Әдебиет

ОРЫНТАЙ КӨМЕКОВ. ҚАЙРАН, ЗЕЙНЕШ ЖЕҢГЕМ-АЙ… (Боямасыз өмір)

Тірі адамның тіршілігі өлгенде таусылған ба? Бір айда қолға әрең тиетін жалақы кешігіп, азық-түліктен қысылған соң қорадағы тоқал ешкімді базарға шығаруға тура келген. Обалы не керек, қолдағы адал малым жарады. Базарға кірмей жатып-ақ сүйегі ірі, бітімі келіскен оған бірден құда түсушілер қатары тым көбейіп кетті. Ақыры, діттеген бағам болып, әп-сәтте ешкімді саттым да жібердім. Сонымен, қалтаға әжептеуір ақша түскен соң көңілденіп, ыңылдай ән салып жүріп, базарды емін-еркін аралауға көштім. Одан ыстық бәліш жеп, бір сапты аяқ сыраны да рахаттана өңешке қарай қылғытып алдым. Кенет:

-Әй, ерке бала, тоқташы,- деген дауыс ту сыртымнан шықты. Кімге маған айтып тұр ма деген оймен басымды селқос бұрып жан-жағыма қарасам, бір апай маған қарап қолын бұлғап тұр екен. Кім мен бе, дегендей өзімді ымдап көрсеттім.

-Иә, сен. Не танымай қалдың ба, ерке бала?-деп жаныма жақындап қолымды алып жатыр. Мен аң-таң күйде бейтаныс жанның жүзіне барлай қарадым. Орта бойлыдан төмендеу келген, қызыл шырайлы, үлкен көздерінің айналасын ұсақ әжімдер торлаған, жасы шамамен қырық бес пен елу жас аралығындағы апай мені көргеніне қуанып кеткендей қолымды қысып, жуық арада жіберер емес. Үстіне арзандау көгілдір пальто, басын қалың орамалмен шандып байлап алған бұл кісі кім болды екен деп қоям іштей.

-Сен әулие болсаң да мені танымай тұрсың- ау осы, қу бала? Шыныңды айтшы, мен кіммін? –деп бейтаныс апай одан әрі маған ыстық ботқаша жабыса түсті.

-Ақиқатына көшсем-танымадым апай,-деп күмілжідім.

-Бәсе, бірден қайдан тани қоюшы едің. Біз байғұс басынан жазы өтіп, күзі қалған сорлы пенде емеспіз бе?-деп жаңа ғана жарқылдап тұрған апай бірден төмендеп кетті.

-Бұдан 25-30 жылдар бұрынғы ауылыңдағы Зейнеш деген озат сауыншыны білуші ме едің,-деді жүзіме қадала түсіп. Зейнеш дейді… Көз алдыма бұдан көп жылдар бұрынғы әппақ сазандай әдемі келіншек тұра қалды. Әсіресе, адамды баурап алар сыңғырлаған әсем күлкісі құлағымда әлі жаңғырып тұрғандай…Кезінде үстіне ақ халат киіп, қолына шелегін ұстап күлімсіреп түскен суретін аудандық газеттен талай көрген де болатынбыз. Сол кезде Зейнештің тек ферманың ғана емес, бүкіл ауылдың көркі болғанын қалай жасыра аларсың…

-Сіз…сіз Зейнеш апайсыз ба?-дедім сасқанымнан тұтығыңқырай үн шығарып. Шынымды айтсам, бұрынғы Зейнешті қазіргі қалай болса солай киінген кісімен онша айырбастағым келмей тұрғаны анық еді. Әй, қайран зымыраған уақыт-ай! Ақыры дегеніңе жеткен екенсің-ау!

