ӘдебиетҚоғамРуханият

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:  БЕЛЬГЕР КӨКЕМДІ ОЙЛАСАМ…

Біздің тау түкпіріндегі ауылымыздың өзінде біраз үй орыстар, немістер, шешендер тұратын. Таупістелі ауылы бастауыш мектептен шығысқа қарата, тауға, Бозторғай асуына дейін бес шақырымдай, мектептен батысқа қарата, Тассай шатқалына дейін үш-төрт километрге созылатын.

Кейде мектептің шығыс жағы мен батыс жағы боп бөлініп «төбелесетінбіз». Валентин деген неміс кластасымыз өзеннің арғы бетінде, мектептің тұп-тура тұсында тұратындықтан, екі жаққа да жақтаспай, төрешілік жасайтын. Бұрмаламай, әділ шешетін. Кейін ол Әділ атанып кетті.

Тоқсаныншы жылдарға таман Шымкентте, біздің үйде Герольд Бельгер деген немістің атақты жазушысы қонақ болды. Облыс басшыларының бірі Әбдіғани Ташқараев жанында жүр екен. Сонда ғой, Валентин-Әділ туралы айттым. Риза болды. Бельгер немісше, орысша, қазақша жазады ғой. Қазақша мақалдатып, мәтелдетіп сөйлейді. «Мархабат бауырым, жалпы, біз немістер әділміз ғой, кейде бағалай бермейсіздер», -деп рақаттана күлді. Әзілдеп.

Түстеніп болған соң Ташқараев екеуміз әуежайға шығарып салдық. Ташкенттен келе жатыр екен. Өзбекстан астанасында әкесі тұратын көрінеді.

Бірде Герольд Бельгер ағамыз теледидардан толғана сөйледі. Ұзақ толғанды. Сондағы сөзінің қысқаша мазмұны былайтұғын.

«Қазақтар тағдыр тәлкегімен өз елінде, өз жерінде азайып, талай тауқыметті бастан өткерді. Сонда да тағдыр айдап Қазақстанға келген өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, өзіне тартудан, қамқорлық жасаудан танған емес. Үш бөлмелі үйінің бір, кейде екі бөлмесін босатып берген кім? Қазақ. Бір үзім нанының жартысынан көбін бөліп берген кім? Қазақ. Бірақ бүгінде, мына заманда «біз сөйткенбіз, біз өйткенбіз» деп қазақ айта бермейді. Айтпауы да керек. Қазаққа ондай мінез жараспайды да. Қазақтың қамқоршылдығын, қазақтың қайырымдылығын, қазақтың басқа ұлт өкілдеріне жасаған жақсылығын біз айтып, біз жазуымыз керек. Өзге ұлт, басқа диаспоралар өкілдері жазып, айтуға міндетті. Этностық мәдени орталықтардың жетекшілері тек жиналыстарда, қазақтардың алдында әдемі сөйлеп, әдейі айтып қана қоймай, өздерінің арасында да, өздерінің үйлерінде, қазақтар жоқ жерде де қазақтардың жақсылығы, кеңдігі туралы терең тебіренуі тиіс. Әсіресе, жастарға, бала-шағаларға үздіксіз, үнемі түсіндіріп, ұғындырып отыруымыз керек. Сонда ғана бауырластығымыз баянды, достықтарымыз шынайы, татулықтарымыз мәңгілік болады. Жас ұрпаққа түйсіндіру жағы жетіспей жатыр диаспораларда…»

Міне, Герағамыз осылай деген. Жаңа Қазақстанды қалыптастырамыз деп жатырмыз. Ол үшін бәрі де шынайы, әділетті, әділ болмағы абзал. Ұлтаралық достық та, ұлтішілік бауырмалдық та. Мемлекетшілдік те. Елшілдік те. Жалған, жасанды патриотизм емес, жасампаз, жауапкершілігі жоғары патриотизм қажет.

Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын, ағайындар. «Ырыс алды – ынтымақ!» — Қазақстанымыздың мәңгілік стратегиясы. Ата-бабалар аманаты — елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ.

Бірінші мамыр мерекесі қарсаңында Герольд Бельгер көкемді көбірек ойлайтынымыз рас.

«SHYMKENT KELBETI»

САМАЛ-3 ШАҒЫНАУДАНЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕЛЕРІМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Алдыңғы

ЕРЕКШЕ ЖАНДАР БІРЛІК ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *