«Біздің жастық шағымызды айтам, бір қызықты еді ғой,- дейді күліп ол. – Бәріміз бір кісінің баласындай автобусқа мініп алып жаз бойы шопандар мен астық жинаушыларға өнер көрсетеміз. Арамызда кейде Оңтүстік Қазақстан облысының бас ақыны Көпбай Омаров (мектепте мұғалім болатын), өңірімізге белгілі айтыскерлер Тұрғанбай Егізбаев, Заманхан Жанысбаев ағалар айтысып, жырдан шашу шашса, әншілер Ермахан Бегалиев, Әдиша Омарова, Темірбай Асанов, Сәрсен Нартбаев, Мамыр Ертаев, Гүлназ Тұрсынбаева, Нұркен Әліпбек және тағы басқалар дала қосында ән салып, скетчтерде ойнаймыз. «Өнерпаздар келе жатыр» дегенді естіген ақкөңіл шопандар қой сойып, ет асып, құдасындай күтеді. Ал «Алтын күз» мерекесі кәдімгі аудан тойындай болып керемет мерекеленетін. Сол бір күндерді сағына еске аласың. Қазір арамызда өнерімен талай жанның ризашылығына бөленген үш ағамыз, әншілер Ермахан, Әдиша, режиссер Гүлназ да жоқ»,- дейді сонау жастық шақтан бірге өскен әнші құрбым Мәнзура Есетова өткенге көз жібере.
Иә, Мәнзура Темірландағы орта мектепті бітірген соң, Жетісайдағы мәдени ағарту техникумын тәмамдап, Темірлан мәдениет үйіне әнші болып орналасады. Сонан бастап мәдениеттің ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп, шаршамай зейнетке шыққанша қырық жыл еңбек етті. «Ол кезде қай бір асфальт жол бар дейсің, ауылдарға іссапарға шыққанда жазда шаңға көміліп, тегін пудра жаққандай көліктен түсіп жатсақ, қыста жанымызды шүберекке түйіп, тайып кетпей, діттеген жерге жеткенімізге қуанатынбыз. Бірде көктемде шопандарға өнер көрсетіп келе жатқанымызда автобусымыз жолдан тайып, аударылуға сәл-ақ қалды. Мен шекемді автобус орындығына ұрып, жарып алдым. Сондай да күндер өткен»,- дейді ол сол бір күндерді еске түсіре.
Ордабасыдай киелі ауданның Темірлан атты орталығы бар. Осы өңірде елге белгілі журналист, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар бойы Ордабасы ауданның меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарған белгілі қаламгер, атақты ақын Төлеген Айбергенов пен ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың досы Бердуәлі Тұрмаханбетов пен көп жылдар бойы шаруашылықтарда зоотехник болып істеген, бірақ өнер десе ішкен асын жерге қоятын, халық әндерін шебер орындайтын, өзі де бірнеше ән шығарған Аманкелді Тұрмағаханбетовтың таза еңбекқор, бойындағы өнерін ешкімге көрсетпейтін Сыламбек Есетов атты інілері бар. Сол Сыламбектің тұңғышы, кішкентай қара қыз Мәнзура жастайынан домбыраны үйреніп, мектепте оқып жүрген кезінен бастап көпшіліктің алдында ән салып өсті. «Менің қара қызыма ешкім жетпейді» деп әкесі Сыламбек оны мақтаныш көре, еркелететін. Сол қара қыз есейе келе әннің арқасында өзі қатарлы талай әншілермен достасты. Марқұм, бәйдібектік Гүлсім Әділбековамен танысып, жақын араласып, талай той-жиындарда бірге өнер көрсетті. Нышан Төлегенов, Ғалия Масаурова, Гүлбала Әбуова, белгілі айтыскер, сіңлісі Карима Оралова, әнші Нұргүл Алтынбекова және тағы басқаларымен достықтарын үзген емес. Оларға қашан да есігі ашық. «Құрманәлі Жылқыбай басқарып отырған ұжымда бір топ өнерпаздар халыққа қызмет етуде. Перизат Баймаханова, Гүлзина Балабиева, Біржан Қалыбеков, Берік Бейсенбай, Нұрбек Ескермес, Серік Айтбай сынды өнерпаздар қазір аудан өнерін дамытуға барынша үлес қосып келеді»- дейді зейнеткер құрбым.
Ұлы Жеңісінен бірнеше немере сүйіп отырған Мәнзура қазір қадірлі әже. «Кейде үйде ән салып, рахат күйге бөленемін. Бұл өнер қашан да сыртқа шыққысы келіп тұрады ғой. Репертуарымда халық әндері мен қазақ композиторларының 100-ден аса әні бар. Аманкелді ағамның «Ордабасы» атты әні қазір онша айтылмай, қалыс қалып барады. Осы әнге клип түсіріп, орындасам деп жүрмін. Бұл ән қасиет қонған Ордабасы өңірінің сұлулығы мен тарихын көз алдыңа келтіреді. Жалпы, жастарға рух беретін шығарма» дейді ол.
Қазақтың қос ішекті домбырасымен сахналарда ән сала жүріп, Темірлан халық театрында талай спектакльдерде басты рөл ойнаған құрбымды бүгінгі мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Қашан да жүзің жарқырап, абырой биігінен көріне бер!
Базаркүл ҚАЛБЫР.
Comments