-Сен таңдансаң да, таңданбасаң да сол баяғы сұлу Зейнеш жеңгең мен боламын. Бұл жалған дүниеде бәрі де өзгереді екен. Бұрындары жас кезімізде қартайған, қаусаған кемпірлерге неге сонша қартайып кеткен деп мүсіркей қараушы едік. Міне, ол жарықтықтардың артынан біз де еріп келеміз.Уақыт шіркін, бәріне де емші екен ғой. Бір кездері жас шыбықтай әп-әдемі талдырмаш бала едің. Енді қозы қарын шығарып, шаштарың сиреп сен де біраз жасқа келіп қалыпсың, қайным. Өзгермеген тек көздерің ғана екен. Мен сені шынын айтқанда, көзіңнен ғана таныдым.

-Зейнеш апай, асығыс болмасаңыз мына асханаға кіріп тамақтанайық. Асықпай әңгімелесейік. Біз кездеспегелі қай заман? Қазір қай жерде тұрып жатырсыз?-деп сұрақтарды бастырмалата жөнелдім.

-Жүр, кірсек кірейік. Жақсы көретін қайным шақырып тұрса қалай отказ берейін. Ауылға бір сағаттан соң көлік болады. Оған дейін біраз уақытым бар. Бүгінде сол Жуалы ауданында тұрып жатырмын, қайным.

Базар шетіндегі асханада адамдар аздау екен. Даяшы жігітке екі лағман мен бір шәйнек шайға тапсырыс бердім.

-Тентек суға қалай қарайсыз, жеңеше?-дедім одан әрі еріксіз қылмыс жасайтын адамша қипақтай түсіп.

-Оған кет әрі емеспін, қайным. Сен шын ниетіңмен алам десең ала бер. Кейде бұл бәлені түбін түсіре ішіп тастайтын да әдетім бар,-деп Зейнеш жеңгей сылқ-сылқ күліп алды. Апыр-ай, өзі қанша өзгерсе де, сыңғырлаған әдемі күлкісі сол күйінде сақталынып қалыпты. Баяғы өзіме сондай таныс күлкі құлағыма майдай жағып барады.

— Бірақ, қазір көп ішіп жүрген жоқпын. Екеуімізге екі стақан алсаң жетеді,-деді жөткірініп алып. Даяшы уақыт өткізбей біз тапсырыс берген тағамдардың бәрін алдымызға әкеліп қойды.

-Үйде келін бала бар шығар. Қанша бала-шағаң бар? Өзің не істейсің?-деп Зейнеш жеңешем алдындағы лағманнан бір ұрттап қойып, маған сұраулы жүзбен қарады.

— Құдайдың берген төрт-бес қарадомалағы бар, жеңеше. Келініңіз мектепте мұғалім болып істейді. Ал, өзім ауылдағы әкімшіліктің есепшісімін. Әйтеуір, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей ел қатарлы жүріп жатырмыз ғой. Ал, жеңеше мына ақаңды көп мөлите бермей алып тастайық,-деп қаз-қатар тұрған екі стақанның бірін алдыма жақындатып қойдым.

-Не үшін ішеміз, қайным?-деп Зейнеш жеңгем маған күлімсірей қарады.

-Не үшіні қалай? Жеңгесі мен қайнысының пәленбай жылдан кейін кездейсоқ кездесуі үшін ішпейміз бе?

-Пәленбай жыл дейсің,ә,-деп Зейнеш жеңгем ойланып қалды. –Иә, отыз жылдай болып қалыпты ғой. Сонда сен қаншада едің?

-Он үште болатынмын, жеңеше…

-Ал, мен жиырма сегізде ғана едім-ау…Қайтейін, ойнақтап жүріп от бастым ғой. Кетпейтін едім, елдің өсегі жанымды қойды ма? Екі ортада қой аузынан шөп алмайтын Құдай қосқан қосағым Ынтықбайдың әруағын қорлап кеттім-ау…Мен жақсы болғанда, адал болғанда оның аты өшпес еді-ау…Қазір кім тұрып жатыр біздің үйде?

-Білмеймін. Қарақалпақстаннан келген оралмандар тұрып жатыр-ау, шамасы.

