Ордабасы аудандық орталық кітапханасы Отбасы күніне орай ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан, тот баспайтын,отбасы тәрбиенің қайнар көзі екендігін санада жаңғырту мақсатында кездесу өткізді. Оның басты алға қойған мақсаты — үш тұлға : ата-ана, бала арасындағы ашық әңгіме арқылы ұлттық қазақы тәрбиемізді оқырман санасына сіңіру. Ата – ана мен бала арасындағы сенімді сыйластықты, бір- біріне деген сезімді нығайту, бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отбасындағы ата- ана тәрбиесі, өнегесі және баланың бас ұстазы ата – ана екенін түсіндіру.
Ордабасы ауданының азаматы, көп балалы ана 10 баланың 9 қыз 1 ұл өсіріп, қыздарын қияға, ұлды ұяға қондырып, 32 немере, 1 шөберенің қызығын көріп отырған аяулы ана Ахмедова Мейрам апамен «Отан отбасынан басталады» атты кездесу кеші өтті.
10 баланы өмірге әкелген Ахмедова Мейрамгүл апамыз бүгінде жасы 65-ке толса да қимылы ширақ, жүрісі шапшаң. «Орталыққа күніне екі рет жаяу келіп кетемін, ширақтығымның сыры осы» — деп әзілдеп қояды.
«Отағасымен бірге 45 жыл баянды ғұмыр кештік, сонау Кеңес үкіметі кезін де көрдік, үкімет тарап кеткенде елмен бірге қиыншылық та көрдік. Тәуелсіз Қазақстан құрылып жатқанда барлығына куә болдық. Ол кезде қазіргідей білім, ғылымға ден қойып қарайтын тоқшылық заман емес еді, өзіміздің де біліміміз бар, хат танимыз, бірақ ауылда 10 гектар суармалы жерімізді игеріп, аз да болса үйде мал ұстап, балаларымызға қарап, осыларды өсіріп, еңбекке баулып өмірдегі ұстаздары болдық. Себебі сол кездегі заман солай еді.
Еліміз аяққа тұра бастағанда еленіп, ескеріліп алғашқылардың бірі болып «Алтын Алқа»- ордені иегері атандым, кейіннен «Ордабасы энцклопедиясына» есімімді енгізді. «Батыр Ана»-деп жылда Халықаралық әйелдер күнінде мемлекетіміз көңіл бөліп, сый көрсетіп жатады. 10 балам бар деп ешкімнің есігін қаққан емеспін. Адал, маңдай термен бағып-өсірдік. Отбасы-дегенді бірінші құндылық етіп ұстандық.
Барлық балаларымыз мектепте үздіктер қатарында болды. Жоғары оқу орындарын жақсы оқып бітірді, Мақтау қағаздарын, ата-анаға Алғыс хаттарын мектептен, университеттерінен әкеліп жүретін. Оны көріп әкесі екеуміз еңбегіміздің жемісі деп қуанатынбыз. Енді бізде 9 қыз 1 ұл болғандықтан, қыздарды білімнің соңына жібермедік, яғни шетел асып оқуларына рұқсат етпедік. Әкесі екеуміз қыз баланың негізгі міндеті «отбасы — ошақ қасы» деп уйреттік, өнеге болдық. Әкелері сабақтарын тексеріп мұғаліммен қатар оқытатын, жан-жақты етіп атқа да, егістікке де, мал-жанға да қарай беретін батылдыққа үйретіп тәрбие берді. Мен сол үй тірлігі, тазалыққа, адалдыққа, адамдыққа уйреттім. Қайсарлы болып бой жетіп келе жатқан қыздарыма — адамның көңіліне қарап сөйлеумен қатар ұяңдықты да бойларына сіңірген ұмтылдым. Бар жиған байлығым осы 10 перзентіміз, мектепте барлығы дерлік мемлекет грантын жеңіп алды. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде, Түркістандағы Қазақ-Түрік университеттерінде білім алды, қызылды-көк диплом алды, ары қарай магистратураларын өздері қалауынша оқып жатты, «3»-тік, «2»-лік деген баға біздің үйге келген емес!-деп күлетінбіз. Содан құтты ұяларына қондырдық. Бүгінде әр перзентіміз әр салада қызмет етуде, біздің үйде тілші де, тігінші де, агроном да, бухгалтер де, мәдениет қызметкері де, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары да бар деп марқайып отырамын. Тек денсаулық саласында жоқ екен деп жүргенімде, міне немерелерімнің басым бөлігі медицина саласына қызмет етуге білім алуда, енді әулетімде барлық керекті сала мамандары бар деп отырамын.
Міне, осылай елімізге демография жағынан да, демократия жағынан да үлесімізді қостық деп ойлаймын. Біздің бар жиған байлығымыз осы көзге көрінген перзенттерімізде,»-дейді жүзі шуақты аяулы да ардақты анамыз.
Асылдың сынығы болған қариямыздың дүниеден өткеніне 2 жылдың жүзі болып қалды, тұнған өнеге, қазыналы қарт еді атамыз. Салауатты өмір салтын ұстанып, көктем шыққаннан қара күзге дейін апамыз екеуі тынбай тіршілік жасап, көрші ақысында беріп, көңіл бөліп, жағдай сұрасып жүретін. Қазірде ағайын-туыс босағасынан үзілмеген, көрші-қолаңға сыйлы апамыз ақылшымыз болып келеді. Мейрамгүл апамыздан уйренеріміз көп, ешқашан мойымай қандай қиындық болса да күліп қарсы алып, сабырлы түрде шешіп отыратын даналықтарына ризамын. Апамыздың дені сау, ғұмырлы болсын! Байлықты перзентіміз деп таныған, отбасыны ең негізгі құндылық мәртебесіне көтерген, соны өз перзенттеріне өнеге көрсеткен апамызға Алла разы болсын дегім келеді. Ұрпағымен мың жасайтын дана қазыналарымыз аман болсын!
Гүлзада АСАН,
Түркістан облысы, Ордабасы аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі
Апамыздың дені сау болсын! Бұрынғының Аналары данағой шіркін. Қазір кей Аналарымыз 4 баланы үкіметке міндетсінеді. Бұл апаларыдың кезінде үкіметтен дәл қазіргідей қолдауда болмаған.