«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы № 333-VІ Заңын (бұдан әрі — Заң) түсіндіру
Митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңмен реттеледі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін (Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабы).
Бұл Заң елде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізуді демократияландырды және жеңілдетті.
Атап айтқанда, жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі көзделген.
Оларды өткізу туралы хабарлама белгіленген күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей жергілікті атқарушы органға жазбаша түрде беріледі.
Онда бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі (Заңның 10-бабы).
Хабарламаны жергілікті атқарушы орган оны тіркеген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қарауға тиіс (Заңның 11-бабы).
3 күн өткеннен кейін жауап болмаған жағдайда ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы.
Демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі.
Бұл үшін ұйымдастырушы олар өткізілетін күнге дейін 10 жұмыс күні бұрын өтініш беруге міндетті, ол бойынша жергілікті атқарушы орган 7 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті (Заңның 12, 13-баптары).
Ұйымдастырушы өтініште қатысушылардың жүру бағытын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, медициналық көмекті ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шараларын көрсетеді (Заңның 12-бабы).
Өтінішті қарау қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы орган ұйымдастырушыға демонстрация немесе шеру өткізуге келісілгені не оны өткізуден бас тартқаны туралы хабарлайды (Заңның 13-бабы).
Бұдан басқа, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуін, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандарының және өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыс өткізудің балама мамандандырылған орнын ұсынуға құқылы (Заңның 11-бабы).
Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың бейбіт жиналыстарды өткізу мақсатында қатысушылардың уақыты, орны (орындары), жүру бағыты туралы ақпаратты және оларды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты өзге де ақпаратты хабарлай отырып, үгіт жүргізуге, ұйымдардың рәміздерін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тыйым салынбаған иллюстрациялық материалдарды пайдалануға, сондай-ақ оларға қатысуға үгіттеуге құқығы бар (Заңның 5-бабы).
Заңның талаптары бойынша бейбіт жиналыстар қатаң түрде қалалық және аудандық мәслихаттар айқындаған мамандандырылған орындарда жүру бағыты бойынша ұйымдастырылуға және өткізілуге тиіс (Заңның 9-бабы).
Тиісінше, заңды бұза отырып жүргізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу (Заңның 3-бабыбының 3-тармағы) құқыққа қайшы болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жетпіс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе 25 тәулік қамауға дейін әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол айыппұл екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде, түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түріндегі жазаны көздейді, жетпіс айлық есептік көрсеткіш немесе 25 тәулік мерзіміне қамау қарастырылған. Шымкент қаласының прокуратурасы азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.
Шымкент қаласының прокуратурасы
Comments