-Ауылды еске алсам – ет бауырым езіліп кетеді,-деп ол кісінің даусы дірілдеп, көз жасы мөлтілдеп шыға келді.- Қайтейін, бәріне өзім кінәлімін. Атың өшкір Тайлақбаймен байланысып нем бар еді? Оның көк бет долы әйелі шашымды жұлып, жерге аунатып бетімді тырнаса да жеңіл жүрісімді тия алмадым емес пе? Ақыры не болды? Ел-жұртқа, ағайынға таза масқара болып бір күнде үдере көшіп кеттім…Айтпақшы, Тайлақбай тірі ме, өзі?-деді Зейнеш бет-жүзін жайлап кеткен көз жасын қолының сыртымен сүртіп жатып.

-Тірі. Бірақ,, аяқ-қолы жансызданып, сал болып қалған. Әйелі күн бермеген соң Жыңғылсайдағы әпкесі алып кеткен деп есткем. Қазір сол Жыңғылсайда шығар.

-Ал, әйелі қайда?

-Әйелі қайда болушы еді, үйінде. Бақуат тұрады. Екі күйеу баласын қыздарымен қоса малына салып қойған. Ашуы келсе күйеубалаларын да аямай сабайды деп жүр ғой, осы жұрт.

-Құрысын, атын есітсем-жүрегім зырқ ете қалады. Шашымды бір уыс қылып жұлып, бетімді аяусыз тырнаған жауыздығын өле-өлгенше ұмыта алмаспын.

-Ал, жеңеше мынаны да алып жіберейік,-деп мен сөз арнасын басқа бағытқа бұрып жібердім. Иә, ішіне запыран толып, көп жылдардан кейінгі кездесу Зейнешті сірә қатты толқытып жіберсе керек. Тыжырынбаған күйі үлкен стақанды қотара төңкеріп тастады. Үн-түнсіз кеспесінен еті көп сорпаны сораптай ішіп отырмыз. Шынымды айтсам, арақтың қызуы бойымды балқытып барады. Ойыма бұдан отыз жыл бұрынғы өзім куә болған оқиға түседі. Бір қызығы, арада қаншама жылдар өтсе де, санамда еш өзгеріссіз сол оқиға өшпестей жазылып қалыпты…

…Қазір ғой, жау ұшақтары бейне бір бомбалап тастағандай әр ауылдардағы ферма, гараждардың тып-типыл болып өтпелі кезеңнің ықпалымен қолдан қирап қалғаны. Ал, ол кезде колхоздардағы мал фермалары қысы-жазы жұмыс істеп тұратын. Түнге қарай электр шамдары саумаладай жарқырап, еңбек қарқыны еш уақытта бәсеңдемейтін. Біздің ауылда да кезінде сиыр сауатын, бұзаулар тұратын фермалар болатын. Сол жерде менен алты жас үлкен әпкем де сауыншы болды. Ол кезде мен жетінші класта оқитынмын. Қолым сабақтан босағанда фермаға келіп, әпкеме жәрдем беріп тұратынмын. Сиырларының шөбін салысам, малағын шығарам…Ферманың өзі біздің үйден онша қашық болмайтын. Екі жүз метрдей жүрсең болды, сарайға адаспай аяқ тірейсің. Зейнеш жеңгей де фермада сиыр сауатын. Жаңа әңгімеміздің басында айтып өттім ғой, оның озат сауыншы болғанын, суреті колхоздың Құрмет тақтасы мен газеттен түспейтінін…Өзі де сол кезде әдемі еді. Қарақаттай мөлдір көздері жәудіреп, қою қара шашы ақ халатының сыртына шығып, өзіне сондай жарасып тұратын. Жан баласына бұйырып сөйлемейтін. Бар жұмысты күліп жүріп өзі тындыратын Зейнешті фермадағылардың бәрі жақсы көретін. Әсіресе, еркектер жағы гүлді көрген көбелектей ол не айтса да ұшып кетуге әрқашан да әзір екендіктерін байқатып алатын.

