зенфтенберг техникалық университетінде қоршаған ортаны басқару мамандығы бойынша оқиды. Әлихан Нұрдәулет елордадағы физика-математика зияткерлік мектебін бітірген, Karlsruher Institut fur Technologie-де машина жасау мамандығында білім алуда.
Абдуллаким Замирбек уулу кездесудің күтпеген әрі ерекше қонағына айналды. Ол – болашақ дата-аналитик, The University of Messina-да білім алуда. Бішкек халықаралық мектебінің түлегі Абдуллаким Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектеріне тән қасиеттердің арқасында табысқа жетудің жолын түсіну үшін Италиядан Франкфуртқа арнайы келді. Еуропаның озық университеттерінің үздік студенттері Зияткерлік мектепті тәмамдады, олар NIS бауырластығын мақтан тұтады, қиын уақытта бір-біріне қолдау көрсетіп, жеке оқиғаларымен шабыттандыруға әрқашан дайын.
– Зияткерлік мектептер түлектерінің басты артықшылығы – академиялық жетістіктер емес, адами қасиеттер, – деп мойындады Абдуллаким.
Германияның әр жерінде тұрып, білім алып жатқан кездесу қатысушылары алғаш рет Франкфурттегі Қазақстан Республикасының Бас консулдығында жиналды. Дипломаттар тарапынан жасалған жайлы әрі отбасылық атмосфера, шынайы диалог пен дәмді дастархан үйлерінен жырақта жүрген балалардың көңілінен шықты.
– Бүгінде Германияда білім алып жатқан әрбір қазақстандық студент – өз елінің өкілетті өкілі, олар Абай, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов және қазақтың басқа да біртуар перзенттерінің рухани мұрасын әлемге танытуда, – деп атап өтті Франкфурт қаласындағы Бас консул Тауболды Үмбетбаев.
– Германиядағы кездесу желтоқсан-қаңтар айларында NIS түлектерінің туған жерінде басын қосқан бірінші «SAMGAU» форумының заңды жалғасы, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова:
– Зияткерлік мектептің әрбір оқушысы, мұғалімі, ата-анасы біздің түлектеріміздің Қазақстанды әлемге лайықты танытып, «Alumni NIS» қағидаларына айналған «отанды сүю», «әлемді өзгерту», «нағыз тұлға» болуды насихаттайтынын мақтан тұтады.
Comments