Бүгін облыс орталығында облыстық мәдениет басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл ғұмыры — ұлт ғұмыры» тақырыбымен мерекелік іс-шара өтті.
Аталмыш шара мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді насихаттау, әрбір этнос өкілінің мемлекеттік тілді білуге деген ұмтылысын арттыру, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында оның еңбектерін дәріптеу, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға облысымызда қызмет атқаратын этномәдени бірлестіктер қатысып, келушілерге өздерінің тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне арналған көрме ұсынды.
Жиында облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Ф.Г.Аюпов пен облыстық әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жастар қанатының мүшесі И.Раван-Нахчивани құттықтау сөз сөйлеп, облыстық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Н.Чеганова өнер көрсетті.
Іс-шара барысында облыстағы тіл жанашырлары мен осы салада еңбегі елеулі азаматтарға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаттары тапсырылды.
Comments