Бір күні ауылдың ескі клубында үнді киносы болатын болды. Үйдегілер бір ауыздан сол киноға баруға дайындалып жатты. Бірақ, бір әттегені-айы дәл сол күні әпкемнің қоңыр пальтосы фермада қалып кетіпті.Ал, пальтосыз киноға қалай бармақ? Енді не істеу керек? Әпкем амалы жоқтықтан маған келіп жалынды. Егер фермаға барып пальтомды әкеліп берсең ақысына бір сом берем деді. Ақша берем дегені құлаққа жаққанымен бірден көне қоймадым. Өйткені, қараңғы түсіп қалған еді. Қорқамын, бара алмаймын деп кергідім.

-Қорықсаң –Бөрібасарды ертіп алсайшы,-деп әпкем де қиылып қоймады.

-Жарайды, барайын. Бірақ, алдымен ақшаңды бер,-дедім қасарысып. Ақшасын берді. Оны жақсылап қалтама салып алдым. Одан әрі Бөрібасар екеуіміз фермаға қарай бет алдық. Келсек,, сарайдың шығыс жақтағы қақпасын іштен іліп қойыпты. Оның ар жағындағы кішкене есікті итере жүріп, әрең дегенде ішке кірдім. Ұзын тіреудегі шегеде ілулі тұрған әпкемнің пальтосын алып, енді қысылыспай басқа есіктен шығайын деп ойладым. Сиырлар тұратын сарайдың ішінде ешкім жоқ. Әлектр шамдары самаладай жанып тұр. Даладағыдай емес, ішінде малдар болған соң ба, сарай іші жып-жылы. Кей сиырлар жатып алып, күйіс қайырып тұрса, кейбірі құрғақ шөпті бырт-бырт үзіп жеп тұр. Әпкемнің пальтосын қыса ұстап келе жатқан мен кенеттен жердің астынан шыққандай күңгірлеп шыққан дауыстарды есітіп, селк етіп тұра қалдым. Әлгінде сарайдың ішінде ешкім жоқ сияқты еді, бұл дауыстар қайдан шығып жатыр? Жоқ әлде, мал бағушылар ма? Жан-жағыма барлай қарасам, өз орындарында қаз-қатар тұрған сиырлардан басқа ешкім көрінбейді. Құлағыма шалынған әншейін бір нәрселер шығар деп алға жүре беріп ем, булыққан, ыңыранған дауыстар тағы шықты.

-Ту-у, қытығымды келтіріп жібердің ғой. Жайырақ сүйші, жаным…-деген әйелдің қылымси шыққан дауысын анық есіттім.

-Қайтем енді, өлем бе? Бір сен үшін бәрін де таза жиып қойдым емес пе? Ой, жаным сол…Ақ тамағыңның иісінен айналдым. Тағы, тағы да сүйейінші жаным! Жер астынан күңірене шыққан бұл дауыс еркектің даусына ұқсайды.

-Ойбай-ай, ойбай, тұншықтырып жібердің ғой… Не бәле, ту-у, аузың сасып кетіпті ғой . Күні бойы пияз жегенсің бе? Жоқ әлде, үйіңде пияздан басқа еш нәрсе жоқ па? Әйелің саған пияздан басқасын бермейді-ау, шамасы…Шыныңды айтшы, Тайлақбай?-деп әйел сыңғырлай күлді.

-Соның атын бүгін атамашы, жаным. Сенен өтінемін,-деген еркектің даусы гүрілдей шықты да сол сәт олар күреске түскен палуандардай опыр-топыр болды да кетті. Сонда ғана байқадым, сүт қабылдайтын жердегі шағын жайдан шығып жатыр екен әлгі күбір-күбір сөздер. Бірақ, өздері көрінбейді. Соған қарағанда екеуі дәуде болса бос ақырға жайғасқан-ау деп шамаладым. Даусы сондай таныс Тайлақбай дейтін еңгезердей жігіт осы ферманың сиырын бағады. Ал, қасындағысы Зейнеш сияқты. Өйткені, сыңғырлаған әсем күлкісі құлаққа сондай таныс…

-Тоқташы енді, жаным! Жыртасың ғой… Сәл шыдай тұршы. Не болды, соншама, бұл тірліксіз-ақ көңілді жатуға болмай ма? Әбизәтілні, осыған баруымыз керек пе? Әйел шамалы бұлқынғандай болды.

-Өмірдің бар қызығы- осында болып тұрған жоқ па? Жаным-ау, сенің әр бір қылығыңды көз алдыма елестетіп өлетін болдым ғой. Болшы тезірек, шыдай алмай өліп барам…Тайлақбайдың қазандай басы сол сәт ақырдан бір көрініп барып жоқ болды.

-Өліп бара жатсаң-әйелің бар емес пе?

-Ол әйел емес. Ол әншейін тас мола ғой. Айтпашы оны, жаным. Одан кейін ақырдың ішінде тағы дүбір-дүбір басталып кетті де бір кезде әйелдің:

-Ойбай, ақырын!-деген даусы қатты шығып кетті. « Оһ, жаным-жамбасым!»-деді оған жауап орнына Тайлақбай әндете үн қатып.Еркек пен әйелдің жер астынан күмбірлей шыққан дауыстары пышақ кескендей сап тиылды да одан әрі шектен тыс «аһ,уһ» деп ыңырси шыққан дауыстары еміс-еміс есітіліп жатты…

Ал, мен оқтау жұтқандай сол жерде тапжылмай тұрып қалыппын. Көкейімде еркек пен әйел дегеннің қандай болатыны, олардың қандай сұм әрекетке баратынын әлі де мойындай қоймайтын бір сезім билеп тұрған еді. Менің пайымдауымша өмірге ұрпақ әкелу адал жандар арасында былайша болмаса керек еді. Сөйтсем, үлкендер жағы адамның аузы бармайтын тағылық әрекеттерге осылай барады екен-ау…Сол кезде он үш жастағы періштедей тұнық менің балғын жүрегімде үлкендерге деген жиренішті сезім бүршік жарып тұрған еді. Мұндай сұмдықты бұрын көрмеген мен әлгі қарғыс атқан жерден тезірек сытылып шығып кетпек болғам. Қас қылғанда аяғым малақ сыратын кетпенді қағып кетіп, ол шелекке соқтығысып, бір сәтте сарай іші азан-қазан болды да кетті…Шалбарының ауын асығыс түймелеп жүгіріп келген Тайлақбай мені көріп, состиып тұрып қалды. Сасқанынан:

-Неғып жүрсің мұнда, інішегім-ау,-деп жорта қақырына-түкірене берді.

-Әпкемнің пальтосы осында қалып кеткен екен. Соны алуға келдім,-дедім жайбарақат өзімше ешнәрсе білмеген болып.

-Әй, Тайлақбай ол кім екен?-деп үсті-басын түзеген болып Зейнеш те жанымызға келді. Қызыл шырайлы жүзі ерекше құлпырып кеткен оның тамағының үш-төрт жерінде қып-қызыл белгі қанталанып білініп қалыпты. Қос анары бұлтиып тұратын көйлегінің алдыңғы түймелерінің орны ауысып кеткен. Бірақ оған қарайтын Зейнеш пе, келіп менің басымнан сипалай бастады.

-Ә, кім екен десем, өзімнің кішкене қайным екен ғой. Әпкеңнің пальтосын алуға келдің бе? Өй, айналайын сол!-деп барынша сыңғырлай күліп болған оқиғаны білдірмеуге тырысты. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей Тайлақбай қалтасын ұзақ қармалап, бүтін үш сомды алып шықты.

-Мә, мынаған кәмпит алып же. Бірақ, бүгінгі көргеніңді ешкімге де айтушы болма. Біле білсең сен де еркексің, мен де еркекпін. Ал, нағыз еркектер бірін-бірі ешқашан да сатпайды. Кейін үлкен болғанда бәрін өзің түсінесің. Келістік пе?

-Келістік,-дедім мен. – Менен қорықпай-ақ қойыңыздар. Ешкімге де айтпаймын. Бірақ, мына ақшаларыңызды алмаймын. Маған керек емес.

-Жоқ, оның болмайды,-деп Тайлақбай үш сомды енді менің қалтама өз қолымен тықпалады.

-Сен қай класта оқисың?

-Жетінші.

-Онда кітап-дәптер сатып аласың. Болмаса киноға барасың. Жігітке ақша қашанда да керек болады. Мүмкін қыздарға подарка аларсың. Әзірге осыған қанағат ете тұр. Кейін айлық алғанда Зейнеш апайың да саған бір сыйлығын жасар.

-Неге жасамаймын? Әдемі көйлек сатып әперемін, мұндай әдемі қайныма,-деп Зейнеш сөзінің аяғын өзінің сыңғыр күлкісімен бітірді. Сонымен қойшы, олар мені сол түні барынша ырза етіп шығарып салды. Енді фермаға барған сайын ғашық жандар менің қимас жандарыма айнала бастады. Бала ғой деп жатсынбай бар сырларын ақтаратын болды. Сөйтсем, олар бұрыннан бірін-бірі ұнатады екен. Оның үстіне сүймей қосылған Тайлақбайдың әйелінің күйеуіне деген мейірімі мүлде жоқ көрінеді. Өз әйелінен алмаған жылы шуақты Тайлақбай көкем Зейнеш жеңгемнен тауып жүр екен. Сұлу келіншек басында Тайлақбайды маңына жолатпапты. Бірақ, уақыт өте келе өзін құлай сүйген ер азаматтың жан сырын, іңкәрлігін байқайды. Осылайша екі ұдай сезімде жүрген кезде Зейнештің науқас күйеуі дүниеден өтеді. Сонымен, өмірден талай соққы көріп жүрген сырлас әрі мұңдас қос мұңлық бір-біріне иек артады. Кездескен қиыншылықты бірге бөлісуге ұмтылады. Олардың бақыттарына орай бір-біріне деген ыстық ықыластарының дәнекері болып мен қосылдым араларына…Қос ғашық енді көпшіліктен жасыратын сырларын мен арқылы жеткізетінді шығарды. Екеуінің сағынышты хаттарын, сәлемдемелерін мен тасып жүрдім…Обалы не керек, менің елеусіз еңбегім ескерусіз қалып жатпады. Қалтам ақшаға толып жүрді. Кейінірек екеуінің махаббаттың ыстық отына шарпылып жатқандарының үстінен Тайлақбайдың әйелі Пістекүл түсіп қалмай ма? Бұрқ етіп қызғаныштың қызыл иті басына бір-ақ шыққан Пістекүл қолына түскен күрекпен күйеуінің желкесінен бір-ақ ұрған… Оны естен тандыра домалатып күндесіне ұмтылғанда кімге жан беру оңай дейсіз, Зейнеш ышқына орнынан тұрып, ұстатпай кетеді… Одан арғысы тура кинодағыдай болады. Зейнеш жеңгей бір түнде өз төркіні-Жуалыға көшіп кетеді. Ал, әйелінен оңбай таяқ жеген Тайлақбайдың одан кейінгі тағдырын адам баласының басына бере көрмесін. Бұрыннан ит пен мысықтай болған олардың тірліктері одан кейін мүлде қабыспай кетеді. Күрекпен ұрып желкесін шығарғаны аздай Пістекүл төрт інісін ертіп келіп, күйеуі өлімші етіп сабатқызады. Осы соққының әсерінен Тайлақбай ақсап қалып, кейін мүлде жүре алмайтын сал болып қалады. Тамақты да бірде беріп, бірде бермей Пістекүл есіл азаматты әбден қинайды. Ақыры Жыңғылсайда тұратын әпкесі өз бауырын қолына алып, өзімен бірге алып кетеді. Міне, содан бері біраз жылдар өтті, Пістекүлдің күйеуінің артынан іздеп бармағанына…

-Жуалы жақта да сауыншы болдым,-дейді менің ойымды дөп басқандай Зейнеш жеңгем, -Бірақ, ол жерде дәл ауылдағыдай құрметке жете алмадым. Оның үстіне өз төркініңде бәрі алақаныңдай көрініп тұрады. Сәл көзге түссең болды, өсекке қаласың. Бағымды сынап, екі рет тұрмысқа шыққан едім, жолым болмады. Сосын болмаған соң қайтыс болып кеткен анамның отын өшірмейін деп қара шаңырақта тұрып жатырмын. Бір өзім тұрғанша ермек болсын деп Ванновкада тұратын үлкен әпкемнің қызын асырап алғанмын. Шамамның келгенінше ол қызды оқыттым, шоқыттым. Бірақ, жұмыс істеуге мұрша бермей Ақбиіктің жігіттері алып қашып кетті. Ертең құдай қаласа соның тойы. Құдалығымен қоса шақырыпты. Соған анау-мынауды қарыштап жүрмін. Сені базарда кездестіріп, жастық шағым көшіп келгендей қуанып отырғаным осы еді, қарағым. Міне, бір кездегі сұлу жеңгеңнің өмір тарихы осылай, қайным.

-Сіздің әңгімеңізден кейін әлгі ішкен арағымыз бойымызға жұқ та болмады ғой. Тағы да қайталап жіберсек қайтеді, жеңеше,- дедім мен де ауыр ойдың қыспағынан қалай құтыларымды білмей.

-Қайталасақ –қайталайықшы. Тіпті «айғыр» стақанға тапсырыс берсең де болады. Енді маған бәрібір. Бүгін ішпегенде қашан ішеміз? Жуалыға жеткенше тарап кетеді. Ақыры болары болды ғой.

Мен даяшыға тапсырыс бергенше тыстан қалың киінген екі келіншек біз отырған асханаға кіріп келді.

-Ту-у, әпке-ай, қай жақта жүрсіз? Сізді іздемеген жеріміз қалмады ғой. Болыңыз тезірек. «Газель» келіп қалды. Жүктерді ішке тиеуіміз керек.

-Қазір, сәл күте тұрыңдар. Мына қайным жолығып қалып…Әй, інім-ай, әкелсеңші тезірек жаңағыңды… Зейнеш жеңешем екеуіміз даяшы жігіт әкелген «айғыр» стақанды соғыстыра-моғыстыра асығыс тартып салдық.

-Ал, жақсы ерке бала. Менен еліңе сәлем айт. Бір кездегі озат сауыншы Зейнешті әлі ауылдағылар ұмыта қоймаған шығар. Өзің қайда жүрсең де аман бол!-деп маңдайымнан сүйіп, асыққан күйде кете барды. Қоштасар сәтте даусының дірілдегенін де, көзіне іркілген бір тамшы жасты да байқап қалдым. Күтпеген кездесуден менің де көңіл-күйім нілдей бұзылып сала берді. Сіз де қайда жүрсеңіз аман болыңыз, Зейнеш жеңеше дей бердім іштей күбірлеп.

Иә, отыз жыл тісімнен шығармай сары майдай сақтаған сырымды именбей сыртқа енді шығарсам, мені неге олай еттің деп ешкім де кінәлай қоймайтын шығар…

Түркістан облысы,

Түлкібас ауданы.

 

ЕСЕПТІ КЕЗЕҢДЕ 36 ИНВЕСТ ЖОБАМЕН КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Алдыңғы

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ: “ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ” ВОЛЕЙБОЛДАН ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *